«ҚАЖЫЛЫҚ-2026»: ДАЙЫНДЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ ПЫСЫҚТАЛДЫ
2026 жылғы қажылық маусымын ұйымдастыру мәселелеріне арналған Қазақстан қажылық миссиясы және жауапты туроператорлардың қатысуымен ҚМДБ алаңында арнайы онлайн жиын өтті.
Алқалы жиынға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Төрағасының орынбасары, наиб мүфти Кенжетай Байкемелұлы, Қазақстан қажылық миссиясы өкілдері және қажылық сапарын ұйымдастыруға рұқсат алған 14 туроператордың басшылары қатысты.Жиынның негізгі мақсаты – биылғы қажылық маусымын отандастарымыз үшін барынша қолайлы, қауіпсіз және жоғары деңгейде ұйымдастыру.
Айта кетейік, биылғы маусымда конкурстық негізде қажыларды тасымалдау жұмыстары Қазақстандық Air Astana және SCAT, сондай-ақ Саудиялық Flyadeal әуекомпанияларымен жүзеге асады.Ұшу рейстері еліміздің ірі мегаполистері – Алматы, Астана және Шымкент қалаларынан тікелей Джидда мен Мәдина қалаларына бағытталады. Қажылардың елге қайту сапары да осы екі қаладан кезең-кезеңімен жоспарланған. Биылғы қажылық сапары 15 мамыр мен 5 маусым аралығында өтеді.
Жиын барысында, қажылардың Қазақстан аумағынан тиісті туркодпен шығуы, вакцинация мәселесі, қажылық барысында Сауд Арабиясының заңдарын орындау, Қазақстандық квотамен шетел азаматтарын апармау мәселесі және қажылықты ұйымдастыруға рұқсат алған отандық 14 туристік фирма өкілдерінің өз ұсыныстары мен сұрақтары ортаға салынды.
Кездесу соңында Қазақстан қажылық миссиясының төрағасы, наиб мүфти Кенжетай Байкемелұлы биылғы қажылық маусымын Қазақстан мұсылмандары үшін рухани тұрғыда мазмұнды әрі техникалық жағынан мінсіз өткізу барлық тарапқа қойылатын басты талап екенін атап өтті.




Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі