Пітір садақасын берудің сыры неде? (13 сауал)

15 мамыр 2018 11877 0
Оқу режимі

Ассаламу алейкум!
Пітір садақасының үкімі не? 


Жауап

С: Пітір садақасының үкімі не?
Ж: Өзінің баспанасы, киім-кешегі, үй жиһазы және көлігінен артық нисап мөлшерінше кез келген мал-дүние түріне ие болған мұсылманға пітір садақасын беру – уәжіп[1].

С: Пітір садақаны кімнің атынан береді?
Ж: Өз атынан және кішкентай балаларының атынан береді.

С: Кішкентай баласының пітір садақасын өз қаражатынан береді ме әлде баланың қаражатынан беру керек пе?
Ж: Егер баланың дербес қаражаты болса содан, әйтпесе әкесі өз қаражатынан береді.

С: Ер кісі әйелінің және үлкен балаларының атынан пітір садақа беруге міндетті ме?
Ж: Ер кісінің қамқорлығында болса да әйелі және үлкен балалары үшін пітір садақа беруге міндетті емес.

С: Пітір садақасын қай уақытта беру уәжіп?
Ж: Ораза айт күнінің таңы атқаннан бастап беру уәжіп болады. Егер кісі ораза айт таңы атқанша қайтыс болса, пітір садақасын беру уәжіп емес. Сол сияқты, таң атқан соң мұсылман болған кісіге немесе туылған нәресте атынан пітір садақа беру міндеттелмейді.

С: Пітір садақасын берудің мұстахаб уақыты бар ма?
Ж: Ия, бар. Пітір садақасын айт күні айт намазына шықпас бұрын беру құп саналады.

С: Пітір садақасын ораза айттан бірнеше күн ілгері берсе бола ма?
Ж: Ораза айт күннен бұрын пітір садақасын беруге болады.

С: Ал, ораза айт күнінен кешіктірсе ше?
Ж: Ораза айт күнінен кешіктірсе де, пітір садақасын беру мойнынан түспейді. Айт күнінен кейін болса да беруі міндет. Хадисте: «... Кімде-кім (айт) намазына дейін берсе, ол пітір садақа болады. Ал, (айт) намазынан кейін берсе ол жай садақалардың бірі[2]»,-деп айтылған.

С: Пітір садақасы кімдерге берілу керек?
Ж: Кез келген мал-дүниенің түрінен нисап мөлшерінше қаражаты жоқ мұқтаж және кедейлерге берілуі тиіс.

С: Пітір садақасын берудің сыры неде?
Ж: Абдулла бин Аббас (р.а.) риуаят еткен хадисте: «Алла елшісі (с.ғ.с.) пітір зекетін (садақасын) оразаны жаман іс-әрекет пен жаман сөзден тазалаушы және мұқтаждарға ас болу үшін міндеттеді[3]», – делінген.

С: Пітір садақасының мөлшері қанша?
Ж: Пітір садақаның мөлшері жарты сағ бидай немесе құрма, мейіз және арпа өнімдерінен бір сағ.

С: Пітір садақасын осы аталған өнімдерден басқа теңге, күріш немесе жүгерімен берсе, оның үкімі қандай?
Ж: Жоғарыда көрсетілген (бидай, құрма, мейіз немесе арпа) өнімдері мөлшерінің бағасына шақтап, пітір садақа ниетімен берсе, орындалады.

С: Сағ дегеніміз не, оның мөлшері қандай?
Ж: 1 сағ – 4 муддке немесе 5.1623гр. тең[4]. Яғни, шамамен 1 сағ – 4кг. Демек, бидайдан – 2кг, ал құрма, мейіз және арпадан – 4кг. Немесе осы өнімдердің ақшалай бағасын беруге болады.

Руслан Қамбаров


[1] Әт-Тасһил әд-Дарури, 116-118 беттер
[2] Әбу Дауд, Ибн Мажаһ
[3] Әбу Дауд
[4] Әл-Лубәб, 160-бет

Пікірлер Кіру