ҚАЛА БАС ИМАМЫ «ҮЗДІК ҰСТАЗ -2026» БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫН МАРАПАТТАДЫ
Астана қаласы өкілдігіне қарасты «Ырыскелді қажы» мешітінде мешіттерде діни білім беріп жүрген әйел ұстаздар арасында «Үздік ұстаз – 2026» байқауы өтті.
Байқау жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне Астана қаласының бас имамы Нұрбек қажы Әуесханұлы және «Ырыскелді қажы» мешітінің бас имамы Нұрлан Байжігітұлы қатысып, жүлдегер ұстаздарға арнайы марапаттарын табыстады. Сонымен қатар ұстаздарға еңбектерінің жемісті болып, шәкірт тәрбиелеу жолындағы қызметтеріне береке тіледі.
Бас имам Нұрбек қажы Әуесханұлы ұстаздықтың жай ғана мамандық емес, үлкен жауапкершілік пен қасиетті аманат екенін айтып, ұстаздың шәкіртке сабақ барысында білім берумен ғана шектелмейтінін жеткізді. Оның айтуынша, ұстаздың сөзі мен ісі шәкірттің дүниетанымына, мінезіне, көзқарасына және өмірлік ұстанымына әсер етеді.
«Шын мәнінде, білім – адамның жүрегіне жарық түсіретін нұр. Ал сол нұрды шәкірт жүрегіне жеткізетін тұлға – ұстаз. Дін жолындағы ұстаз ең алдымен білімімен ғана емес, мінезімен де тәрбиелейді. Оның сабыры – сабақ, әдебі – өнеге, әділдігі – тәрбие, мейірімі – шәкіртке үлгі», – деді бас имам.
Сондай-ақ ол діни білім беретін ұстаздардың жауапкершілігі айрықша екенін атап өтті. Өйткені ұстаз шәкіртке білім үйретіп қана қоймай, оның дінге деген түсінігінің қалыптасуына ықпал етеді.
Білім сайысы бес кезең бойынша ұйымдастырылды. Қатысушылар алдымен өзін таныстырып, кейін «Фиқһ білімі», «Дін мен дәстүр», «Қазақстан тарихы» бағыттары бойынша сұрақтарға жауап берді. Сонымен қатар «Парасат алаңы» кезеңінде экранда ұсынылған сұрақтарға жауап беріп, білімін, ойлау қабілеті мен өмірлік тәжірибесін көрсетті.
Байқау қорытындысы әр кезең бойынша 1-10 балдық жүйемен бағаланды. Қазылар алқасының құрамында Астана қаласы Әйел-қыздар секторының жетекшісі Күлсара Мамырқызы және Бас мешіт ұстазы Қарлығаш Қажымәлікқызы болды.
Байқау нәтижесінде жүлделі орындар төмендегідей бөлінді:
1-орын – Ақылханова Айгүл, «Ақмешіт» мешітінің ұстазы;
2-орын – Утегенова Мухлиса, «Көктал» мешітінің ұстазы;
3-орын – Айдана Әбдімажит, «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің ұстазы.
Жеңімпаздар мен қатысушыларға ақшалай сыйлықтар мен алғыс хаттар, гүл шоқтары мен естелік сыйлықтары табысталды.
Суреттерді толығырақ «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыз!
























Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі