ҚМДБ ҒҰЛАМАЛАР КЕҢЕСІНДЕ ҚАБЫЛДАНҒАН ПӘТУА ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

25 қыркүйек 2026 94 0
Оқу режимі

Астана қаласы өкілдігіне қарасты мешіт ұстаздарына ҚМДБ Ғұламалар кеңесінде қабылданған қазіргі қоғамда кеңінен талқыланып жүрген «чайлдфри» идеологиясына қатысты шариғи үкім таныстырылды.

«Нұрсұлтан» мешітінің ұстазы, Астана қаласы өкілдігі бойынша Шариғат және пәтуа бөліміне жауапты маман Тамирлан Дарханұлы елорда ұстаздарына саналы түрде балалы болудан бас тарту мәселесіне қатысты шариғи үкімді түсіндірді.

Түсіндіру барысында «чайлдфри» ұғымының мәні, оның отбасы институты мен ұрпақ жалғастығына қатысты мәселелері сөз болды. Шариғи тұрғыдан бұл ұстанымның адам табиғатына, неке мақсатына және Исламдағы ұрпақ тәрбиесі мен жалғастығына қатысты көзқарастарға қайшы екені айтылды.

Сонымен қатар жүктілікті уақытша кейінге қалдыруға шариғатта белгілі бір жағдайларда рұқсат етілетіні түсіндірілді. Атап айтқанда, денсаулықты қалпына келтіру немесе бала тәрбиесіне дайындалу секілді орынды себептер болған жағдайда ерлі-зайыптылардың өзара келісімімен және денсаулыққа зиян келтірмейтін тәсілдерді қолдануға болатыны айтылды.

Жиында сондай-ақ жүктілікті біржолата болдырмауға бағытталған тәсілдерге қатысты шариғи үкімдер таныстырылып, бұл мәселеде жауапсыз пікір таратпай, діни сұрақтарды білікті мамандардан сұраудың маңызы атап өтілді.

Кездесудің негізгі мақсаты – мешіт ұстаздарының қазіргі қоғамда көтеріліп жүрген отбасылық және діни мәселелер бойынша білімін жетілдіріп, жамағатқа шариғи үкімдерді дұрыс әрі нақты жеткізуіне бағыт беру.

Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру