Құрбан шалу жайында жиі қойылатын сұрақтар

03 тамыз 2019 14943 0
Оқу режимі

Құрбан шалу жайында жиі қойылатын сұрақтар.

 


Жауап

Құрбан шалу кімге уәжіп? Бір отбасыға бір құрбандық жете ме?  


Ханафи мәзһабы бойынша төмендегі талаптарға сай әр адамға құрбандық шалуы уәжіп:

  • Мұсылман  болуы керек
  • Тұрғылықты (жолаушы болмау)
  • Ақыл-есі дұрыс
  • Балиғатқа толған 
  • Бақуатты[1]. (Негізгі қажеттерден тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болу. Нисап мөлшері – 85 грамм алтын немесе осы құнға тең келетін артық мүлікке ие болу).

Бұл дегеніміз,  бір отбасыдағыкәмелетке толған, ақыл-есі дұрысжәне де өзінің жеке байлығы  бар ұл-қыздары мен өзінің жеке байлығы  бар зайыбы да өз алдына бір қой құрбандық шалуы тиіс. Әкесінің шалған бір қой құрбандығы оларға жүрмейді.

Бірақ, өз дүниелері болмаса, отағасының шалған құрбанының сауабы оларға да жазылады. Себебі, ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у) шалған құрбанының сауабын үмбетімен де бөлісетіндігі риуаят етіледі. Сахаба Жәбір ибн Абдулла былай дейді:«Пайғамбарымызбен бірге құрбан айт намазын оқыдым. Ол (с.а.у) намаздан шығып, бір қошқар алып келді. Оны құрбандыққа шалып жатып: «Бисмилләһи Аллаһу әкбәр. Уа Раббым! Бұл (құрбандық) менің және үмбетімнің ішінен құрбандық шала алмағандар атынан», – деді»[2]. 

2. Құрбандыққа атаған малым жоғалды, не істеймін?

Арнайы құрбан үшін атаған малы өліп қалса немесе жоғалып кетсе, мал иесінің жағдайына қараймыз: мал иесінің жағдайы төмен болса, әлгінің орнына басқасын шалуына міндетті емес. Ал, бақуатты болса орнына басқа мал шалуы шарт.[3]

3. Қарызға ақша алып, құрбандық шалуға  бола ма?

Шариғатта тұрмысы төмен кісілерге құрбандық шалу міндеттелмейді. Қарызданып-қауғаланып болса да, құрбандық шалсын деген үкім жоқ. Дегенмен, сауап үшін қарызға ақша алып оған құрбандық шалатын болсаңыз, оның еш ағаттығы болмайды.  

4. Шек беру дұрыс па?

Еліміздің кейбір аймақтарында қайтыс болған жақындарына арнап Ораза айты мен Құрбан айттан бұрын мал сойып,  туған-туыс немесе ауыл қарияларын асқа шақырады.  Бұны бізде «шек беру» дейді. Шекте қайтыс болған кісілердің аты аталып, әруақтарына құран бағышталады.

Өлген кісіге сауап болсын деген мақсатпен мал сойып,  құрбан шалу шариғатта да бар. Бұған дәлел, Әбу Дәуідте келген бір хадисте Әзірет Али Пайғамбарымыздың да рухына арнап бөлек бір қошқарды құрбанға шалғаны айтылады[4].  Сондықтан шек беріп, сауабын өлген кісіге бағыштау шариғатқа теріс емес.

Дегенмен, қазіргі кезде құрбан айтынан бір күн бұрын мал сойып, шек беріп, айт күні құрбан шалмайтындар да бар.

Шариғат бойынша, сойылған мал «уәжіп құрбандық» боп есептелуі үшін Құрбан айт намазы басталған уақыт пен айттың үшінші күнгі ақшам намазы аралығында шалынуы керек[5]. Бухари риуаят етілген хадисте: «Кімде-кім айт намазынан бұрын құрбан шалған болса, құрбаның қайта шалсын!»[6], – делінген. 

