САРАПШЫЛАР КЕҢЕСІНІҢ СЕГІЗІНШІ МӘЖІЛІСІ ӨТУДЕ (ФОТО)
Бүгін Алматы қаласында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы Сарапшылар кеңесінің сегізінші мәжілісі өтуде.
Кеңес жұмысын ашқан Наурызбай қажы Тағанұлы: «Биылғы 2024 жылды ҚМДБ аясында «Ислам және дәстүр құндылығы» жылы деп жарияладық. Атаулы жыл аясында халқымыздың дүниетанымына сай дәстүрлі Исламды дәріптеуге, оның ғылыми-теориялық негізін дамыту мәселесіне мән берілді. Сонымен қатар дәстүрлі дінімізді, ата-бабамыз сан ғасырдан бері ұстанып келген діни жолымызды, төл мәзһабымызды, ұлттық құндылықтарымыз бен қазақы болмысымызды насихаттауға тырыстық», - дей келіп, «MUFTIYAT» баспасынан шыққан дін мен дәстүр үндестігі мен үйлесімін негіз еткен кітаптар, Ислам өркениетінің дамуына үлес қосқан ғұламалардың еңбектерін насихаттау мақсатында ҚМДБ-ның атсалысуымен өткізілген іс-шараларға арнайы тоқталды.
Мәжілісте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қызметіне қатысты сындар мен жұмысын жетілдіру жолдары, 2025 жылы басымдық беретін жұмыс бағыттары, сондай-ақ дәстүрлі мұсылмандық мектепті жаңғырту бағытындағы маңызды іс-шаралар сынды мәселелер талқылануда.
Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі