Марқұм анамның атынан ораза тұтуыма болады ма?

02 мамыр 2019 11234 0
Оқу режимі

Ассалаумағалейкум! Менің анам бақилық болған. Анамның атынан дүйсенбі және бейсенбі күндері ораза тұтуыма болады ма? Сонымен бірге, марқұмның атынан намаз оқуға болады ма, шариғат не дейді? Алла разы болсын! Толқын.    


Жауап

Уа алейкум ассалам, Толқын!

Сахабалар (р.а.) өз кезегінде марқұмдарға сауабы тиетін қажылық, ораза, нәзір ғибадат, құлды азат ету, дұға, истиғфар және садақа сияқты амалдар хақында Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) сұраған.

Имам Муслим бас болып көп ғалымдар риуаят еткен кең тараған хадисте Әбу Һурайра (р.а.): «Адам қайтыс болса, амалы тоқтайды. Алайда, үш жолмен: тоқтаусыз садақа (яғни ел игілігі үшін салған көпірі, мешіті, медресесі, мектебі, ауруханасы т.б.), ел пайдаланатын ілімі, артынан қалған ізгі ұрпағының дұғасы (сауап боп) үздіксіз барып тұрады»[1], – деген.

Мұсылман қайтыс болып, жамбасы жерге тигенде өзінің амалы тоқтайды. Ал, перзентінің жасаған дұғасы, өзгелерге берген пайдалы ілімі және тоқтаусыз садақасы арқылы сауап артынан барып тұратыны шүбәсіз. Сонымен бірге, үлкен-кіші қажылық, ораза, нәзір[2]  құлшылығы, истиғфар мен дұға тілеу сияқты амалдардың да марқұмға сауабы тиетіндігі хадистерде айтылған. Солардың қатарында ораза да бар.

Мәселен, Ибн Аббас (р.а.) риуаяты. Бір ер кісі Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келіп: «Уа, Алла елшісі! Менің анам қайтыс болған, мойнында бір ай ораза қарызы бар еді. Ол кісінің атынан қазасын өтеуіме бола ма?» – деп сұрады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) әлгі кісіге: «Иә, Алланың қарызы (басқа қарыздардан бұрын) өтелуі тиіс», – деді. Осы хадистің соңында имам Муслим жеткізген хабарда: Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ол кісіден: «Анаңның (кісілерден алған) қарызы болса, ананың атынан өтер ме едің?» – деп сұрайды. Ол: «Иә», – деді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Алланың қарызы (басқа қарыздардан бұрын) өтелуі тиіс»[3], – деп жауап берді.

Сағд бин Убада (р.а.) Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.): «Анам бақилық болғанда, өтелмей қалған нәзір оразасы бар еді. Анамның атынан қазасын өтесем болады ма?» – деп сұрайды. Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Анаңның атынан (нәзір оразасының) қазасын өте»[4], – деп жауап берген екен.

Ескере кететін жайт, бұл хадистерде айтылып тұрған мәселе – парыз немесе нәзір оразаларын белгілі себептермен өтей алмай қайтыс болған адамдар жайында. Ал, ешуақытта ораза тұтпаған адамның атынан ораза ұстау деген шариғатта жоқ. Сонымен қатар, намаз марқұмның атынан орындалатын және сауабы бағышталатын құлшылықтар қатарына жатпайды.

 


[1] Сахих Муслим 3/1255, Термизи 3/660, Әбу Дауд 3/117, Муснад Ахмад 5/269.
[2] Нәзір – бір қайырлы іс ойдағыдай жүзеге асса, Алла ризашылығы үшін ғибадаттың бір түрін орындауды уәде ету. Мәселен, «аурудан айықса, бір малды құрбан етемін немесе ағам сапардан аман-есен келсе бір апта ораза тұтамын» деген сияқты.
[3] Сахих Бухари 2/690, сахих Муслим 2/804
[4] Әбу Дауд, 3/236

Тегтер: рамазан ораза
Пікірлер Кіру