НҰРБЕК ҚАЖЫ ӘУЕСХАНҰЛЫ: ҰЛТТЫҚ ДҮНИЕТАНЫМНАН АЛЫСТАМАЙЫҚ 

01 шілде 2026 130 0
Оқу режимі

Бүгін Астана қаласының бас имамы жұмыс кестесіне сай өкілдікке қарасты «әс-Сәлам» және «Төлебай» мешіттеріне барды.

Ең алдымен «әс-Сәлам» мешітінің қазіргі жай-күйімен танысып толық аралап шықты. Құлшылық үйінің имамы Дастан Зияшұлы жамағатқа бес уақыт намаздардың толық орындалып, жұма намазы және уағызы кестеге сай жүріп жатқанын сондай-ақ шәкірттерге дәрістер тұрақты өтетінін мәлімдеді. Бас имам өз кезегінде мешіттің тазалығына мән беру, жамағатпен жұмыс – басты міндет екенін, одан бөлек жат ағыммен жұмыстың тоқтамауын қадағалау керегін баса айтты.

Кейін бас имам бастаған жұмыс тобы қаладағы алғашқы мешіттердің бірі саналатын «Төлебай» мешітін зиярат етті. Әділхан Серікбайұлы құлшылық ордасының ауласынан бастап, ішіндегі кілемге дейін жаңарғанын, жарық шамдарының толық ауысқанын айтып одан бөлек руханиятқа қатысты жамағатпен атқарылып жатқан шаруаларды баяндап өтті. Бас имам дін жолындағы аманатқа берік, әр іске жауапкершілікпен қарауға шақырды.

«Мешіт – Алланың үйі. Біз осы дін аманатын адал атқаруға тиіспіз. Насихатымыз нық, ойымыз анық, жамағатымыз дін мен дәстүрге берік болғанын қалаймын. Біз әрқашан ұлттық дүниетаным айналасында өмір сүруге тиіспіз. Соның бірі төл аспабымыз домбыра. Кейбір сырттан келген топтар өзге де жамағат арасында домбыраның харам екені айтылып қалады. Бірақ біз сан ғасыр бойы бабаларымызбен бірге жасасып келе жатқан рухани мұрамызға құрметпен қарауға тиіспіз. Имамдарымыз да ұлттық мұрамызды жаңғырту жолында насихатын жеткізуі тиіс. Елімізде шілде айында Ұлттық домбыра күні атап өтіледі. Оның бәрі біздің төл өнер, құнды жәдігерімізге құрмет. Біз де сол жолда, бабалар жолында дін мен дәстүр құндылығына сай қызмет етейік» - деді бас имам.

Мешітте өткен кездесу барысында өзге де негізгі мәселелер қаралып, қайырымдылық, рухани дәріс, жамағатпен тұрақты байланыс жағы баса айтылды.

Суреттер толығырақ «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарында!

Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру