ОРАЗА АЙТ-2025: «ӘЗІРЕТ СҰЛТАН» МЕШІТІНДЕ ҰЛТТЫҚ СПОРТ ТҮРЛЕРІНЕН САЙЫС ӨТТІ (ФОТО)

«Әзірет Сұлтан» мешітінде Ораза айт намазынан кейін ұлттық ойындардан сайыс өтті. Жамағат арқан тартыс, қошқар көтеру, бөрене көтеру, қол күрес, асық ату сынды ұлттық ойындарда өз өнерлерін көрсетіп, бақтарын сынады.
Жарысқа қатысушылар күш пен ептіліктерін сынап, жеңіске деген жігер танытты. Әсіресе, қошқар көтеру мен бөрене көтеру сайыстары көпшіліктің қызығушылығын оятты. Жас жігіттер қайсарлық пен төзімділік танытса, арқан тартыста командалық рух пен бірліктің маңызы айқын көрінді.
Мерекелік шараның ажарын ашу үшін мешіт маңында киіз үйлер тігіліп, келген жамағатқа арнайы дастархан жайылды. Ұлттық тағамдар қойылып, айттың құрметіне қонақтарға бауырсақ, қымыз, шұбат және наурыз көже ұсынылды. Жамағат бір-бірімен ақжарма тілектерін айтып, мейрамның берекесін сезінді.
Сайыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы сыйлықтар табысталып, мешіт ұжымы барлық қатысушыларға алғысын білдірді. Ұлттық дәстүрді дәріптеген бұл шара жамағаттың рухани әрі мәдени байланысын нығайтып, мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі