Сауда барысында кепілақша (задаток) алу дұрыс па?

23 қараша 2020 7835 0
Оқу режимі

Сауда барысында кепілақша (задаток) алу дұрыс па?


Жауап

Кепілақша деп затты сатып алу үшін немесе мүлікті жалдау үшін ақшасының бір бөлігін алдын-ала төлеуді айтады. Егер тауарды сатып алатын болса, онда кепілақшаны сол заттың құнына қосып есептейді. А,л сатып алмаған жағдайда кепілақша сатушының иелігінде қалады.

Кепілақша сауданы жүзеге асыруға әрі одан басқа затты сатып алмауына кепілдік береді. Сондай-ақ, ол – сатып алушының затты алуға ниетті екендігін нақтылайтын  келісімшарт.

Жұмһұр (мәлики, шафиғи, ханафи) ғалымдардың көзқарасы бойынша бұл келісімшарт дұрыс саналмайды. Мәлики, шафиғи мәзһабының ғалымдары кепілақша арқылы жасалған келісімшарт дұрыс емес десе, ханафи мәзһабының ғалымдары шарты дұрыс болмағандықтан келісімшарты да дұрыс емес деген. Өйткені, ол біреудің мал-дүниесін ешбір қайтарымсыз, заңсыз жолмен алған болып есептеледі.

Ал, имам Ахмад ибн Ханбал бұл келісімшартқа рұқсат берді. Зайд бин Асламнан жеткен хадисте ол былай дейді: «Расында Пайғамбарымыз (оған Алланың салуаты мен сәлемі болсын) саудадағы кепілақшаға рұқсат етті»[1].

Әл-Мақдиси «әл-Муғни» атты кітабында: «Имам Ахмад дәлел ретінде Нафиғ ибн Абду әл-Харис Омар ибн Хаттабтың (р.а.) бұйрығымен түрме жасау үшін Сафуан ибн Умаядан Меккеден 4000 дирһамға жер сатып алғандығын алға тартады. Сонда Нафиғ: «Егер Омар (р.а.) разы болса жерді аламыз, алмасақ 400 дирһам ақша сенде қалады», –  деген.  Бұл хабар  Омарға (р.а) жеткенде, оған қарсылығын білдірмеген. Сондықтан осы риуаят аталмыш сауда түріне рұқсат екенін білдіреді»[2],– деп келтірген.

Қазіргі заманның фиқһ ғалымы әз-Зухайли: «Қазіргі таңда келісімді бұзу және күттіру есесіне алынатын кепілақша арқылы сауда жасау кең таралған. Менің пікірімше, әдет-ғұрыпқа сүйене отыра бұл келісімшартты дұрыс әрі кепілақша арқылы жасалған сауданы адал деймін. Өйткені, ол жөнінде харам немесе халал деп келген хадистердің барлығы дерлік сахих емес»[3], – деген.

Осыған орай, «Бәйту әт-тамуил әл-куәйти» (Кувейт қаржыландыру үйі) Ахмад ибн Ханбалдың көзқарасын құптап, соның негізінде пәтуа берген[4].

Сонымен қатар, Халықаралық ислам фиқһ академиясы сегізінші отырысында кепілақша саудасына қатысты №72 (8/3) мынадай қарар шығарды: «Егер кепілақшаны белгілі бір уақытқа дейін шектеп қойып, сосын сол аралықта тауарды алса, онда алдын ала берілген ақша заттың сомасына қосылып есептеледі. Ал, шарт бойынша белгіленген уақыттан кешіксе, ақша сатушының иелігінде қалады»[5].    

ҮКІМ:   Сауда барысында сатып алушы затты алмаған жағдайда кепіл ақша сатушыда қалады.  Кепілақша сомасы жергілікті қолданысқа қарай тараптардың келісімі бойынша белгіленеді әрі ол тауар құнының бір бөлігі болып есептеледі.

fatua.kz


[1] Ибн Әбу Шайба, «әл-Мусанниф», «Сауда және қазилық» кітабы, «Саудадағы кепілақша» бабы, №3246,3251. 7/304-306.
[2] Әл-Муғни уа әш-Шарху әл-Кабир 4/289.
[3] Фиқһ әл-ислами уа адиллатуһу, 4/485.
[4] Әл-Фәтәуа әш-шарғия фи мәсәили әл-иқтисадия, 1979-1989 топтамасы, 31-33 беттер.
[5] Ислам фиқһи академиясы журналы, Сегізінші саны, 1/641. 

Пікірлер Кіру