ҚМДБ ДЕЛЕГАЦИЯСЫ САН-ФРАНЦИСКОДАҒЫ ҚАЗАҚ ДИАСПОРАСЫМЕН КЕЗДЕСТІ
АҚШ-қа жасалған жұмыс сапары аясында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бастаған ҚМДБ делегациясының кезекті рухани кездесуі әлемдегі ең беделді жоғары оқу орындарының бірі, халықаралық рейтингтерде тұрақты түрде үздік ондыққа кіретін Stanford University қабырғасында өтті. Кездесуге Қазақстан Республикасының Сан-Франциско қаласындағы Бас консулы Назира Нұртөлеуқызы және осы өңірде қызмет атқарып жүрген отандастар, сондай-ақ Google, Meta, Amazon компанияларында еңбек ететін қазақстандық мамандар, Стэнфорд университетінің докторанттары мен студенттері қатысты.
Бас мүфти өз сөзінде білім ізденудің дініміздегі орнына ерекше тоқталып:
«Білім іздену – құлшылық. Қасиетті Құранның алғашқы аяты “Оқы!” деп басталуы ислам дінінде білімнің қаншалықты жоғары бағаланатынын көрсетеді. Адам баласы өмір бойы ізденіп, білімін арттырып, оны игілікке жұмсауы қажет. Білім адамды да, қоғамды да биіктетеді», – деп насихат айтты.
Насихат барысында үздіксіз ізденіс, кітап оқу, білім иелерінен үйрену және алған білімді өзгелермен бөлісу – кемел тұлғаның сипаты екені баяндалды. Білімнің дүниелік жетістікке ғана емес, рухани кемелдікке де бастайтыны айтылды.
Кездесу сұрақ-жауап форматында жалғасып, қатысушылар түрлі тақырыптар бойынша сауалдар қойды.
Кездесу соңында отандастарға елден арнайы апарылған ұлттық және рухани мазмұндағы сыйлықтар табысталды.





































Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі