Құрбан айтқа орай қасапшыларға семинар өтті (ФОТО)

27 маусым 2022 2385 0
Оқу режимі

Қасиетті Құрбан айт мейрамына орай «Халал Дамудың» ұйымдастыруымен «Қасапшылық – сауапты hәм жауапты іс» тақырыбында онлайн-семинар өтті.

«Халал Даму» директоры Айбек Асқарбекұлының жетекшілігімен «Zoom» платформасында өткен семинарға ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Медет Құрмашұлы, ветеринарлық санитария ісінің маманы Данияр Бақзейнелұлы және жергілікті бақылаушылар мен технологтар, сонымен қатар өңірлік қасапхана қызметкерлері қатысты. Семинарда Құрбан айт күндері құрбан шалу рәсімінің шариғат әдептеріне сай орындаудың маңыздылығы мен талаптары, басты қағидалары мен ережелері түсіндірілді.

«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының тапсырмасымен барлық өңірде құрбандық шалынатын орындарды әзірлеу және қаупісіздік-тазалық шаралары, қасапшылар даярлау және оларға түсіндірме семинар ұйымдастыру бойынша арнайы жұмыстар бекітілген болатын. Шариғи нормаларды сақтап, құрбандық малын сою үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Сондықтан құрбандық шалынатын нысандарда қызмет ететін қасапшыларға арнайы семинар-тренинг ұйымдастыруды жөн көрдік», – деді Айбек Асқарбекұлы.

Дәріс барысында қасапшылық қылатын азаматтарға Медет Құрмашұлы арнайы дәріс жүргізіп, құрбан шалудың шариғи үкімдері мен талап-шарттарын кеңінен түсіндірсе, Данияр Бақзейнелұлы халал стандартқа сай мал бауыздап, ет өңдеу жөнінде дәріс оқыды. 

Айта кетейік, қазіргі таңда Республика бойынша «QMDB Halal» сертификатына ие болған 32 қасапхана мен 690 қасапшы тіркелген. Еліміздің барлық өңіріндегі «Халал Даму» сертификаттауынан өткен қасапшылар мен қасапханалар Құрбан айт мейрамында халыққа өз қызметін ұсынуға толықтай дайын екендігін хабарлаймыз!

Дереккөз: halaldamu.kz

Пікірлер Кіру