ҚАЛА БАС ИМАМЫ САРЫАРҚА АУДАНЫНДАҒЫ МЕШІТТЕРДІ АРАЛАДЫ
Астана қаласының бас имамы Нұрбек қажы Әуесханұлы Сарыарқа ауданында орналасқан мешіттерге барып, құлшылық ордаларының тыныс-тіршілігімен танысты.
Алдымен «Көктал» мешітіне ат басын бұрып, дін қызметкерлерімен кездесті. Мешіттің бас имамы Сәбит Ережепов мешіттің қазіргі жағдайы, жамағатпен атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
Нұрбек қажы Әуесханұлы өз кезегінде діни қызметтің жауапкершілігіне тоқталып, имамдарды бірлік пен ынтымақты сақтауға, жамағатқа көркем мінез танытуға шақырды. Сонымен қатар мешіт тазалығы, құлшылық ордаларының ішкі тәртібі мен келушілерге қолайлы жағдай жасау мәселелеріне ерекше назар аударды.
Одан кейін қала бас имамы «Шейх Кунта қажы» мешітіне барып, мешіттің бас имамы Өмірзақ қажы Қазкенұлымен жүздесті. Кездесу барысында мешіт ұжымы атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндап, тұрақты түрде өткізіліп келе жатқан дәрістер жайында мәлімет берді. Жуырда аяқталған «Имани жаз – 2026» жазғы сауат ашу курсының нәтижелері таныстырылып, шәкірттердің діни сауатын арттыру мен ұлттық құндылықтарды дәріптеу бағытында атқарылған жұмыстар сөз болды.
Жалпы кездесулер барысында Нұрбек қажы Әуесханұлы мешіттерде жүргізіліп жатқан жұмыстарды саралай отырып, діни-ағартушылық бағыттағы бастамаларды одан әрі күшейтудің маңызын атап өтті. Сонымен қатар мешіт қызметін жетілдіруге қатысты бірқатар ұсыныстарын ортаға салды.
Айта кетейік, қала бас имамы елорда мешіттерімен тұрақты байланыс орнатып, олардың жұмысына бағыт-бағдар беру мақсатында жүйелі түрде кездесулер өткізіп келеді.







































Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі