Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қабірінде тірі ме?

31 шілде 2021 7092 0
Оқу режимі

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қабірінде тірі ме?


Жауап

Әуелі осы «өлі» және «тірі» деген сөздердің  басын ашып алайық. Егер оның ара жігін айырып алсақ, көптеген түсінбеушіліктерден құтыламыз. Ендеше, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) қабірінде тірі дегеннің мақсаты – Ол (с.ғ.с.) бұл дүниеден өткен жоқ әрі Алла оның жанын алмады деген болса, онда бұл пікірдің дұрыс емес екенін Құранның өзі жоққа шығарады.

Алла Тағала Құранда былай дейді: وَمَا جَعَلۡنَا لِبَشَرٖ مِّن قَبۡلِكَ ٱلۡخُلۡدَۖ أَفَإِيْن مِّتَّ فَهُمُ ٱلۡخَٰلِدُونَ ٣٤  «(Мұхаммед (с.ғ.с.) сенен бұрын да адам баласына мәңгілік (өмір) бермедік. Ал егер сен өлсең сонда олар мәңгі қала ма?»[1]. إِنَّكَ مَيِّتٞ وَإِنَّهُم مَّيِّتُونَ ٣٠ «(Мұхаммед (с.ғ.с.) шынында сен де өлесің. Олар да өледі»[2].

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл жалған дүниеден өтті. Бірақ, Алланың рахметіне кеткенімен, бізбен байланысы үзілген жоқ. Ол жөнінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейді: «Менің өмірім сендер үшін игілік болып табылады. Сендер менімен, мен сендермен әңгімелесемін. Бірақ, менің өлімім де – сендер үшін игілік. Өйткені, сендердің істеген істерің маған көрсетіліп тұрады. Егер амалдарың жақсы болса, мен Аллаға мақтау-мадақ айтамын. Ал, амалдарың жаман болса, сендердің аттарыңнан Алладан кешірім сұраймын»[3].

Тағы бір хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім маған сәлем жолдаса, оның сәлеміне жауап беруім үшін Алла Тағала менің рухымды қайта қайтарады»[4], – дейді. Бұл хадис – Расулалланың  (с.ғ.с.) жаны мен тәні үнемі байланыста болатынына айғақ. Өйткені, мұсылмандар Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) сәлемін жолдауды бір сәтке болса да тоқтатпайды. Сондай-ақ, пайғамбарлардың қабірлерінде Раббыларына құлшылық етіп жатқаны жөнінде риуаяттар келген.

Әнастан (р.а.) жеткен хабарда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейді: «Көкке көтерілген күні қызыл төбенің алдынан өтіп бара жатып Мұсаны қабірінде намаз оқып тұрғанын көрдім»[5].

Тағы бір хадисте: «Пайғамбарлар тірі, олар қабірлерінде намаз оқып жатыр»[6], - делінген. Аталмыш хадистен пайғамбарлардың қабірлерінде рухымен де, денесімен де тірі болатынын аңғарамыз. Оны «қабірлерінде» деп нақты хадистің мәтінінде көрсетті. Егер олардың тіршілігі рухтарымен ғана шектелгенде, қабірдегі тіршілігін атап өтпес еді. Демек, олар о дүниеге аттанбай жатып қандай тіршілік ие болған болса қабірлерінде де сондай шынайы тірі. Рухтары ғана тірі дегенмен шектелмейді.

Оған қоса пайғамбарлардың денелері шірімейді. Ол жөнінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейді: «Расында, Алла Тағала пайғамбарлардың денелерін жерге харам етті (олар шірімейді)»[7].

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) да басқа пайғамбарлар тәрізді қабірінде денесімен де рухымен де тірі. Ол қабірінде Раббысына құлшылық етуде әрі үмбетіне Алладан кешірім сұрап, оларға шапағат етуді тілеп, жолдаған сәлемдеріне жауап беру арқылы байланысын үзбеуде.

Кімде-кім Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) Алла рақметіне кеткеннен кейін қабірінде тірі емес десе, онда ол осы туралы келген хадистерді жоққа шығарған болады. Ал, кім бұл дүниеден өткен жоқ десе, онда ол Құранда аталған нәрсені жалғанға шығарғаны. Дұрысы, Ол (с.ғ.с.) – бұл жалған дүниеден өтті және ол қабірінде тірі, Раббысына құлшылық етіп жатыр. Сондай-ақ,  Алладан үмбетіне кешірім және шапағат сұрап, сәлем жолдағандардың сәлемдеріне жауап беруде. Алла толық білуші.

fatua.kz

 


[1] «Әнбия» сүресі, 34-аят.
[2] «Зумар» сүресі, 30-аят.
[3] Әл-Бәззар, «Кәшфу әл-астар» 1/379. Дәйләми, «Фирдаус муснады», 2/137. Әбу Бакір әл-Һайсами «Мажмағу әз-Зауайидта»
тап өтіп, риуаят еткен кісілері сахих деді. Әл-Хафиз әл-Ирақи «Туруқу әт-тасрибта» келтіріп иснады жақсы деген 3/297. Оған қоса бұны имам ән-Науауи, әл-Құртуби, әл-Қази әл-Ияз Және әл-Хафиз ибн Хажар сынды мухаддис ғалымдар сахих деп баға берген.
[4] Ахмад, 2/527. Әбу Дәуіт, 2/218.  Ибн Хажар «Фатху әл-Бәриде» риуаят етушілері сенімді тұлғалар деп келтірген. 6/488.
[5] Ахмад, 3/148. Мүслім, 4/184. Насайи, 1/419.
[6] Байһақи, «Хаяту әл-Әнбияи фи қубуриһим», 20-б. Әл-Хайсами «Мажмағ» атты кітабында: «Бұны Әбу Яғла, әл-Бәззар риуаят еткен. Әбу Яғланың риуаят еткен кісілері сенімді тұлғалар» деп келтірген. 8/386.
[7] Ахмад, 4/8. Әбу Дәуіт, 1/275. Насайи, 3/91.

Пікірлер Кіру