ҚАЛА БАС ИМАМЫ «ҮЗДІК ИМАМ – 2026» САЙЫСЫНЫҢ ҚАТЫСУШЫСЫНА СӘТТІЛІК ТІЛЕДІ

24 тамыз 2026 225 0
Оқу режимі

Астана қаласының бас имамы Нұрбек қажы Әуесханұлы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан биыл екінші рет ұйымдастырылып отырған «Үздік имам – 2026» республикалық сайысына елорда атынан қатысатын дін қызметкері Әділхан Оразды қабылдады.

Кездесу барысында қала бас имамы дін қызметкеріне сайыста бар білімі мен біліктілігін, тәжірибесі мен қабілетін лайықты танытып, елорда абыройын жоғары деңгейде қорғауына тілектестік білдірді.

Сондай-ақ, Әділхан Ораз «Әзірет Сұлтан» мешітінде намазға жиналған жамағатқа таныстырылып, ақсақалдар тарапынан ақ бата берілді.

Өз кезегінде Нұрбек қажы Әуесханұлы сайыстың маңызына тоқталып, Әділхан имамға ақжарма тілегін айтты.

«ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазіреттің басшылығымен өтіп жатқан бұл сайысқа үлкен мән беріліп отыр. Бұл – имамның тек діни білімін ғана көрсететін сайыс емес. Мұнда қазақтың бай салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы, терең тарихы, ұлттық құндылықтары және ҚМДБ бекіткен концептуалдық құжаттар аясындағы білімі де сынға түседі. Сондықтан бұл – имамның жан-жақты білімін, біліктілігін және парасатын саралайтын үлкен дода.

Республика бойынша қатысып отырған 20 облыс имамының қатарында болудың өзі – үлкен мәртебе. Сіз елорда атынан қатысып отырсыз. Алла Тағала біліміңізге береке беріп, сайыста абырой биігінен көрінуіңізді нәсіп етсін. Сізге сәттілік тілеймін!» – деді бас имам.

Айта кетсек, 2026 жылдың 26 тамызында Астана қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен «Үздік имам» ІІ республикалық интеллектуалды білім сайысы өтеді.

Республикалық деңгейде екінші рет ұйымдастырылып отырған байқауға еліміздің ірі қалалары мен облыстарынан іріктеу кезеңінен сүрінбей өткен 20 имам қатысады. Қатысушылар діни білім деңгейі, уағыз айту шеберлігі, жамағатпен жұмыс жүргізу дағдылары, сондай-ақ дін мен дәстүр сабақтастығын насихаттау бағыттары бойынша сайысқа түседі.

Суреттерді «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!

Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру