ҚМДБ ТӨРАҒАСЫ «МЕКТЕПКЕ ЖОЛ» ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ АКЦИЯСЫНА ҚАТЫСТЫ
Бүгін Қызылордада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының қатысуымен «Мектепке жол – 2026» қайырымдылық шарасы өтті.
Іс-шара барысында Бас мүфти оқушыларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, білім мен ғылымның артықшылығы жайында насихат айтып, балаларды ғылым мен білімді жетік меңгерген ізденімпаз шәкірт болуға шақырды.
«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «Зекет және қайырымдылық» қорының ұйытқы болуымен жыл сайын жаңа оқу жылы қарсаңында еліміздің барлық өңірлерінде қайырымдылық акциялары ұйымдастырылып, білім іздеген жас жеткіншектерімізге мешіт тарапынан қамқорлық-қолдау көрсетіліп келеді. Бұл – қайырымдылық пен мейірімділіктің жарқын көрінісі.
Білім алу – ұзақ сапар. Бұл сапарда табандылық, сабыр, тәртіп және жауапкершілік керек. Мұғалімдеріңізге құрметпен қарап, ата-аналарыңыздың үмітін ақтауға тырысыңыздар. Уақытты босқа өткізбей, әр күніңді пайдалы іске арнаңдар. Сонымен қатар, тәрбиелі, кішіпейіл, адал, әділ болыңдар. Өйткені шынайы білім – адамды жақсы мінезге жетелейді. Ұстаздарың мен үлкендердің батасын алып, әрқашан дұғамен жүріңдер», - деді Наурызбай қажы Тағанұлы.








Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі