ҚАЛА БАС ИМАМЫ «ТӨЛЕБАЙ» МЕШІТІНДЕГІ МӘУЛІТ КЕШІНЕ ҚАТЫСТЫ

10 қыркүйек 2026 79 0
Оқу режимі

Астана қаласының бас имамы Нұрбек қажы Әуесханұлы өкілдікке қарасты «Төлебай» мешітінде өткен Мәуліт кешіне қатысты.

Кездесу барысында қала бас имамы мешіт жамағатымен жүздесіп, тағылымды насихат айтып, Мәуліт айының мәні мен маңызына тоқталды. Сондай-ақ Пайғамбарымыздың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өнегелі өмірі, көркем мінезі мен адамзатқа қалдырған өсиеттері жайында сөз қозғап, жамағатты ізгілікке, жақсы амалдарға ұмтылуға үндеді.

Сондай-ақ, Мәуліт кешіне «Төлебай» мешітінің бас имамы Әділхан Серікбай, мешіт қызметкерлері мен жамағат қатысты. Рухани кеште «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы Жұманазар Өсерханұлы Мәуліт жырын оқып, Пайғамбарымыздың өмір жолы мен көркем қасиеттерін дәріптейтін рухани жырдан тарту етті. Көршілікпен Алла Елшісіне салауаттар айтылды.

Кеш барысында қала бас имамы мешіттің ақсақалдарына арнайы сый-құрмет көрсетіп, қазақы жөн-жоралғы дәстүрімен иықтарына шапан жапты. Бас имам ел амандығы мен жұрт тыныштығын, мешіт жамағатының ауызбіршілігі мен ынтымағын тілеп, бата жасады. Ақсақалдар мен ақ жаулықты әжелер де ізгі тілектерін білдіріп, алғыстарын жеткізді.

Суреттерді толығырақ «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыз!

Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру