РАНТ МҮШЕСІ АСТАНА ҚАЛАСЫНДА НАСИХАТ ЖҰМЫСТАРЫН ЖҮРГІЗДІ
Астана қаласы өкілдігінің ұйымдастыруымен РАНТ мүшесі Бекзат Азатбекұлының қатысуымен діни-ағарту бағытындағы кездесулер өтті.
РАНТ мүшесі елордада болған екі күндік сапары барысында мешіт жамағатымен, діни білім алып жүрген шәкірттермен және дін қызметкерлерімен кездесіп, түрлі тақырыптарда уағыз-насихат жүргізді.
Атап айтқанда, «Әзірет Сұлтан» мешітінде ихсан және жастар ісіне жауапты мамандарға арналған «Уағыз айтудың әдебі мен мәдениеті» тақырыбында семинар өтті. Кездесуде уағыз айту мәдениеті мен дін қызметкерінің қоғам алдындағы жауапкершілігіне қатысты мәселелер қамтылды.
Сонымен қатар «Әл-Ғани» мешітінде бесін намазының алдында жамағатпен кездесіп, «Мәзһаб ұстанудың мұсылман өміріндегі маңызы» тақырыбында уағыз айтты.
РАНТ мүшесі «Хусамиддин әс-Сығанақи» атындағы ислам институтының шәкірттерімен жүздесіп, «Білім мен тәрбиенің маңызы» тақырыбында ой бөлісті. Ал Астана медресе-колледжінің шәкірттерімен өткен кездесуде «Білім жолындағы сабырлық. Алла разылығына жеткізетін амалдар» тақырыбы қозғалды.
Сондай-ақ №64 мекемесінің уақытша тергеу изоляторында «Дін мен дәстүр сабақтастығы» тақырыбында кездесу ұйымдастырылды. Кездесуге РАНТ мүшесімен бірге Діни оңалту бөлімінің Астана қаласы бойынша жауапты маманы Рақымқазы Қабдысалым қатысты.
Елорда мешіттерінде өткен кездесулер барысында жамағатқа «Құран және сүннет жолымен жүру деген не?», «Бақытты отбасының сыры неде?» тақырыптарында уағыз айтылды. Сонымен бірге «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінде асыр намазынан кейін, «Ақ мешітте» ақшам намазынан соң жамағатпен жүздесулер өтті сондай-ақ қасиетті жұма күні «Әл-Фаттах» мешітінде жұма уағызын айтып, жамағатпен жүздесті.
РАНТ мүшесінің елордадағы діни-ағарту кездесулері барысында білім алу, діни сауаттылық, отбасы құндылығы, дәстүр мен дін сабақтастығы, мәзһаб ұстану және Құран мен сүннетті дұрыс түсіну мәселелері қамтылды.













Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі