Жұма намазы алдында құран оқудың үкімі қандай?

17 қыркүйек 2019 11966 0
Оқу режимі

Әссәламу уалейкум! менің сұрағым мынадай: Жұма күні уағыздың алдында мешіттерде имамдар Құран оқып жатады. Сол дұрыс па?


Жауап

Уа алейкум ассалам! Қасиетті Құран Кәрімде Алла Тағала:

فَاقْرَءُوا مَا تَيَسَّرَ مِنَ الْقُرْآنِ

«Құраннан жеңіл келгенін оқыңдар», – дейді[1].

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) Құран сүрелерінің артықшылығы жайында айтқан көп хадистері бар. Мысалға, «Бақара» және «Әли Имран» сүрелері туралы: «Құран оқыңдар! Расында, Қиямет күні Құран өзін оқушыға шапағат етеді. Екі нұрды оқыңдар: «Бақара» және «Әли Имран». Расында, Қиямет күні олар екі бұлт күйінде келеді... және өзін оқушыларды қорғайды»[2] делінсе, «Мүлк» сүресі турасында:   «Құранда отыз аяттан тұратын сүре бар. Кім оны оқыса, Қияметте оның күнәсі кешірілмейінше шапағат етуін тоқтатпайды. Ол – Мүлк сүресі»[3] – деп айтылады.

Тағы бір риуаятта:

من قرأ سورة الكهف في يوم الجمعة أضاء له من النور ما بين الجمعتين

«Кім жұма күні «Кәһф» сүресін оқыса, оған екі жұма арасында жарық ететін нұр болады»[4].

Бұл хадистер Құранды оқуға қатысты айтылған еді. Ал, енді оны тыңдау хақысында ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

مَن اسْتَمَعَ إِلَى آيَةٍ مِن كِتَابِ اللهِ كُتبَت لَهُ حَسَنةٌ مُضَاعَفَةٌ، وَمَن تَلَا آيَةً مِن كِتَابِ اللهِ كَانَت لَهُ نُورًا يَومَ الْقِيامَةِ

«Кімде-кім Алланың кітабы Құраннан бір аят тыңдаса, оған еселеп сауап жазылады. Кімде-кім Құраннан бір аят оқыса, қиямет күні өзіне нұр болады», – дейді.

Келесі бір хадисте:

زينوا القرآن بأصواتكم فإن الصوت الحسن يزيد القرآن حسنًا

«Дауыстарыңызбен Құранды көркем етіңіздер, себебі әдемі дауыс Құранның әсемдігін арттыра түседі», – деген[5].

 

Міне, жоғарыдағы аят-хадистерде Құранды әдемі дауыспен оқудың және оны тыңдаудың, сондай-ақ жұма күні «Кәһф» сүресін оқудың артықшылығы баяндалған. Осы орайда, жұма күні уағыз алдында Құран оқу және оны тыңдау – жамағатты Алланың кітабына жинап, намазға деген әзірлікті арттыра түсуіне өз септігін тигізетін сауапты іс болып табылады.

 

Нұрлан Рамазанов
Республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің найб имамы

 

 


[1] Музаммил 20.
[2] Муслим.
[3] Әбу Дәуід.
[4] Байһақи.
[5] Хаким.

Тегтер: құран
Пікірлер Кіру