Ата-ананы қандай жағдайда тыңдамау керек?

04 ақпан 2021 379 0
Оқу режимі

Ассалаумағалейкум!
Менің сұрағым, ата-анамның қандай бұйрығын орындамауға ақым бар? Сәлеммен, Тәуба.


Жауап

Уа алейкум ассалам!
Алла Тағала ата-анаға жақсылық етуге әмір етеді. Ата-ананы құрметтеу және ерекше қадірлеу – әрбір мұсылманның перзенттік парызы. Құран Кәрімде: «Ал, егер ол екеуі өзінде білімі болмаған нәрсені Маған серік етіп қосуың үшін ұмтылып, әрекет етсе, онда оларға бағынба. Бірақ, бұл дүниеде оларды құпталғанға сай қарап, күт...[1]», – делінген.

Демек, әке-шешені тыңдаумен Алла әміріне қарсы келуге тыйым салынады. Алладан басқа бір нәрсеге құлшылық етуге тәрбиелесе, онда ата-анаға бойұсынуға болмайды. Және хадисте: «Жаратылған (пендеге) бойсұнумен Жаратқанға күнә жасау жоқ[2]», – деп айтылған. Мысалы, дүкеннен арақ-шарап әкелуге жұмсаса, онда тыңдамау керек. Тыңдамау – қарсы шығу емес. Сондықтан, қандай жағдайда болмасын ата-анаға мейлінше жұмсақ қарым-қатынас жасау – перзентке міндет.

Түйіндей айтатын болсақ, тек бір жағдайда ғана атап айтқанда, Алла Тағалаға серік қосу және күнә амалдарға бұйыратын сөздерінен басқа барлық жағдайда ата-ананың сөзін екі етпеу қажет.


[1] Лұқман сүресі, 15-аят
[2] Ахмед, Хаким

Пікірлер Кіру