Қадір түннің қандай белгілері бар? (7 сұрақ)

08 мамыр 2021 8686 0
Оқу режимі

Ассаламу алейкум! Қадір түні жайлы айтып берсеңіздер?  


Жауап

Уа алейкум ассалам!

Қадір түні – Құран Кәрім түскен қасиетті түн. Бұл жайлы: «Негізінен Құранды Қадір түнінде түсірдік[1]», – деген аят бар. Алла Тағала періштелерге әмір етуімен Құран Кәрімді Лаухул Махфуздан[2] Байтул Ғиззаға[3] түсірген.

Кейін 23 жыл бойы түрлі себептер мен оқиғаларға байланысты пайғамбарымызға уахи етіліп отырған. Қадір түні – тек Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар үмбетіне ғана берілген мүбәрак түн.

С: Қадір түні не істеу керек?
Ж: Мейлінше көп құлшылық жасап және дұға-тілек еткен абзал. Өйткені, қадір түнінің берекеті мен құлшылық сауабы мың айдан да артық. Құран Кәрімде: «Қадір түні мың айдан қайырлы[4]»,-деп баяндалған. Ал, Әбу Һурайрадан (р.а.): «Кімде-кім қадір түні иманмен және сауабын үміт етіп құлшылық етсе, оның алдыңғы күнәлары кешіріледі[5]», – деген риуаят бар.

С: Бұл түннің Қадір деп аталуының себебі неде?
Ж: Қадір – белгілеу, өлшеп бекіту деген мағынаны білдіреді. Бұл құтты түнде Құран Кәрім түсумен қатар, тағы бір маңызды оқиға орын алады. Құран Кәрімде: «Періштелер және Рух ол кеште Раббыларының рұқсаты бойынша барлық іс үшін түседі[6]», –деп баяндалғандай, қадір түнінде Алла Тағала әмірімен Рух, яғни Жәбірейіл (ғ.с.) бастаған періштелер жер бетіне түсіп, келесі жылға қатысты барлық амалдарды бекітеді.

Әнас бин Маликтен (р.а.): «Рамазан айы кіргенде Алла елшісі (с.ғ.с.): «Сендерге мына ай келді. Бұл айда мың айдан артық түн бар. Кімде-кім осы түннің жақсылығынан мақұрым қалса, жақсылық атауынан құр қалғаны. Оның жақсылығынан тек қана нағыз мақұрым адам ғана құр алақан қалады[7]», – деген риуаят бар.

С: Қадір түні қашан?
Ж: Қадір түні рамазанның қай түні екендігі жайлы екі риуаят бар:
1.Соңғы он күннің тақ түндері деген риуаяттар. Айша (р.а.) анамыз: «Қадір түнін рамазанның соңғы он күннің тақ түндерінен іздеңдер[8]», – деген хадис жеткізген. Және Ибн Аббастан (р.а.): «Қадір түнін рамазанның соңғы он күнінен, қалған тоғызыншы, жетінші және бесінші түндерден іздеңдер[9]», –деген риуаят бар.
2.Жиырма жетінші түн деген риуаяттар: Омар (р.а.): «Қадір түні қашан екенін кім біледі?» – деп сұрағанда, Ибн Аббас: «Бұл – жиырма жетінші түн», – деп жауап берген екен[10]». Және де Мұғауиядан (р.а.) келген хадисте: «Қадір түнін жиырма жетінші түннен іздеңдер[11]», – деп айтылған.

Абдулла бин Аббас (р.а.) риуаят еткен тағы бір хадисте былай делінеді: «Пайғамбарға (с.ғ.с.) бір қарт келіп: «Уа, Алла пайғамбары! Мен ауру қартпын, маған түнде құлшылық ету ауыр тиеді. Маған бір түнді көрсетіп беріңіз, Алла Тағала қадір түніне сай келуіне жар болғай», – дейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Жетінші (27) түні тұр», – деп жауап береді[12]».

С: Қадір түннің қандай белгілері бар?
Ж: Құран Кәрімде: «Ол – бейбітшілік кеші, таң рауандағанға дейін жалғасады[13]», – деп айтылғандай, жер бетіне түсіп қайта шыққан періштелердің көптігінен Күн сәулесі аз және ақ түсті болып келеді. 

Ибн Аббас (р.а.): «Қадір түні – жақсылыққа тола берекет түн. Ыстық та, суық та болмайтын түн. Оның таңында күн әлсіз қызыл түсті болып атады[14]», –деп риуаят етеді.

«Убай бин Кағб (р.а.) Қадір түні жиырма жетінші түн деп ант етті. Мен (Зурр бин Хубайш): Уа, Әбу Мунзир (Убай бин Кағб)! Неге сүйеніп айтып отырсыз? – дедім. Ол: «Алла елшісі (с.ғ.с.) айтып кеткен белгісі бар. Қадір түнінен кейін күн шуақсыз атады[15]»,-деген.

С:Қадір түні қай түн екендігінің жасырын болуының сыры неде?
Ж: Бұл мүбәрак түннің жасырын болуының сыры ажалдың, қиямет күнінің жасырын болуы секілді мұсылман баласының ғибадатты көбейте түсуге және де ғапыл қалып, жалқаулық танытпау үшін құлшылыққа ынталандыру мақсатында жатса керек[16].

С: Қадір түні қандай дұға-тілек жасалады?
Ж: Бұл түні көп дұға-тілек жасау керек. Ең көп оқылатын дұға – Айша (р.а.) риуаят еткен дұға. Хадисте мұсылмандар анасы: «Уа, Алла пайғамбары! Мен қадір түнін тапсам (мен құлшылық еткен түн қадір түніне сай келсе), не деп дұға етейін?» – деп сұрады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сонда былай дейді: Аллаһуммә иннәкә ъафуун тухиббу әл-ъафуә фаъфу ъәнни. Аллам! Сен кешірімдісің, кешіргенді жақсы көресің. Менің күнәларымды кеш, – деп айт»[17].

 


[1] Қадір сүресі, 1-аят
[2] Лаухул Махфуз – барлық жаратылыстың тағдыры жазылған кітап
[3] Байтул Ғизза – дүние аспаны (Ұлылық үйі)
[4] Қадір сүресі, 3-аят
[5] Бұхари
[6] Қадір сүресі, 4-аят
[7] Ибн Мажаһ
[8] Бұхари, Муслим, Тирмизи
[9] Бұхари, Муслим
[10] Ахмед
[11] Табарани
[12] Ахмед, Бұхари
[13] Қадір сүресі, 5-аят
[14] Байһақи
[15] Муслим, Тирмизи, Ибн Мажаһ, Әбу Дауд
[16] Тафсир Мунир, 338-бет
[17] Ахмед

Пікірлер Кіру