ҚМДБ төрағасы атыраулық жастармен сұхбаттасты (ФОТО)

16 қазан 2020 2584 0
Оқу режимі

Атырау облысына іс сапары аясында ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы жергілікті «Иман жастары» еріктілерімен арнайы кездесіп, сұхбаттасты.

Кездесу барысында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы жастарды жанашыр болуға, әркез адамгершіліктен ажырамауға шақырды.

«Қазіргі аумалы-төкпелі, қарбалас қоғамда біреуге жанашыр болу, кәдесіне жарау оңай дүние емес. Бірақ Сіздер шын ниет етіп, сауабын бір Алладан үміт етіп пайдалы іспен айналысып жүрсіздер. Мұсылман басқа мұсылман бауырын кемінде өзі сияқты ойлайды. Хадис шәрифте: «Өзі үшін жақсы көрген нәрсені дін бауыры үшін де жақсы көрмеген адам кәміл мүмин бола алмайды» делінген. Қазіргі кезде еріктілер – жақсылықтың қолдаушысы, жаршысы, насихатшысына айналып отыр» дей келе, биылғы жылды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еріктілер жылы деп жариялады. Осыған байланысты еліміздің түкпір-түкпірінде игі шаралар өтті. Сол игілікті істердің бастауында еріктілер тұр», – деп атап өтті Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.

Сондай ақ, Бас мүфти Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының негізгі бағыттарының бірі – қайырымдылық екендігіне тоқталып, жастарды діни ілімді болуға үндеді.

Еске сала кетелік, кездесуге ҚМДБ Аппарат басшысы Ғылымбек Жәдігерұлы, ҚМДБ Ақпарат және қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі Марат Бектазинов және Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы қатысты. Кездесу соңында Бас мүфти жиналған жастарға батасын берді.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру