Шағбан оразасы жайлы шариғатта не дейді?

15 наурыз 2021 8091 0
Оқу режимі

Ассаламу алейкум! Шағбан айында ораза тұту жайлы хадисте дерек бар ма? Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл айда ораза тұтқан ба?


Жауап

Уа алейкум ассалам!

Ораза – Алла Тағалаға жақындататын ең үлкен құлшылықтың бірі. Ораза жайлы құдси хадисте: «Алла Тағала: Ораза – Мен үшін. Оның сауабын Өзім беремін. (Пендем) тән рақатын, ішіп-жеуін Менің ризашылығым үшін тәрк етеді, – дейді»[1], – делінген.

Алла Елшісінің (с.ғ.с.) Рамазаннан бөлек айларда да ораза тұтуының мәні де осыда. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) басқа айлардан қарағанда Шағбанда көбірек ораза ұстаған. Айша (р.а.) анамыз: «Алла Елшісі жыл ішінде Шағбан айындағыдай көп ораза тұтпайтын»[2], – деп еске алады.

Әбу Салама (р.а.): «Мен Айша анамыздан Алла Елшісінің (с.ғ.с.) қалай ораза тұтқандығын сұрағанымда, Ол (р.а.) кісі: «Оразаны ұзақ тұтқаны соншалық бұдан былай ораза тұтумен болатын шығар дейтінбіз. Сонан соң оразаны тоқтататын, тіпті мұнан былай енді ораза тұтпайтын болар деп қалатынбыз. Бірақ, Шағбан айындағыдай көп ораза тұтқанын көрмедім... Кейде Шағбанның аз күндерін ғана қалдырып, қалған күндерінде толығымен оразамен өткізетін», – деп айтты».

Қорыта айтқанда, Алла Елшісі (с.ғ.с.) Шағбан айын толығымен ораза етіп тұтпаған. Бірақ, шағбанның көп күнін оразамен өткізгені белгілі. Өйткені, Айша (р.а.) анамыз: «... Алла Елшісінің (с.ғ.с.) Рамазан айынан басқа уақытта айды толығымен ораза тұтқанын көрмедім»[3], – деген.

 


[1] Бұхари.
[2] Муслим.
[3] Бұхари.

Пікірлер Кіру