Оразаның сауабы қалай жойылады?

04 мамыр 2021 6423 0
Оқу режимі

Ассаламу алейкум! Рамазан оразасының сауабын не жояды?  


Жауап

Уа алейкум ассалам!

Ораза тұтушы адам өз құлшылығының сауабын зая етпеуі қажет. Сондықтан он екі мүшесін ғайбат, өсек-аяң, қол жұмсау, харамға көз салу, араздасу, туыстық қарым-қатынасты үзу және тағы да басқа Алла Тағаланың наразылығын тудыратын және оразаның сауабын жоятын іс-әрекеттерден аулақ болуы тиіс. Өйткені, мұның барлығы оразаның сауабын жуып-шайып жібереді. Әбу Һурайра (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Кейбір ауыз бекітушінің оразадан алар сыбағасы тек аш қалуы ғана, ал кейбір түнгі ғибадатқа тұрушы құлшылықтан алар сыбағасы тек түнді ұйқысыз өткізу ғана[1]», – деген сөзін риуаят еткен.

Басқаша сөзбен айтқанда, ораза тұтушы тақуалықты бұзатын пен оны әлсірететін әрбір жаман әрекеттен аулақ болғаны абзал. Өйткені, ораза адам бойына тақуалықты қалыптастыру үшін парыз етілген. Құран Кәрімде: «Әй, мүміндер! Сендерге бұрынғыларға парыз қылғандай ораза парыз етілді. Әрине, тақуалық етерсіңдер (Алла Тағаладан қорқатын боларсыздар)[2]», –деп әмір етілген.

 


[1] Насаи, Ибн Мажаһ, Ахмед
[2] Бақара сүресі, 183-аят

Пікірлер Кіру