Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дінді толық жеткізіп кетті ме?

10 қараша 2022 5977 0
Оқу режимі

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дінді толық жеткізіп кетті ме?


Жауап

Барлық пайғамбар атаулы міндеттелген жұмысы үшін бар өмірін сарп етеді. Олардың жалғыз ғана мақсаты – Алла разылығына ие болу. Сол жолда адамдардың көңіліне жол табу, ешкімді Исламның ақиқатынан мақұрым қалдырмау. Рас, бұл екінің бірінің қолынан келе беретін іс емес. Кейбіреулер мақсаттарына кіріспей жатып босаңсып қалса, енді бірі ортасында шығып қалып жатады. Ал, пайғамбарлар өздерінің өмірлік мақсаты дінді тәблиғ ету жолында жүз пайыз жетістікке жеткен, нәтижесін де көзі тірісінде көріп кеткен.

Пайғамбарлардың барлығы міндеттерін мінсіз атқарды. Алайда ақырғы елші Мұхаммед Мұстафаның (с.ғ.с.) жауапкершілігі ерекше, өйткені одан кейін пайғамбар келмек емес. Ол – қияметке дейін келіп-кетер адамзаттың барлығына ортақ пайғамбар. Жұрттың көкейіне келер-ау деген барлық сұрақтарға жауаптарын айтып кетті. Алла Тағаланың Өзі кәмілдікке жеткізген діннің пайғамбары кішкентай нәрсені болса да айтпай кетті деу ақылға қонымсыз.

Құран кәрімде діннің кемеліне жетіп, Алланың адамдарға деген осы нығметінің тәмамдалғаны: «Бүгін діндеріңді кемелдікке жеткіздім. Сендерге арналған нығметімді тамамдадым. Діндеріңнің Ислам болуына разы болдым»[1] деп айтылған. Яғни, сендерге иман, ақида, ахлақ нормаларын белгіледім және ең керемет заң негіздерін үйреттім. Бұдан кейін бұл діннің ешқандай кемшілігі жоқ. Сендерге һидаят пен иманға апаратын төте жолды көрсеттім. Уақыт өткен сайын сандарың артатын үлкен үмбет қылдым. Мұсылмандар өзге ешқандай дінді қажет етпейтіндей, харамға қайта жоламайтындай діндерің иләһи нығмет болып қияметке дейін қала бермек дегендей.

Ешқандай да мораль негізі қалмаған араб жерінде Ислам діні кісі айтса сенгісіз биікке көтеріліп, он жыл ішінде Ирак пен Палестинаның оңтүстігінен бастап барлық араб түбегін қамтитын үш миллион шаршы шақырымнан асатын жерге жайылды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өмірден өткеннен кейін бес-ақ жылдың ішінде Еуропа мен Африка, Азия сынды үш құрлықтың қиырларына дейін барған. Ең қызығы сол, қаншама ұлт пен ұлыстар сонау алтын дәуір аталатын заманда өзара бейбіт өмір сүрді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзі көз жұмғанмен сөзі әлі күнге дейін үмбетін тура жолда ұстап келеді. Қоштасу қажылығында жүз елу мың адам болған деседі. Ал қажылыққа келе алмай елдерінде қалып қойған адамдар қаншама?

Хазірет Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) тәблиғының аяқталғаны оның өмірінің соңғы кездерінде Рәфиқул-Ағланы (Ұлы Досын) қалауы еді. Онсыз да қоштасу қажылығында «Мен өз міндетімді атқардым ба?» – деп сұрағанда, сахабалары бірауыздан: «Иә, сен міндетіңді кіршіксіз атқардың», – деп ағынан жарылғаны көп жайтты сездірген болатын.

Нұрлан Сайлауұлы, Әкім Алымуддинұлы


[1] «Мәида» сүресі, 3.

Автор: Muslim.kz порталы

Пікірлер Кіру