Мұсылмандардың өзге діндегілермен неке қидыруына бола ма?

24 қыркүйек 2019 11213 0
Оқу режимі

Ассалаумағалейкум! Сіздерден сұрайын дегенім, мұсылмандар өзге дін өкілдерімен некелесе алады ма? 


Жауап

Уағалейкумассалам! 

Ислам діні отбасылық өмірге аса қатты мән береді. Сол себепті де Құран Кәрімде үйлену мен отбасылық өмір жайлы нақты баяндалған. Онда үйленудің шарттары мен шектеулері егжей-тегжейлі көрсетіліп, кімге үйленуге болып-болмайтыны да анық түсіндірілген. Алла Тағала мұсылман еместермен үйлену жайлы:

وَلَا تَنْكِحُوا الْمُشْرِكَاتِ حَتَّىٰ يُؤْمِنَّ ۚ وَلَأَمَةٌ مُؤْمِنَةٌ خَيْرٌ مِنْ مُشْرِكَةٍ وَلَوْ أَعْجَبَتْكُمْ ۗ وَلَا تُنْكِحُوا الْمُشْرِكِينَ حَتَّىٰ يُؤْمِنُوا ۚ وَلَعَبْدٌ مُؤْمِنٌ خَيْرٌ مِنْ مُشْرِكٍ وَلَوْ أَعْجَبَكُمْ ۗ أُولَٰئِكَ يَدْعُونَ إِلَى النَّارِ ۖ وَاللَّهُ يَدْعُو إِلَى الْجَنَّةِ وَالْمَغْفِرَةِ بِإِذْنِهِ ۖ وَيُبَيِّنُ آيَاتِهِ لِلنَّاسِ لَعَلَّهُمْ يَتَذَكَّرُونَ

«(Ей, мұсылмандар!) Мүшрік әйелмен ол иманға кірмейінше, некелеспендер. Оның көркі сендерді таңдандырса да, мүшрік азат әйелден мүмін күң жақсы. Мүмін әйелдерді мүшрік еркектерге ол иманға кірмейінше некелемендер, Оның көркі сендерді таңдандырса да, мүшрік азат ерден мүмін құл жақсы. Өйткені, ондайлар (мүшрік әйелдер мен мүшрік еркектер) сендерді тозаққа шақырады, ал Алла өз тілегі бойынша сендерді жұмаққа және кешірімге шақырады. Уағыз – насихат алсын деп, Алла адамдарға өз аяттарын айқын баяндайды»,[1] – деген.

Бұл аяттың мазмұнынан Алланы бір деп таныған мұсылман адам Аллаға серік қосып жүрген адамға үйленуіне әсте болмайтынын көруге болады. Бұл үкім ер мен әйелге бірдей ортақ болып табылады.

         Алла Тағала тағы бір аятта:

الْيَوْمَ أُحِلَّ لَكُمُ الطَّيِّبَاتُ ۖ وَطَعَامُ الَّذِينَ أُوتُوا الْكِتَابَ حِلٌّ لَكُمْ وَطَعَامُكُمْ حِلٌّ لَهُمْ ۖ وَالْمُحْصَنَاتُ مِنَ الْمُؤْمِنَاتِ وَالْمُحْصَنَاتُ مِنَ الَّذِينَ أُوتُوا الْكِتَابَ مِنْ قَبْلِكُمْ إِذَا آتَيْتُمُوهُنَّ أُجُورَهُنَّ مُحْصِنِينَ غَيْرَ مُسَافِحِينَ وَلَا مُتَّخِذِي أَخْدَانٍ ۗ وَمَنْ يَكْفُرْ بِالْإِيمَانِ فَقَدْ حَبِطَ عَمَلُهُ وَهُوَ فِي الْآخِرَةِ مِنَ الْخَاسِرِينَ

«Бүгін сендерге жақсы нәрселер халал етілді. Кітап берілгендердің (христиан, яһуди) тамағы (бауыздағандары) халал етілді. Сендердің тамақтарың оларға да халал етілді. Және мүміндерден арлы-абыройлы әйелдермен әрі сендерден бұрын Кітап берілгендерден (христиан, яһуди) де арлы-абыройлы әйелдермен мәһрлерін беріп, зинақорлық істемей, астыртын көңілдес болмай үйленулерің халал етілді. Кім иманға қарсы шықса, Сонда оның амалы жойылды және ол, ақыретте де зиян тартады»[2] – дейді.

Бұл аяттан мұсылман ер адамның мұсылман әйелімен үйленуіне болатыны сияқты кітап иелерінен (яһуди және христиан) болған әйелдермен де шаңырақ құруына рұқсат еткенін аңғаруға болады. Алайда, бұл аят тек мұсылман ер адамға ғана қатысты, себебі онда мұсылман әйелге қатысты еш нәрсе айтылмаған. Мұсылман әйелдің өзге дін өкілімен тұрмыс құруына қатысты Алла Тағала «Мумтахина» сүресінің 10-аятында сөз еткен. Онда былай делінген:

 (يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا إِذَا جَاءَكُمُ الْمُؤْمِنَاتُ مُهَاجِرَاتٍ فَامْتَحِنُوهُنَّ ۖ اللَّهُ أَعْلَمُ بِإِيمَانِهِنَّ ۖ فَإِنْ عَلِمْتُمُوهُنَّ مُؤْمِنَاتٍ فَلَا تَرْجِعُوهُنَّ إِلَى الْكُفَّارِ ۖ لَا هُنَّ حِلٌّ لَهُمْ وَلَا هُمْ يَحِلُّونَ لَهُنَّ ۖ وَآتُوهُمْ مَا أَنْفَقُوا ۚ وَلَا جُنَاحَ عَلَيْكُمْ أَنْ تَنْكِحُوهُنَّ إِذَا آتَيْتُمُوهُنَّ أُجُورَهُنَّ ۚ وَلَا تُمْسِكُوا بِعِصَمِ الْكَوَافِرِ وَاسْأَلُوا مَا أَنْفَقْتُمْ وَلْيَسْأَلُوا مَا أَنْفَقُوا ۚ ذَٰلِكُمْ حُكْمُ اللَّهِ ۖ يَحْكُمُ بَيْنَكُمْ ۚ وَاللَّهُ عَلِيمٌ حَكِيمٌ)

«Әй, мүміндер! Сендерге мүмін мұһажір әйелдер келсе, оларды сынаңдар. Олардың имандарын Алла жақсы біледі. Егер де олардың (шын) мүмін әйел екендігіне көз жеткізсеңдер, онда оларды кәпірлерге қайтармаңдар. Бұл әйелдер – кәпірлерге (адал) халал емес, кәпірлер де оларға (адал) халал емес. Кәпірлердің бұл әйелдерге берген мәһрлерін өздеріне қайтарып беріңдер. Егер бұл әйелдердің мәһрлерін берсеңдер, оларды некеленулеріңнің оқасы жоқ. Кәпір әйелдерді некелеріңде ұстамаңдар. Кәпір әйелдерге берген мәһрлеріңді сұраңдар. Кәпірлер де сендерге келген мүмін әйелдерге берген мәһрлерін сұрасын. Бұл сендерге Алланың үкімі. Алла араларыңа үкім шығарады. Алла – толық білуші, хикмет иесі»[3].

Бұл аят мұсылман қызының өзге дін өкілдерімен үйлене алмайтындығын нақты кесіп айтуда. Себебі, мұсылан қызы мен өзге дін өкілдері бір-біріне халал болмайды. Ал, халал емес нәрсені жасау күнә болып табылады.

Алла баршамызды туралығына бастағай!

Руслан Сұлтанов
Республикалы «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы.

 


[1] «Бақара» сүресі, 221-аят.
[2] «Маида» сүресі, 5-аят.
[3] «Мумтахина» сүресі, 10-аят.

Тегтер: неке
Пікірлер Кіру