ҚМДБ алаңында діни оңалту субъектілерімен арнайы вебинар өтті (ФОТО)

18 қыркүйек 2020 441 0
Оқу режимі

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының қатысуымен ҚМДБ атқарып отырған теологиялық оңалту жұмысын жүйелендіру және жетілдіру мақсатында діни оңалту субъектілерімен арнайы вебинар өтті.

Іс-шараға ҚМДБ Орталық аппаратының діни оңалту, ақпарат, уағыз-насихат жұмыстарына жауапты басшылары мен мамандары және діни бірлестіктің 19 аумақтық филиалдарының өкілетті қызметкерлері белсенді қатысты.

Сондай-ақ, аумақтағы ҚМДБ қызметкерлері мен дін саласында өкілетті мемлекеттік органдардың діни оңалту бағытында атқаратын жұмыстарында өзара әрекеттесудің тиімділігін арттыру мақсатында ҚМДБ ұйымдастырған вебинарға ҚР АҚДМ Дін істері комитеті төрағасының орынбасары Бауыржан Жәлелұлы мен ДІК Оңалту жұмысын үйлестіру басқармасының басшысы Ерлан Жұмажанұлы және аумақтық Дін істері басқармаларының өкілдері қатысты.

Іс-шара алғы сөзінде Бас Мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы жат діни ағымдарға еріп адасып жүрген діндар азаматтарымызды оңалтуда ҚМДБ қызметкерлерінің жауапкершілігінің өте жоғары екенін баса айтып, бұл бағыттағы қызметтің жауапты әрі сауапты іс екенін алға тартты.

Мүфтидің кеңесшісі және ҚМДБ Діни оңалту бөлімінің мамандары арнайы кәсіби біліктілігі мен оңалту жұмысында жинаған оң тәжірибелерімен бөлісе отырып, елімізде іс-әрекеті көрініс тапқан жат діни ағымдардың біздің қоғамға қатерлі тұстары мен олардың жақтастарымен жұмыс жасау спецификасын, оңалту жұмысын тиімді ұйымдастырудың алгоритмі мен жұмыс нәтижелерін дұрыс талдаудың жолдарын діни оңалту субъектілеріне нақты мысалдардың негізінде және графикалық форматта ашып көрсетті.

Ал, ҚМДБ Алматы қаласындағы, Батыс-Қазақстан және Шығыс-Қазақстан облыстарындағы филиалдарының діни оңалтуға жауапты мамандары жат діни ағым жақтастарымен оңалту жұмысындағы оң тәжірибесімен бөлісті.

Өз кезегінде, вебинарға қатысушы дін саласында өкілетті мемлекеттік органның өкілдері жергілікті Дін істері басқармаларының қызметкерлері мен ҚМДБ филиалдарының мамандарының өзара әрекеттесулерінің маңыздылығы мен тиімділігін назарға салып, оның форматын және мазмұнын нақтылап берді.   

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру