ҚАЗАҚСТАН ҚАЖЫЛАРЫНА АРНАЛҒАН ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ ҚЫЗМЕТІ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

23 мамыр 2026 59 0
Оқу режимі

Қазақстан қажылық миссиясының медициналық қызметкерлері биылғы қажылық маусымында Сауд Арабиясы Корольдігінің қасиетті мекендерінде қазақстандық қажыларға медициналық көмек көрсетуге ресми рұқсат алды.

Қажылық – әлемнің түкпір-түкпірінен келген миллиондаған мұсылманның басын қосатын аса ауқымды ғибадат. Осындай жауапты кезеңде Қазақстандық қажылардың денсаулығын сақтау мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету Қазақстан қажылық миссиясының басты міндеттерінің бірі болып табылады.

Осы мақсатта Қазақстан қажылық миссиясы қазақстандық қажыларға жедел медициналық көмек көрсету үшін арнайы жабдықталған жедел жәрдем көлігін пайдалануға енгізді. Заманауи медициналық құралдармен толық қамтамасыз етілген көлік шұғыл жағдайларда алғашқы медициналық көмек көрсетуге, науқастарды тасымалдауға және қажет болған жағдайда медициналық мекемелерге жедел жеткізуге мүмкіндік береді.

Бұл бастама қасиетті сапар барысында денсаулығына байланысты қиындықтарға тап болған отандастарымызға дер кезінде көмек көрсетуді қамтамасыз етіп, олардың құлшылықтарын алаңсыз әрі қауіпсіз атқаруына жағдай жасайды.

Сонымен қатар Қазақстан қажылық миссиясының дәрігерлері қажылық маусымы бойы тәулік бойы кезекшілік атқарып, қажылардың денсаулық жағдайын тұрақты бақылауда ұстайды. Медициналық сүйемелдеу қызметін күшейту – қазақстандық қажыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстардың маңызды бөлігі.

Қазақстан қажылық миссиясы алдағы уақытта да қажылардың қауіпсіздігі мен денсаулығын қорғау бағытындағы жұмыстарды жалғастырып, олардың қасиетті сапарды жоғары деңгейде орындауына жан-жақты қолдау көрсететін болады.

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру