«Бисмилләсіз» сойылған мал етін жеуге қай кезде рұқсат?

03 шілде 2019 11514 0
Оқу режимі

Ассалаумағалейкум! Айша анамыздың (р.а) пайғамбарымызға «Уа, Алланың елшісі! Бір адамдар үйге ет алып келеді, бисмилләні айтты ма, жоқ па, білмейміз» дегенде: «Сендер айтыңдар да жей беріңдер» деген хадисін түсіндіріп бересіз бе?


Жауап

Уағалейкумассалам!

Сіз сұрап отырған хадистің толық нұсқасы былайша баяндалады. Айша анамыз (р.а.) риуаят етеді: «Пайғамбарымызға (с.ғ.с) бір топ адам келіп: «Уа, Алланың елшісі! Кейбір адамдар[1] үйімізге ет алып келеді, мал бауыздар уақытта бисмилләні айтты ма, жоқ па білмейміз», – деген еді. Пайғамбарымыз: «Сендер бисмилләні айтыңдар да жей беріңдер», – деді.[2]

Осы хадиске сүйене отырып, Ислам ғұламалары «Бисмилләні айтып, жей беруге рұқсат етілетін жағдайлар» деп мыналарды көрсеткен:

1. Мал бауыздар уақытта «бисмиллә» сөзі айтылған болса (күмән жоқ).

2. Ұмытып не білместікпен айтылмай қалса немесе бисмиллә айтылмай қалды ма деп күмәнданса (Мұсылманнның бауыздаған малы адал)

3. Әһли кітаптың (христиан не яхуди) бауыздаған малы.

Еттің желінуіне тыйым салынған жағдайлар:

1. Алланың атына емес, өзге  нәрсеге атап сойылған мал. (Анық болуы шарт, көзбен көру секілді. Сырттан тон пішу жарамайды)

2.  Әдейі бисмиллә сөзін айтпаса.

3. Бауыздалмай арам өлген мал.

4. Әһли кітаптан тыс дін өкілдерінің сойған малдары

Ескерту! Базар сөрелеріндегі еттен барынша сақтанған жөн. Себебі, ол жерге адалы да, арамы да келіп жатады. Ал, сенімді орын болса оның жөні бөлек.

Ғазиз Ахмет
 

 


[1] Өзге риуаяттарда бұл адамдардың бәдәуилер екендігі айтылған.
[2] Бухари, Сахих, Әтғима, 5061. Муслим, Сахих, Әшрибә, 2022. Тирмизи, Сунән, Әтғима, 1857. Әбу Дәуд, Сунән, Әтғима, 3777. Ахмәд ибн Ханбәл, Муснәд, 4/26.

Пікірлер Кіру