Ата-ананың рұқсатынсыз басқа елдімекенде тұру дұрыс па?

03 маусым 2022 527 0
Оқу режимі

Ассалаумағалейкум! Әке-шешемнің рұқсатын алмай, басқа елдімекенге тұрсам бола ма?


Жауап

Уағалейкумассалам!

Әрине, әрбір сапарға аттанар кезімізде ата-анамыздың батасын алып шығу – дінімізде ұнамды (мұстахап) іс. Ал әке-шешемізді қалдырып, басқа елдімекенге көшу мәселесінің дұрыс немесе бұрыстығы төмендегі екі шартқа байланысты:

1) Көшейін деп жатқан мекенге алып баратын жолдың және сол мекеннің қауіпсіз болуы.

2) Ата-ананың көшкісі келген баланың көмегіне, қарайласуына мұқтаж болмауы.

Әйгілі Ханафи мазһабының ғұламасы имам Касани былай дейді: «Адамның тірі қалуы үміт етілмейтін әрі қауіп-қатерге ұшырау мүмкінідігі өте жоғары болған сапарға ата-ананың рұқсатынсыз баланың шығуы адал емес. Бұл мәселеде негіз осы. Себебі, ата-анасы оған қатты алаңдап қиналатын болады. Ал ата-анасын мүшкіл жағдайға түсіріп қоймаса, қауіп-қатері болмаған сапарға олардың рұқсатынсыз шығуы рұқсат етіледі. Өйткені, бұл жағдайда ешқандай зиян жоқ»[1]. Имам Сарахси да тура осы мағынадағы сөздерді «шарху сиярил-кабир» атты кітабында баяндайды[2].

Демек, жоғарыда көрсетілген екі шарт табылса, басқа елдімекенге көшуге рұқсат етіледі. Соның өзінде ата-ананың көңілін тауып, баталарына ие болу – дінімізде ұнамды іс. Ал екі шарттың бірісі орындалмаса, онда көшуге тыйым салынады.

Алла Тағала Құран Кәрімде былай дейді:

﴿۞وَقَضَىٰ رَبُّكَ أَلَّا تَعۡبُدُوٓاْ إِلَّآ إِيَّاهُ وَبِٱلۡوَٰلِدَيۡنِ إِحۡسَٰنًاۚ إِمَّا يَبۡلُغَنَّ عِندَكَ ٱلۡكِبَرَ أَحَدُهُمَآ أَوۡ كِلَاهُمَا فَلَا تَقُل لَّهُمَآ أُفّٖ وَلَا تَنۡهَرۡهُمَا وَقُل لَّهُمَا قَوۡلٗا كَرِيمٗا٢٣﴾ [الإسراء: 23]

«Раббың Өзінен басқа ешкімге құлшылық етпеуге және ата-анаға жақсылық жасауға жарлық шығарды. Ол екеуінің бірі немесе екеуі бірдей қолыңда қартайса, (оларды ауырсынып немесе жақтырмаған сыңай танытып) тіпті «Түу!» деп те кеюші болма, сондай-ақ оларға дөрекелік жасама! Керісінше, оларға жанға жағымды жылы сөз айт!».[3]

Дарханұлы Тамирлан
Нұр-Сұлтан қаласы бойынша
пәтуаға жауапты маман

 


[1] Имам Касани, «Бадаиғ-санаиғ» 7 том, 98 бет
[2] Имам Сарахси, «Шархус-сиярил-кабир» 1 том, 197 бет
[3] «Исра» сүресі, 23 аят.

Автор: Muslim.kz порталы

Пікірлер Кіру