Нұр-Сұлтан өкілдігі бойынша бүгін 450 қой сойылды (ФОТО+ВИДЕО)

20 шілде 2021 4057 0
Оқу режимі

Бүгін қасиетті Құрбан айт мейрамы басталып, исі мұсылман жұртшылығы ұлық мерекені барынша сауапты өткізуге кірісіп кетті. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтқандай, мұсылман жамағатының айт күнгі алғашқы атқаратын ісі – намаз оқу, одан кейінгі амалы құрбандық шалу болып табылады. Елдегі пандемиялық жағдайға байланысты кей өңірлерде айт намазы оқылмағанмен, құрбандық шалу ісі санитарлық талаптарға сәйкес жүргізілу үстінде.

Құрбан айт мерекесінің алғашқы күні ҚМДБ Нұр-Сұлтан қаласы өкілдігі бойынша құрбан шалу рәсімі таңғы сағат сегізден басталып та кетті. Жергілікті әкімдік қолдауы арқасында қала бойынша биылғы жылы төрт нысан QURBAN2021.KZ жобасы аясында жұмыс жасауға жұмылдырылған болатын.

Қала бас имамы Ерболат Жүсіпов бастаған өкілдік қызметкерлері төрт нысан бойынша құрбан шалу рәсімін атқарып, QURBAN2021.KZ сайты арқылы тапсырыс берген жандардың аманатын мүлтіксіз орындауға тырысты. Әрбір тапсырыс берушінің құрбандығын сою барысынан видео есеп әзірленіп, бүгін бірден иелеріне жөнелтіліп отырды.

Айта кетейік, өкілдік қызметкерлерінің ұйытқы болуымен айт мерекесінің алғашқы күні Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 450 қой және 21 сиыр малы құрбандыққа шалынды. Құрбандық еттері сол жерден бірден бөлшектеліп, арнайы пакеттерге бөлініп, еріктілер арқылы мұқтаж жандардың мекенжайына жол тартты. Игілікті шара айт мерекесі бойы, яғни үш күнге созылатын болмақ.

Суреттерді «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!

Дереккөз: Muslim.kz

Пікірлер Кіру