Ендеше, арапада шек беру мақсатында мал сойған кісі тұрмысы төмен болса,  Құрбан айты келгенде қайта құрбан шалуының қажеті жоқ. Ал, бақуатты кісі айт күнінде қайта «уәжіп құрбан» шалуы тиіс. Арапа күні шек беру мақсатында сойған малы нәпіл құрбаны санатына кіреді.    

5. Жесір әйелге құрбан шалуға болмайды деген рас па?
  • Ассалямуалейкум! Сіздерден сұрайын дегенім: Құрбан шалуға ниет еткен әйел кісіге бір танысы
    «жолдасыңның (күйеуі) қайтыс болғанына 3 жыл болған жоқ, саған құрбан шалуға болмайды» депті. 
    Енді ол кісі түсініксіз жағдайда, не істесе болады? Маржан.

Уағалейкумуссалам! Маржан, егер әйел кісі бақуатты болса, құрбан шалуы – уәжіп. Бақуатты болмаса, құрбан шалуға міндетті емес, дегенмен сауап үшін құрбан шалуына да болады, етін таратпай өзіне қалдыруына құқылы. Ерінің қайтыс болуы құрбан шалуына кедергі емес. Әрбірден соң, мүмкіндігі болса, қайтыс болған ерінің атына арнап бөлек құрбан шалып, сауабын марқұм жарының рухына бағыштап жібергені дұрыс. Бірақ міндет емес.    

5. Құлағына ен салынған мал құрбандыққа жарамды ма?
  •  Шалатын құрбандықтың құлағы кесілген болса, яғни ені салынған болса, ол жарамды ма? 
    Тілік көлемі қаншалықты болуы керек? Ақылжан Мырзалин

Қадірлі Ақылжан, малды құрбандыққа жарамды деуіміз үшін кейбір кемшіліктен ада болуы шарт.  Сол кемшіліктердің бірі ретінде малдың құлағы мен құйрығының кесілгендігін айтамыз.  Өйткені, Әзірет Әлидің:«Пайғамбарымыз (с.а.у) бізге құрбандық малының екі көзі мен екі құлағы сау болуына мұқият қарауымызды бұйырды» [7], – дегендігі риуаят етіледі.    

Сондықтан, құлағы мен құйрығының жартысынан астамы кесілген болса,  ол мал құрбандыққа жарамсыз, ал  жартысынан аз кесілген болса, құрбандық ретінде шалуға рұқсат. Бұл Имам Әбу Юсуф пен Имам Мұхаммедтің тұжырымы.  Әбу Ханифа бойынша үштен бірінен көп кесілсе жарамсыз.  Десе де, Әбу Ханифа  екі шәкіртінің пікірін құптағандығы  деректерде бар[8]. 

Ендеше, ен салынған малдың құлағының жартысынан көбі аман болса, ол мал құрбандыққа жарамды.

6. Құрбанымды өзге біреуге шалдыруға бола ма?

Құрбандық шалуы уәжіп кісі басқа бір адамды тікелей болмаса, телефон  немесе хат  жолдау арқылы өзінің орнына өкіл ретінде құрбан шалуы үшін тағайындай алады[9].  Сондықтан туыстарыңыздың  біріне айтып, құрбан малын бауыздата аласыз. Және ол құрбандықты сіз шалған болып есептелесіз. Пайғамбарымыздың да қасапшыларға құрбан шалдырғандығы хадистерде айтылған[10].

7. Құрбанға шалынған малдың терісін сатуға бола ма?

Құрбанға шалынған малдың терісін садақа етіп берген абзал. Өңдеп үй қажеттілігіне де қолданса болады. Себебі, етін жеуге рұқсат етілген малдың, терісін қолдануға да рұқсат болуы заңды. Оның үстіне  Айша анамыз құрбанға шалынған малдың терісінен мүтара[11][1] (сиқа-سِقاء)жасап қолданатыны деректерде келген[12][2].

Бірақ, оны (құрбан терісін) ақшаға сату – мәкрүһ. Өйткені Пайғамбарымыз (с.а.у): «Кім құрбанынын терісін сатса, шалған құрбаны жоққа есеп»,[13][3] – деп теріні сатпауды баса айтуда. Дегенмен, түскен ақшаны садақа ету мақсатында теріні сатуына болады[14][4].

8. Қыз баласына құрбан шалуға болмайды дейді, сол рас па?

Әйел кісіге өз қолымен құрбанын шалуына да, сондай-ақ, өзгеге шалдыртқанда қасында қарап тұруына да болады, мұның ешбір ағаттығы жоқ. Бұған дәлел келтірер болсақ, «Әл-Мүстәдрак» атты хадис жинағында келген бір риуаятта Алланың Елшісі (с.ғ.у.) қызы Фатимаға: «Ей, Фатима! Құрбан малыңның қасына барып, қарап тұр! Оның қанының алғашқы тамшысы сенің өткен күнәларыңның кешірілуіне себеп болады. Құрбан шалынып жатқанда мынаны оқы: «Сөзсіз менің намазым да, құлшылығым да, өмірім де, өлімім де бүкіл әлемнің Раббысы Аллаһ тағала үшін!»[15], – деп кеңес еткен.

9. Құрбандық малын сатып аларда саудаласу күнә ма?

Құрбандыққа мал сатып алғанда, сатушымен саудаласуыңыздың шариғат бойынша ешбір ағаттығы жоқ. Маңыздысы – меңшігіңізге өткен, құрбандыққа жарамды малды сою.

Құрбан айт кезінде мал бағасы шамадан тыс шарықтап кететіндіктен сатушымен саудаласуға немесе арзандау жер  іздеуге құқылысыз.

10. Садақа «құрбан орнына» жүре ме?

Құрбан шалудың шарты – малды бауыздап, қан ағызуында[16]. Бұл дегеніміз – құрбандық болып есептелуі үшін міндетті түрде айт күндері мал сойылу керек деген сөз, малдың орнына оның ақшасын садақа етіп тарату арқылы міндетінен құтыла алмайды. Бұл пәтуа құрбан шалуға міндетті болған бақуатты кісілерге арналған.

Ал, сауап алғысы келген тұрмысы нашар кісінің  – өз ықтиярында. Дегенмен, жылына бір рет келетін Құрбан айт мейрамында садақа етіп бергеннен гөрі құрбандық шалғаны дұрыс[17]. Өйткені, құрбандыққа шалынған малдың әрбір қылшығы үшін сауап жазылатындығы хадистерде айтылған.

  • Тағы бір ескерер жайт, өзіңіздің орныңызға басқа бір адамды өкіл ретінде құрбан шалуы үшін тағайындай аласыз. Және ол құрбандықты сіз шалған болып есептелесіз.
11. Құр­бан­дық­қа қандай малдар жарамды?

Тек қа­на қой, еш­кі, сиыр жә­не түйе мал­да­рын ға­на құр­бан­дық­қа ша­лу­ға бо­ла­ды. Құр­бан ре­тін­де ша­лы­на­тын қой жә­не еш­кі кем де­ген­де бір жа­сар, сиыр екі жа­сар, түйе бес жа­сар бо­луы ке­рек. Ал­ты-же­ті ай­лық ке­пе қо­зы бір жа­сар қой сияқ­ты се­міз, ет­ті бол­са, құр­бан­дық­қа ша­лу­ға жа­райды. Қой мен еш­кі­нің ер­ке­гін, сиыр­дың ұр­ға­шы­сын ша­лу аб­зал. Тауық, қо­раз, қаз, үй­рек сияқ­ты құс­тар құр­бан ре­тін­де сойыл­майды.

Сондай-ақ, Пай­ғам­ба­ры­мыз (с.а.у.) құр­бан­дық­қа жа­ра­май­тын мал ту­ра­сын­да: «Со­қыр­лы­ғы анық бел­гі­лі со­қыр, ауруы бел­гі­лі ауру­шаң, (жү­ре ал­май­тын­дай дә­ре­же­де) ақ­сақ­ты­ғы бел­гі­лі бол­ған ақ­сақ жә­не жі­лі­гі кө­рі­не­тін­дей өте арық мал­дар құр­бан­дық­қа жа­ра­майды», – де­ген.

Ха­на­фи мәз­һа­бы­ның ға­лым­да­ры ха­дис­те ай­тыл­ған құр­бан­дық­қа жа­ра­май­тын мал­дар­да­ғы кем­ші­лік­тер­ге қиас (са­лыс­ты­ру) жо­лы­мен бас­қа да кем­ші­лік­тер­ді қос­қан. Ол кем­ші­лік­тер мы­на­лар:

  • Бір кө­зі со­қыр
  • Сойыла­тын жер­ге же­те ал­май­тын дә­ре­же­де әл­сіз
  • Құ­ла­ғы не­ме­се құйры­ғы ту­ма­дан жоқ не­ме­се ба­сым бө­лі­гі ке­сіл­ген
  • Тіс­те­рі­нің кө­бі тү­сіп қал­ған
  • Ем­шек­те­рі­нің ба­сы жұ­лы­нып қал­ған
  • Бір мүйізі не­ме­се екеуі де тү­бі­нен сын­ған

Құр­бан ша­луы уә­жіп бол­ған кі­сі­нің құр­бан­дық ма­лын­да атал­мыш кем­ші­лік­тер­дің біреуі са­тып ал­ған­нан кейін пайда бол­са не­ме­се ал­ған ма­лы өліп қал­са, қайта­дан құр­бан­дық­қа жа­рай­тын мал са­тып алып ша­луы ке­рек. Ал өзі­не құр­бан ша­лу уә­жіп бол­ма­са да, сауап үшін ша­лу­ды ниет ет­кен ке­дей адам­ның са­тып ал­ған құр­ба­нын­да бір кем­ші­лік пайда бол­са, сол мал­ды ша­ла бе­ре­ді. Тіп­ті құр­бан ша­луы уә­жіп бол­ма­ған ке­дей адам, бойын­да кем­ші­лі­гі бар мал­ды са­тып алып, құр­бан ре­тін­де ша­луына бо­ла­ды. Өйтке­ні, ке­дей адам­ның шал­ған құр­бан­ды­ғы – нә­піл құр­бан. Нә­піл ғи­ба­дат­та ке­ші­рім бар[18].

12. Құрбан малының қай ағзасы желінбейді?

Жалпы, еті адал малдардың мына ағзалары желінбейді: аққан қаны,аталық-аналық мүшелері, дорба бездері, қуығы, өті.  Өйткені, Алла тағала Құранда: «..Жақсы нәрселерді олар үшін адал етіп, жек көрінішті жаман нәрселерді харам етті»[19], – дей келе, таза азықпен азықтануымызды білдіріп тұр. Ал, жоғарыдағы ағзалар, жалпы алғанда, адам табиғаты ұнамсыз санайтын нәрселер. Сондықтан оларды жеу – харам[20].

Сондай-ақ, ардақты Пайғамбарымыздан келген мүрсәл бір хадисте: «Алла Елшісі қойдың мына ағзаларын (харамға жақын) мәкрүһ санайтын: аталық-аналық мүшелерін, дорбасын, бездерін, өтін, қуығын, қанын» делінген[21].

13. Құрбандықты уақытында шала алмаса, не істеу керек?

Құрбандық шалу ниетімен сатып алынған малды уақытысында соя алмаған тұрмысы төмен кісі ол малдытірідей садақа етіп береді.  Ал, бай-бақуатты кісі малдың құнын ақшалай кедей-кепшікке таратуы тиіс[22].

Сондай-ақ, құрбандық ниетімен сатып алынған малы өліп қалса, тұрмысы төмен кісі басқа мал сатып алып, құрбандық шалуына міндетті емес. Бақуатты кісіге – міндет[23].

14. Құрбандық етін христиан көршіме берсем, бола ма?

Құрбандық етінен өзге дін иелеріне де садақа етіп беруге шариғатымызда рұқсат. Өйткені, Алла тағала Құран Кәрімде: «Алла (Т.) дін үшін сендермен соғыспаған және жұрттарыңнан шығармағандарға жақсылық қылуларыңа, әділдік етулеріңе тыйым салмайды. Расында Алла (Т.) турашылдарды жақсы көреді», – дей келе, өзге дін иелеріне жақсылық жасауға болатындығын айтуда. Ал, құрбандық етін беру де өзгеге жасалған жақсылық болып есептеледі. Демек, оны өзге дін иелеріне берудің ешбір ағаттығы жоқ. Бұл әрекет бір шетінен сауап, екіншіден өзге діндегілердің Исламға деген жақсы көзқарастары қалыптасуына септігін тигізуі мүмкін.

Ертеректе сахабалар да құрбандық етінен өзге дін иелеріне бергендігі деректерде келтірілген. Мысалы, Тирмизидін хадис жинағында келген риуаятта Мүжәһид былай дейді:«Сахаба Абдулла ибн Амрдің үйінде бір қой құрбандыққа шалынды. Сонда Абдулла ибн Амр: «Көршіміз Яһудиге (етінен) бердіңдер ме? Көршіміз Яһудиге (етінен) бердіңдер ме? – деп сұрады да ары қарай сөзін – Мен Пайғамбарымыздың былай дегенің естідім: «Жәбрайыл маған көршіге жақсылық жасауды көп кеңес еткендігі соншалықты, көршіні де мүрагерлікке кіргізеді ме деп ойлап қалдым»,– деп өрбітті»[24].

Ендеше, құрбандыққа шалынған малыңыздың етін көршіңіз христианға да берсеңіз, сіз үшін сауап болмақ.  

15. Неге жылқы малы құрбандыққа шалынбайды? 

Жылқы малының құрбандыққа шалынбауының басты себебі – Алла тағаланың Құранда айтылған мына бұйрығы:

 وَلِكُلِّ أُمَّةٍ جَعَلْنَا مَنسَكًا لِّيَذْكُرُوا اسْمَ اللَّهِ عَلَىٰ مَا رَزَقَهُم مِّن بَهِيمَةِ الْأَنْعَامِ ۗ فَإِلَـٰهُكُمْ إِلَـٰهٌ وَاحِدٌ فَلَهُ أَسْلِمُوا ۗ وَبَشِّرِ الْمُخْبِتِينَِ

«Біз әрбір үмбет үшін, өздеріне берген жануарлардан: түйе, сиыр, қой және ешкіден, Алланың ғана атын атап, құрбан шалуды бекіттік. Өйткені, Құдайларың - бір-ақ Құдай. Сондықтан Соған бой ұсыныңдар! (Мұхаммед!) Ықыластыларды қуандыр»[25]

Осы аяттың арапша түпнұсқасында «бәһимәтул әнъам - بَهِيمَةِ الْأَنْعَامِ» сөз тіркесі ашық-айқын айтылған. Арапшада «бәһимә» сөзі – жануар, мал деген мағынаны білдірсе, ондағы «әнъам» сөзі арапшада төрт мал түрін қамтиды. Олар: түйе, сиыр және қой, ешкі[26].  Бұл дегеніміз, аятта бекітілген малдардан өзге, жылқы, тауық, қаз, үйрек т.б. хайуандар - құрбандыққа жарамсыз деген сөз дейді ғалымдар. Мұнда мәзхаб ғұламалары арасында талас жоқ.  

Өйткені құрбандық шалу – намаз, зекет іспетті, Аллаға құлшылық етудің бір түрі.  Ал құлшылыққа қатысты үкімдер көбіне аят және хадиспен бекітіледі. Аятта білдірілген үкім егер ешбір болжамды керек еттірмейтіндей ашық-анық келген болса, бұлжытпай сөзбе-сөз орындалуы тиіс. Одан артық немесе кем ешкім үкім баян етуіне құқы жоқ. Жылқы малының құрбандыққа шалынбауының төркіні осында жатыр.  Ең дұрысы – Аллаға мәлім.

16. Ірі қараны бірігіп шалғысы келген 7 адамның бірі ақиқа құрбанына ниет етсе, ол жарамды ма?

Түйе мен сиыр - жеті адамның құрбандығына жүреді. Бірақ ондағы шарт - жеті адамның жетеуінің де ниеті Аллаға жақындау, сауап алу мақсатында болуы тиіс. Сіз айтып отқандай, жетеудің біреуі ақиқа құрбанын союды немесе Пайғамбар атына құрбан шалуды т.б. Алла ризалығын алу, сауап алу ниетінде болып жатса, оның құрбанға еш зияны жоқ.

Алайда, араларында біреуінің ниеті – сауап алу емес, ет алу болса, Ханафи мәзхабында бәрінің құрбаны есептелмейді[27].

Құрбан айтқа дейін тырнақ пен шашты алмау керек дейді, сол рас па?
  • Әссәләмуғалейкум! Зүлхиджа айында құрбандық шалғанға дейін тырнақ пен шашты алуға болмайды дейді, сол рас па? Бауырлар айтады Сахих Бухариде осындай хадистер бар деп.  Аллаһ разы болсын сіздерге!

Уағалейкумсалам! Сіз сұрап отырған мәселеге қатысты Пайғамбарымыздан бірнеше хадис жеткендігі рас. Мысалы, Сахих Муслимде келтірілген бір хадисте былай делінеді: «(Зулхиджа айының) Он күні кіргенде, құрбан шалғысы келген әлдекім, шашына және тырнағына тимесін»[28]

Алайда, бұл хадистен мәзхаб ғұламалары үш түрлі үкім шығарған:

1) Шафиғи мәзхабында: Зулхиджа айы кіргеннен кейін он күн бойы Құрбан шалғысы келген кісінің тырнағы мен шашын алмауы сүннет, парыз емес. Тырнағын немесе шашын алған жағдайда тек мәкрух болады.

2) Ханбәли мәзхабында: Аталмыш он күн ішінде, Құрбан шалғысы келген кісінің тырнағы мен шашын алуы – харам.

3) Ханафи мәзхабы мен Мәлики мәзхабында: Зүлхиджа айының он күнінде құрбан шалғысы келген кісінің шашын және тырнағын алмауының үкімі – мұстахаб, сүннет емес. Осы күндері әдемі киініп, әтір себіну қалай тыйым салынбаған болса, дәл солай шаш немесе тырнақ алу да харам емес. Ихрамнан шыққан адамның жағдайы секілді[29].  

 

Үшінші топ ғалымдарының сүйенген дәлелі мынадай: Заяд ибн Әби Суфиян деген кісі Айша анамызға хат жолдады. Хатында былай дейді: «Сахаба Абдулла ибн Аббастың айтуы бойынша, кім Меккеге құрбандық жіберсе, құрбандығы шалынғанға шейін, (қажылық парызын өтеушілерге) ихрамға кіргенде не нәрсе тыйым салынатын болса,  оған да тыйым салынады екен», - деп, бұл мәселе жайында Айша анамыздың пікірін сұрайды. Сондай Айша анамыз (р.а.) оған жауап ретінде: «Бұл мәселе  - Ибн Аббастың айтқаны секілді емес. (Хижреттің тоғызыншы жылы) Пайғамбарымыздың құрбандығына арқанды мына екі қолыммен өзім өргенмін. Пайғамбарымыз құрбандық малын  өз қолымен байлады. Сосын ол құрбандықты әкем Әбу Бәкірмен бірге, Меккеге аттандырды. Сол кезде Пайғамбарымызға Алланың халал еткен нәрселерінің еш қайсысы харам етілмеген еді. Тіпті құрбандары шалынғанға дейін де».[30]

Осы хадиске ұңіліп қарайтын болсақ, Меккедегі қажылық парызын орындаушы мұсылмандарға, ихрамға кіргенде тыйым салынатын тырнақ алу, шаш алу сияқты әрекеттер, Мединедегі Пайғамбарымызға тыйым салынбағанын байқаймыз.  Бұл дегеніміз - Құрбан шалғысы келген кісілердің құрбан айтқа дейін тырнақтары мен шаштарын ала беруге болады деген сөз. Ең дұрысы – Аллаға мәлім.

Абдусамат Қасым

islam.kz 

[1] Ибн Ғабидин, әл-Һәдия – 162 бет.
[2] Ахмәд -14423
[3] Әл-Кәсіни, Бәдә’иғ: «Китабут Тадхия» - 6/289-290 бет.
[4] Әбу Дәуід, Дахая – 2790 хадис.
[5] Бадаиғ – 6/285 бет.
[6] Бухари, әл-Адахи – 5241-хадис.
[7] Тирмизи, әд-захия – 1503 хадис.
[8] Әб-Биная – 12/37 бет.
[9] М.Исаұлы, Қ.Жолдыбайұлы, Ислам ғылымхалы, 475 бет. Алматы-2010 ж.
[10] Сахих Бухари, Китабуль хаж, №1629-хадис.
[11] теріден жасалған су құятын ыдыс
[12] Бадаиғ – 6/332 бет.
[13] Мустадрак: «тафсиру суратиль хаж»– 3520 хадис. (Сахих)
[14] Бахрур Раиқ – 8/327 бет.
[15] Әл-Хаким, әл-Мүстәдрак: әл-Адзахи – 3129 баб/7599 хадис.
[16] Раддуль Мухтар – 9/453 бет.
[17] Әс-Сәрәхси, Әл-Мәбсут – 12/14 бет.
[18] Ислам ғылымхалы. М.Исаұлы, Қ. Жолдыбайұлы.
[19] Ағраф – 157 аят.
[20] Бадаиғ –6/272 бет; Ибн Ғабидин, әл-Һадия – 194 бет. Имам Ағзам қанды – харам, ал қалғандары харамға жақын мәкрүһ деген  
[21] Байһақи, әс-Сүнәнуль Кубра.
[22] Әл-Айни, әл-Биная – 12/31 бет.
[23] Бадаиғ – 289-290 бет.
[24] Тирмизи, Китабуль бирь уәс силә, №1943-хадис.
[25] Хаж – 34 аят.
[26] Тәфсируль Бәғауи: суратуль хадж -34 аят тәпсірі. 
[27] Биная шархул хидая – 12/49 бет.  
[28] Сахих Муслим – Китабул Адахи - №1977.
[29] Ихрам дегеніміз - қажылық, умра немесе екеуін бірге жасау ниетімен, басқа уақытта істеуіне рұқсат кейбір іс-әрекеттерді қажылық парызын орындау барысында немесе умраны орындау барысында өзіне харам қылу. Мысалы, шаш алу, тырнақ алу, әтір себіну.   Шашты алғызу немесе қысқарту арқылы ихрамнан шығады. Яғни, ихрамды уақытта харам етілген әтірлену, шаш, сақал бояу сияқты барлық нәрселер қайтадан халал болады.
[30] Сахих Муслим – Китабул хадж- №2348 хадис.

Пікірлер Кіру