Атеисті иманға қалай шақырса болады?

23 тамыз 2021 7297 0
Оқу режимі

Саламатсыз ба! Имам мырза! Атеистік көзқарас ұстанатын досыма Алла Тағала бар екеніне сендіретін қандай дәлел айтуыма болады. Ақарыс Қуан


Жауап

Уа алейкум ассалам!

Құран Кәрімнің үштен бір бөлігі Жаратушы Хақ Тағала хақындағы аяттардан тұрады. Аталмыш аяттарда Алла Тағаланың серігі мен теңдесі жоқ жалғыз құдірет Иесі екендігі жан-жақты, түрлі мысалдармен өте шебер түсіндіріледі. Құран Кәрімде:

1. «Алла – барлық нәрсенің Раббы бола тұра, Одан басқаны Раббы (Ие) ретінде іздейін бе?», – деп (айт)...[1]»;

2. «...Менің Раббым – Ол сондай, өмір беріп тірілтеді және өлтіреді...[2]»;

3. «(Перғауын): «Ей, Мұса, сендердің Раббың кім?» – деді. (Мұса): «Біздің Раббымыз әрбір нәрсеге жаратылысын (бейне-бітімін) берген, кейін жолдарын белгілеп көрсеткен»,-деді[3]»;

4. «(Перғауын): «Әлемдердің Раббысы деген не?»,- деді. (Мұса (ғ.с.): «Егер анық сенетін болсаңдар, Ол жер-көктің әрі екеуінің арасындағылардың Раббы», – деді. (Перғауын) маңайындағыларға: «Естімей отырсыңдар ма?» – деді. (Мұса (ғ.с.): «Ол, сендердің де Раббыларың, бұрынғы ата-бабаларыңның да Раббысы», – деді. (Перғауын): «Шындығында, сендерге жіберілген осы – Пайғамбар жын соққан біреу»,-деді. (Мұса (ғ.с.): «Егер түсінетін болсаңдар, Ол шығыс, батыстың және екі арасындағылардың Раббы» деді[4]».

Құран Кәрімнен келтірілген нақли дәлелдерге қосымша ғалымдар ақли (ақыл-ой арқылы тану) дәлелдерін де қолданған. Бұрынғы ғалымдардың нақли дәлелдеріне назар аударыңыз:

Жағфар Садық [5] (р.а.) құзырында бір топ дінсіздер Жаратушыны жоққа шығарады. Сонда ғұлама: «Кемеге отырып, апатқа ұшырап көрдің бе?» – деп сұрайды. Дінсіз: «Иә, солай болған. Мен отырған кеме тесіліп, теңізшілер суға кетті. Мен жармасқан тақтай сынығын толқын жағаға шығарып аман қалдым», – деді. Ғалым: «Сол сәтте аман қалуды үміт еттің бе?» – деді. Дінсіз: «Иә». Ғалым: «Амандықты кімнен үміт еттің?» – деді. Дінсізде үн жоқ. Сонда Жағфар Садық: «Міне, сондай сәтте тек Жаратушыдан ғана амандық үміт етесің. Сені батып кетуден сақтаған да сол Жаратушы», – деді. Дінсіз осыдан соң иманға келген екен.

Әбу Ханифа (р.а.) мешітте отырғанда дахри[6] ағымының адамдары баса-көктеп кіріп келді. Дінсіз топ қылыштарын жалаңдатып ғалымды өлтірмек болады. Себебі, Құран аяттарына иман етпейтін дінсіздерді имам Ағзам үнемі ақли дәлелдермен тырп еткізбей ұстап алатын. Ұстанымдарының түкке тұрғысыз екенін өздеріне ұғындыратын. Сонда ғалым: «Менің сауалыма жауап беріңдер, соңыра не істесеңдер де өздерің біліңдер», – деді. Олар: «Айт, не уәжің бар?» – десті. Әбу Ханифа: «Жүк тиелген кемені көрдім. Ол толқындар мен соққан дауылға қарамастан ешбір шайқалмай түп-түзу кетіп бара жатыр екен. Тіпті, кемеде бірде-бір теңізші жоқ еді», – деген кісінің сөзіне не айтасыңдар, осы сөз ақылға қона ма?» – деді. Дінсіздер: «Жоқ, мына сөзің ақылға сыймайды», – десті. Сонға ғалым: «Толқында түп-түзу жүзіп бара жатқан кеме ақылға сыймаса, онда мына ғажайып ғалам, ондағы сан мыңдаған құбылыстар ешбір Жаратушысыз пайда болды деген тұжырым қалай ақылға қонады», – дейді. Дінсіздер де өз қателіктерін мойындап, Алла Тағала жүректерін тура жолға салып, иманға келген екен.

Имам Шафиғиден (р.а.) философтар «Жаратушының барлығына не нәрсе дәлел?» – деп сұрағанда, ғалым: «Тұт ағаш жапырағы. Оның дәмі де, исі де және түсі де бір емес пе?» – деді. Сауал қоюшылар: «Иә», – деп жауап қатты. Ғалым: «Оны құрт жесе, жібек шығады, бал арасы жесе, бал шырыны шығады, қой-ешкі жесе құмалақ шығады, ал киік жесе миск шығарады. Тұт ағаш жапырағы бір бола тұра, осының барлығын кім істеп отыр?» – деген екен. Ғалымнан қанағаттанарлық жауап алған философтар да тәубеге келген екен.

Ахмет бин Ханбал (р.а.) ақли дәлел ретінде: «Жылтыр қамал бар, оның ешбір саңылауы жоқ. Сырты құйылған күміс, іші саф алтын. Қамалдың қабырғалары шытынап ішінен есту-көру қабілеті бар бір жануар шығады. Әлбетте, мұның бір Жаратушысы бар екендігі анық», – деп, жұмыртқа мен балапан жаратылысын мысалға келтірген екен.

Халифа Һарун Рашид Маликтен (р.а.) Жаратушының барлығын ақылмен танып білуге дәлел сұрағанда, ғалым: «Түрлі дауыстар, алуан әуендер және әртүрлі тілдердің болуы дәлел», – деген екен.

Ал, дала арабы Жаратушының барлығына не дәлел деген сұраққа: «Жолда жатқан құмалақ түйенің, тезек есектің, ал құмдағы із болса жаяу жүріп өткен адамның барлығын көрсетеді. Ендеше, жұлдызға тола аспан, ұшы-қиыры жоқ ен дала және толқынды теңіздер барлық нәрсені білуші және құдіретті Жаратушының барлығына қалайша дәлел болмайды?[7]», – деген екен.

Түйіндей айтқанда, айтылған мысалдар Жаратушының барлығына теңізден тамшыдай ғана дәлел. Иә, кішкене инені де жасаған шебер ұста болғаны сияқты, бізді қоршаған айналамыздағы барлық жаратылыс пен түрлі құбылыстың да Иесі, құдіретті Жаратушысы бар екендігі сөзсіз.

 


[1] Әнғам сүресі, 164-аят
[2] Бақара сүресі, 258-аят
[3] Таха сүресі, 49-50 аяттар
[4] Шұғара сүресі, 23-28 аяттар
[5] Жағфар бин Мұхаммед Бақир бин Әли Зайн Абидин көрнекті табиғин ғалымдардың бірі. Сахаба Әлидің (р.а.) ұлы Хусейннің (р.а.) ұрпағы еді.
[6] Дахри – заманның (дәуірдің) бас-аяғы жоқ. Барлық нәрсені жаратушы заман деген көзқарасты ұстанатын атеистік ағым.
[7] Шарх ақида Тахауиа, 30-бет

Пікірлер Кіру