Басқа сектаға кірген мұсылманның жаназасы оқыла ма?

24 шілде 2019 7755 0
Оқу режимі

Ассаламалейкум! Басқа сектаға кірген адамның жаназасы оқыла ма?


Жауап

Уағалейкумассалам!

Егер де бір мұсылманның жақыны басқа дінге кіріп дүние салғаны белгілі болса, сектаға кірген жақынын мұсылманша жуындырып, кебіндемейді, жаназасы оқылмайды.  Артынан сауап амалдар да бағышталмайды. Себебі, ол пенде бұндай амалдарға лайықты болып саналмайды. Өзінің киген киіміне орап, бөлек жерлейді. Яғни, мұсылмандардың зиратына қойылмайды. Жерлегенде де мұсылманша ақым қазылмайды. Шұңқырға тастаумен шектеледі.

Мұсылман жақындарының бұлай жасауы - жақындық міндеті, бәлки адамдық міндеті. Топыраққа көму қажеттігі - имансыз өткен мәйіттің сүйегі ит-құсқа жем болмас үшін, қоршаған ортаға зиян тигізбеу үшін жасалады.[1] Немесе  өзге дін өкілдеріне  мәйітін тапсырады. Басқа мұсылмандар ол пенденің имансыз, басқа дінге кіріп, кейін сол күйінде қайтыс болғанын білсе қазасына қатыспайды.

Өйткені, Алла Тағала мұсылмандарды бұл амалдан қатаң түрде қайтарып, Қасиетті Құранда: «(Уа, Мұхаммед!) Олардың мәңгілікке (зиян шегіп) өлген бірде-біреуінің жаназасын оқыма һәм дұға ету мақсатында қабірінің басына барып тұрма. Расында, олар Алланы да, пайғамбарын да мойындамай күпірлік қылды әрі тура жолдан тайған азғын күйінде өлді», дейді Тәуба» сүресі, 84-аят).

Алла Тағала  барша мұсылман отбасын бұндай бақытсыздықтан сақтасын!

Асқар Мұқанов

Тегтер: секта жаназа
Пікірлер Кіру