Тауып алған затты не істеу керек?
Тауып алған заттың иесін білмесең, ол затты пайдалана беруге бола ма? Немесе орынына садақа бере салсам бола ма?
Жауап
Луқата – иесі белгісіз, тауып алынған құны бар затқа қатысты айтылатын сөз. Жоғалған затты тауып алған адам иесіне қайтару ниетімен оны алуы – мубах (ұнамды іс). Тауып алғанын міндетті түрде жария етеді. Иесі табылса, қайтарып беру арқылы сауап алады. Ал «маған аспаннан түскен ризық» деп қалтасына салып алуы – харам. Сондай-ақ, аманатты сақтай алмайтынына және жария етуде хақысын бере алмайтындығына көзі жетіп тұрса, оған тиіспегені дұрыс. Ал аманаттың жауапкершілігін біліп, иесіне қайтарып беруіне сенімді болса, онда оны алудың еш айыбы жоқ.
Егер жоғалған заттың иесі сол маңайда жүрген болуы мүмкін деген ой келсе және әлгі дүние аманатқа қиянат жасамайтын адамдардың қасында болса, мұндай жағдайда оған қол тигізбегені абзал. Фатху әл-Қадир кітабында: «Өйткені, иесі оны қай жерге түскенін анық білмегенімен, жоғалтқан жерін іздейді. Егер көрген адамның ешқайсысы алмаса, иесі тауып алуы әбден мүмкін. Сондықтан алмағаны жақсырақ. Ал егер оны біреудің ұрлап кетуінен, бұзылуынан немесе адамдар аяқпен басып, топырақтың арасына көміліп қалуынан қорықса, затты алуы – уәжіп (міндет). Өйткені, малды бекер шашудан және бұзылып, құруынан сақтау міндет»[1].
Табылған зат тауып алушының қолында аманатқа айналады. Өзінің малын қалай сақтаса, тауып алған затты да солай сақтауы – міндет. Егер осылай етіп жүрген кезде ұрлатып алса немесе бұзылып яки жанып кетсе, оған ешнәрсе міндетті болмайды. Ал егер тауып алған затты қолдану барысында ол бұзылса, осыдан кейін иесі келіп талап еткен жағдайда жөндеуге келетін болса, жөндеп береді, жөндеуге келмесе орнына басқасын әпереді.
Затты тауып алғаннан кейін сол жердегі дүкендерге, базарларға, т.б. адамдар көп жиналатын жерлерде оны толық сипаттап бермей, ол туралы азғандай ақпарат беріп, жұртқа жариялайды. Сондай-ақ қазіргі таңда теледидар, әлеуметтік желілер арқылы да хабарландыру таратуға болады. Бұл – тауып алған адам мен заттың иесі арасында көпір болатын құралдар. Тез бұзылатын ет, жеміс, көкөніс сияқты зат болса, иесі келмеген жағдайда атынан садақа етеді, кедей болса өзі жейді. Бай болса сатып жібереді де заттың иесіне қарыз адам секілді ақшасын сақтап қояды. Ал бұзылмайтын нәрсе болса, сол заттың мөлшеріне, бағасына қарай жария етуі керек. Алтын сияқты қымбат немесе көп мал-мүлік тауып алса, оны ұзақ уақыт жария етіп, білдіруі керек.
Егер біреу «менің затым» деп келсе және сипаттарын толық әрі дәл айтса оған сеніп, беріп жібереді. Затты жария ету барысында ақшасын сарп еткен болса (мысалы, біреуді жариялауға жалдаған уақытта) оны заттың иесінен талап етуіне болады. «Менің затым» деп келген адам оның сипаттарын дәл айта алмаса, әлгі кісіге бермей, сақтап қояды.
Тауып алған затты қанша уақыт жария етуіне байланысты әртүрлі пікірлер бар. Заттың бағалы, арзан болуына қарай бұл уақыт мөлшері өзгереді. Зат бағалы болса, Мәлики, Шафиғи, Ханбали мазһабында бір жыл бойы жария ету керек деген. Имам Әбу Ханифа: «Бір граммнан көбірек алтын мөлшеріндегі зат бағалы деп есептелінеді», – деген. Хадистерде тауып алған затты бір немесе үш жыл жария ету туралы риуаяттар келген. Осы хадистерге мән бере отырып, Ханафи мазһабының ғұламалары: «Бұл жерде белгілі уақытты қою міндетті емес. Біраз уақыт жария еткеннен кейін иесінің келмейтініне көзі жетсе, ұмытып кетті деп ойласа және енді талап етпейді деген ой басым болатын мерзімге дейін оны жария етуін тоқтатпайды. Ол уақыт бір жылдан аз да, көп те болуы мүмкін», – деген пікірді қолдаған. Ханафи мазһабында осы сөзге пәтуа берілген. Тауып алған затты жетерліктей уақыт жария еткен соң иесінің келуінен үміт үзсе, ханафи мазһабында тауып алған адам бай болса оны пайдалануға болмайды. Ол затты иесінің атынан садақа етеді. Туысқандары, баласы кедей болса, соларға да садақа етуіне болады. Ал тауып алған адам кедей болса затты иесінің атынан өзіне садақа етіп, пайдалана береді[2]. Өйткені, жоғалған зат иесіне жетуі керек. Хақиқи жету сол затты иесіне қайтарумен амалға асса, мәжази (мағыналық, астарлы) иесіне жетуі оны иесінің атынан садақа ету арқылы болады.
Әйгілі ғұламалар (Мәлики, Шафиғи, Ханбалилер)[3]: «Тауып алған адам бай бола ма, кедей бола ма иесінің келуінен үміт үзсе, затты өзінің малы сияқты пайдалана беруіне болады. Күндердің бір күні иесі іздеп келсе, тауып алған затты немесе оның құнын қайтарып береді», – деген.
____________________
[1] Фатху әл-Қадир 4/423
[2] Фатху әл-Қадир 4/433
[3] Әл-Фиқһу әл-Исләми уә әдилләтуһу 5/782
Автор: Muslim.kz порталы