Құрбан шалудың сыры не?

08 шілде 2022 5657 0
Оқу режимі

Ассаламу алейкум! Құрбан шалудың сыры не? Жақсылық Мырзақасымов 


Жауап

Уа алейкум ассалам!

Құрбан шалу бірқатар хикметтер үшін міндет етілген, олар:

1. Нығметке шүкіршілік.

Құран Кәрімде: «Алла Тағаланың нығметтерін санасаңдар, оның есебіне жете алмайсыңдар...[1]», – деп ескертілгендей, құрбан шалу – Алла Тағаланың пендеге берген сансыз нығметтеріне деген шүкіршілік. Адам баласы ғұмыр бойы Жаратқан Құдірет Иесінің қисапсыз нығметтеріне бөленеді. Мәселен, бір жылдан келесі жылға аман-есен жету. Иман нығметі. Дене-мүшенің саулығы нығметі. Мал-дүние де сол нығметтер қатарында. Міне, осы нығметтердің барлығы үшін пенде Алла Тағалаға шүкіршілік етуге міндетті. Құрбандық шалу – шүкіршіліктің бір көрінісі. Қан шығарумен құлшылық орындалады, яғни Құран Кәрімнің: «(Ей, Мұхаммед!) Анығында, Біз саған Кәусарды бердік. Раббың үшін намаз оқы және құрбандық шал[2]», – деген әмірін орындаған болады.

2. Ибраһим (ғ.с.) сүннетін жандардыру.

Құран Кәрімде: «Ол (ұлы) оның өзімен бірге жүріп, әрекет етуге жеткен кезде Ол: Балам! Мен түсімде сені (құрбандыққа) шалып жатқанымды көремін. Байқап қарашы, сен не ойлайсың? – деді. Ол: Әкешім! Өзіңе бұйырылғанды орында. Алла қаласа, мені сабырлылардан табасың,– деді[3]», –деп, Ибраһимнің ұлы Исмаилдің (ғ.с.) иләһи әмірге бойұсынып құрбан ету сынағына ұшырағаны баян етіледі. Сонымен бірге, «Анығында, бұл – ашық сынақ. Және Біз оның орнына үлкен құрбандық бердік[4]», – деп, әкелі-балалы пайғамбарлардың үлкен сынақтан сүрінбей өткендігі айтылады. Сол оқиғаны еске ала отырып, құрбандық шалудың мұсылманға сынаққа төзу және әрбір істе сабырлық қажеттігін үйрететін ғибадат екен түсінеміз.

3. Садақа жасау.

Кісі өз шаңырағымен қоса көрші-қолаң және жора-жолдастарын айттық дастарқанға шақырып, мерекелейді. Құрбандық етін мұқтаж жандарға садақа етумен олардың қиыншылығын аз да болса жеңілдетіп, шаңырақтарына шаттық сыйлауға себепкер болады. Бұл игі дәстүр Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) заманынан күні бүгінге дейін жалғасып келе жатқан сүннет.    

 


[1] Нахл сүресі, 18-аят
[2] Кәусар сүресі, 1-2 аяттар
[3] Саффат сүресі, 102-аят
[4] Саффат сүресі, 106-107 аяттар

Автор: Muslim.kz порталы

Пікірлер Кіру