Қажылық миссиясы Меккеде жұмысын бастады (ФОТО)

01 шілде 2022 569 0
Оқу режимі

Қазақстан қажылық миссиясы өкілдері Сауд Арабиясының Мекке қаласында арнайы жиын өткізіп, жұмысын бастады.

Жиынға Қазақстан қажылық миссиясының төрағасы, наиб мүфти Ершат қажы Оңғар, Бас мүфтидің кеңесшісі Бижігіт Нұржігітұлы, Қажылық бөлімінің меңгерушісі Жәнділлә Бекжігітов және басқа да миссия мүшелері қатысты.

Меккедегі алғашқы отырыс барысында миссия төрағасы арнайы жұмыс жоспарын бекітіп, миссия мүшелеріне тиісті тапсырмалар берді.

«Биылғы Арапа қасиетті жұма күніне дөп келіп тұр. Мұның өзі үлкен нығмет. Сондықтан қажыларымыздың құлшылығын дұрыс орындауы үшін лайықты қызмет көрсетуіміз қажет. Әр істе байсалдылықпен, сабырлықпен, ықыласпен әрекет етуіміз қажет», – деді Ершат қажы Оңғар. Сондай-ақ ұйымдастыру, ақпарат тарату, уағыз айту, дәрігерлік көмек, қажылыққа қатысты сұрақтарға жауап беру т.б бағыттар бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жайлы баяндалды.

Бас мүфтидің кеңесшісі Бижігіт Нұржігітұлы 14 туристік фирмаға бөлініп берілген ҚМДБ имамдарының уағыз-насихат жұмыстарын жетілдіріп, жат ағымды насихаттауға жол бермеу керектігін атап өтсе, Қажылық бөлімінің меңгерушісі Жәнділлә Бекжігітов осы уақытқа дейін 5 рейс арқылы елімізден 1060 отандасымыз Мекке мен Мәдина қалаларына келгенін баяндады.

Айта кетейік, Қазақстан қажылық миссиясы жұмысын 5 бағыт (ұйымдастыру, уағыз-насихат, алғашқы дәрігерлік көмек, ақпарат және Сall орталығы) бойынша жүргізеді. Миссия мүшелері қажылық компанияларының қызметі, жерлестеріміздің жай-күйі мен денсаулығы, уағыз-насихат жұмыстарының жүргізілуі және ең бастысы отандастарымыздың қажылық парызын дұрыс орындауын қадағалайды.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру