Қала бас имамы CALL орталық мамандарымен кездесті
Бүгін Астана қаласының бас имамы Нұрбек қажы Әуесханұлы Діни ақпарат беру орталығы (Call орталық) мамандарымен кездесті. Кездесуде негізінен орталықтың жұмысы сөз болды. Бас имам діни ақпарат беру орталығының жұмысын жақсарту, діни сенім мәселесінде әдеппен әрі нақты жауап беру, мүфтият тарапынан шығатын пәтуалар, жаңалықтар, мәлімдемелерді дер кезінде қарап, жамағаттың сұранысына сай жұмыс істеу керегін баса айтты.
«Сіздер көп жағдайда адамның мешітпен, дінмен алғашқы байланыс нүктесісіздер. Телефондағы бір ауыз жылы сөзіңіз не болмаса артық сөз адамның дінге деген көзқарасын өзгертуі мүмкін. Әр қоңырауға аманат ретінде қараңыздар. Алла Елшісінің «Кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірсе, жақсы сөз айтсын немесе үндемесін» деген хадисін білеміз. Біздің бірінші біліміміз емес әдебіміз жүруі тиіс. Ақпараттың дұрыстығын тексеріп алыңыздар. Әр жауап адамдардың сеніміне әсер етеді. Әр сұрақтың астында біреудің тағдыры жатыр. Сондықтан неке, отбасы, жаназа, мирас, намаз, ораза сынды өзге де құлшылыққа қатысты сұрақтарға нақты көркем түрде жауап беріңіздер.
Мен қызметке келгенде алға қойған басты талаптарымның бірі елорда имамдарының осы астанаға сай статуста болуы. Оның ішінде білімі, білігі, әдебі, тағылымы бәрі бар. Үнемі білім жетілдіру. Фиқһ, ақида, отбасы, мирас, құлшылық мәселелері бойынша тұрақты түрде білімді жаңартып отыру керек. Білім тоқтаған жерде қателік көбейеді. Сосын жиі қойылатын сұрақтарды саралап отыру қажет.
Тағы бір айтатын дүние Сіз жай ғана сұраққа жауап беруші оператор емессіз, адамдарға дұрыс жол, дұрыс сенім көрсетуші қызметіндесіз. Әрбір дұрыс жауап сауабы үзілмейтін садақа болуы мүмкін. Әлбетте Сіздердің қызметтеріңіз көзге көп көріне бермейді бірақ мыңдаған адамның көңіліне тыныштық сыйлап, олардың дұрыс шешім қабылдауына себеп боласыздар» - деді бас имам.
Кездесуде орталыққа жауапты жеті имам жұмыс барысындағы негізгі мәселелер, ескеретін жайттарға тоқталып ұсыныстарын жеткізді. Оның ішінде әйел жамағатынан келетін көптеген сұрақтар бар екені айтылды. Бас имам өз кезегінде мешіттерден әйел ұстаз бөлу жағын қарастыратынын жеткізді. Сондай-ақ жиында діни ақпарат беру орталығына жауапты мамандардың әлеуметтік жағдайы да сөз болды.
Айта кетейік 2018 жылы құрылып аптасына үзіліссіз 7 күн жұмыс істейтін орталыққа айына шамамен мыңға жуық сұрақ келіп түседі. Оның 400-ден астамы құлшылыққа қатысты, отбасылық мәселелер бойынша 150, жат ағымға қатысты 15, қарыз, сауда бойынша 100 және өзге де тақырыппен 250-ге жуық қоңырау соғылады. Қоңыраудан бөлек WhatsApp мессенджеріне де сұрақтар келеді. Оған арнайы маман бөлінген. Сұрақтың басым бөлігі отбасы, неке, құлшылық сондай-ақ өздерін толғантқан жеке мәселелер бойынша да сауалдар келіп түседі дейді орталық мамандары.
Кездесу соңында бас имам әркез жіті байланыста болып, шынайы түрде жауап беріп орталық жұмысын әлде де көтеруге күш салу керектігін жеткізді.
.jpg)
.jpg)
.jpg)
.jpg)
.jpg)
.jpg)
.jpg)
.jpg)
Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі