РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ДІН ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ ФОРУМЫНЫҢ ҮНДЕУІ ҚАБЫЛДАНДЫ

20 қараша 2026 107 0
Оқу режимі

Елордада «Ислам және адал қоғам» жылы аясында өтіп жатқан «Адал қоғам: білім, рухани тәрбие және жауапкершілік» атты дін қызметкерлеріне арналған республикалық форумының үндеуі қабылданды. 

Үндеу мәтінімен көпшіліккке ҚМДБ Стратегиялық талдау және даму бөлімінің меңгерушісі Смайыл Сейтбеков оқып берді.

«Қоғамның дамуы мен мемлекеттің болашағы ең алдымен адам бойындағы адалдыққа, білімге, рухани тазалыққа және азаматтық жауапкершілікке байланысты. Адал қоғам қалыптастыру әрбір азаматтың жүрегіндегі имандылықтан, санасындағы парасаттылықтан, іс-әрекетіндегі әділдік пен жауапкершіліктен басталады. Сондықтан адал қоғам құру жолында мынадай бағыттағы жұмыстарға басымдық берілуі қажет деп санаймыз: 

Бірінші, білім. Білімді ұрпақ елдің ертеңін қалыптастыруға, ғылым мен технологияны дамытуға, жаһандық бәсекеге қабілетті мемлекет құруға сүбелі үлес қосады. Өйткені білім – қоғам дамуының басты негізі. 

Екінші, рухани тәрбие. Адам бойындағы ар-ұят, мейірім, сабыр, ізет, қайырымдылық, әділдік, үлкенді құрметтеу, кішіге ізет көрсету, ата-ананы сыйлау, отбасылық құндылықтарды сақтау сынды жақсы қасиеттер – адамгершілік пен қоғамдық тұрақтылықтың негізгі кепілі. 

Үшінші, жауапкершілік. Әрбір адам өз сөзіне, ісіне, отбасына, кәсібіне және қоғам алдындағы міндетіне жауап бере білуі керек. Сыбайлас жемқорлыққа, алаяқтыққа, өтірікке, әділетсіздікке, немқұрайлылыққа және қоғамдық мүлікті бүлдіруге жол бермеу – адал қоғамның басты талабы.

Біз қоғамда адал еңбек ету мәдениетін қалыптастыруды әрқашан дәріптеуіміз қажет. Әрбір азамат адал қызмет етсе, айталық ұстаз ұрпаққа сапалы білім берсе, шәкірт әдепті болса, әр адам заңды құрметтесе, қоғамның іргесі берік болары сөзсіз. Сонымен қатар, жас ұрпақты ақпараттық кеңістіктегі жалған мәліметтерден, теріс діни идеологиялардан, радикалды көзқарастардан және адамгершілікке қайшы әрекеттер мен жат қылықтардан сақтандыру –  баршамыздың ортақ міндетіміз», - делінген үндеуде.

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру