Қала бас имамы олимпиада жүлдегерлерін марапаттады

04 мамыр 2026 216 0
Оқу режимі

Астана қаласының бас имамы Ерболат Жүсіпов елордадағы Астана медресе-колледжіне арнайы барып, білім ордасының ұжымымен және шәкірттерімен кездесті.

Кездесу барысында республикалық деңгейдегі олимпиадада жүлделі орындарға ие болған медресе шәкірттері салтанатты түрде марапатталды. Атап айтқанда, білім додасында жоғары нәтиже көрсеткен Сардар Абдурасулұлы мен Назым Қайратқызы І орын иеленсе, Нұрмұхаммед Аюбай мен Ақмарал Ғабитқызы ІІІ орынға лайық деп танылды.

Өз кезегінде қала бас имамы Ерболат Жүсіпов медресе директоры Оңғарбаев Қанат Қалымбетұлына білім ордасындағы жүйелі жұмыс пен шәкірт тәрбиесіне қосқан сүбелі үлесі үшін ризашылығын жеткізді. Сонымен қатар, шәкірттердің білім мен ғылым жолындағы жетістіктеріне үлес қосқан ұстаздар – Тамирлан Дарханұлы, Жолнұр Жақсылыққызы, Айбота Берікболқызы, Әділет Ахметұлына алғыс білдіріліп, арнайы марапаттар табысталды.

Жиын барысында бас имам білім алудың маңыздылығына тоқталып, діни және зайырлы ілімді қатар меңгерген, елге қызмет ететін білікті мамандарды тәрбиелеу – уақыт талабы екенін атап өтті. Сондай-ақ, шәкірттерге сәттілік тілеп, алдағы уақытта да биік белестерді бағындыруға шақырды.

Кездесу соңында жиналған жамағатқа тағылымды насихат айтылып, ел бірлігі мен рухани дамуға бағытталған ізгі тілектер білдірілді.

Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру