Нұр-Сұлтан өкілдігі бойынша 500 отбасыға азық-түлік таратылды (ФОТО+ВИДЕО)

07 қыркүйек 2020 1150 0
Оқу режимі

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйытқы болуымен еліміздің барлық өкілдіктерінде жөні бөлек қайырымдылық шарасы болып өтті. Жөні бөлек дейтініміз, бұл қайырымдылық шарасы жүздеген жанды бауырына басып, аналық мейірімін аямаған Әбдімәлікқызы Бибі Жамал апамыздың өмірден өткеніне қырық күн өтуіне орай өткізіліп отыр. Асыл анамыздың артында қалған ұрпақтары жұқпалы індет қаупі өршіп тұрған кезеңде еске алу рәсімін осылай өткізуді жөн санап, игі бастама көтерді. Айта кетейік, еліміздің барлық өкілдктерінде өткізілген шара аясында жалпы саны 6 300 отбасыға азық-түлік сөмкелері таратылып берілетін болады.

Сексенге қараған шағында дүниеден озған Жамал апамыз қашанда қайырымдылықтың қайнар көзі болған жан еді. Саналы ғұмырында жүздеген балаға жүрек жылуын төккен Жамал апамыз өз қолымен 67 отбасыға баспана кілтін сыйлап, 80 астам адамға қажылыққа тегін аттандырған. Кешегі Арыс қаласындағы жарылыста, Мақтарал мен Қызылағаш ауылдарындағы су тасқыны кезінде де мейірбан анамыз жылаған жұрттың жанынан табылып, оларға демеу бола білді. Елімізде өткізілген республикалық Құран жарыстары мен Мәуліт кешетеріне сан мәрте демеушілік жасаған жомарт анамыздың дінге де құрметі алабөтен ерекше болатын.

Асыл әжені еске алу арналған қайырымдылық шарасы ел астанасындағы республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінде басталып, қала бойынша 500 отбасыға азық-түлік сөмкелері таратылды. Шара аясында марқұмның рухына арнайы Құран бағышталып, дұға жасалды. Нұр-Cұлтан қаласының бас имамы Ерболат Жүсіпов анамыз жайлы аз-кем естелікпен бөлісіп, туған-туыстарына жұбату айтты.

Мешіт қызметкерлері мен өкілдік жанынан құрылған «Шарапат» еріктілер тобының мүшелерінің қатысуымен бұдан соң тарату жұмыстарына кірісіп, азық-түлік сөмкелерін мұқтаж отбасылардың үйлеріне жеткізіп берді.

Суреттерді «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру