Тамақты тұзбен бастап, тұзбен аяқтау сүннет пе?

03 қазан 2019 11355 0
Оқу режимі

Ассаламу алейкум! Кейбіреулер тамақтан бұрын және тамақтан кейін бір шөкім тұз жейді. Шариғатта бұған негіз бар ма? Бұл Пайғамбар (с.ғ.с.) мен оның сахабаларынан (р.а.) қалған сүннет пе?


Жауап

Уағалейкумассалам!

Ханафи мазхабының сенімді кітаптарында тамақ ішуді тұзбен бастап, тұзбен аяқтаған абзал екендігі және оның медицина тұрғысынан қарағанда пайдасы зор екендігі жазылған. Ұлы ханафилік факих имам Ибн Абидин (р.х.) былай дейді: «Тамақты тұзбен бастап, тұзбен аяқтау сүннет болып табылады. Бұл сүннетте жетпіс түрлі дерттің шипасы бар».

«Әл-Мухит әл-Бурхани» (5/204), «Әл-Бахр әр-Раик» (8/209) және «Әл-Фатава әл-Хиндийя» (5/337) кітаптарында да солай айтылған. Имам әл-Ғазали «Ихья ’Улюм әд-Дин» деген ұлы кітабында да солай жазған.

Хаким әл-умма мауляна Ашраф Әли Санави (р.х.) өзінің «Имдад әл-Фатава» атты пәтуалар жинағында Алла Елшісінің (с.ғ.с.) бұл әрекетке негіз болатындай нақты хадисі болмаса да, Пайғамбардың (с.ғ.с.): «Әй, Әли! Тамақты тұзбен бастап, тұзбен аяқта. Өйткені, тұз – жетпіс түрлі дертке ем. Олардың арасында ақыл-естің ауысуы, алапес және тіс ауруы бар», - деп айтқанын келтіреді. Көптеген мухаддис ғалымдар бұл хадисті ойдан шығарылған деп тапса да (мауду’), тамақты бір шөкім тұзбен бастап, аяқтауды төмендегі екі себепке байланысты толықтай негізсіз деп санай алмаймыз.

Біріншіден, имам әл-Байхақи «Шу’аб әл-иман» деген кітабында хазіреті Әлидің (р.а.) былай дегенін жеткізеді: «Кімде-кім тамақ ішуді тұздан бастаса, Алла Тағала оны жетпіс түрлі дерттен тазартады». Имам әл-Ғазали (р.х.) да «Ихья Улюм ад-Дин» атты кітабында хазіреті Әлидің (р.а.) солай дегенін жеткізеді. «Ихьяға» түсініктеме беруші алляма Муртаза аз-Забиди имам әл-Байхақидің «Шу’аб әл-иман» кітабына сілтеме беріп, бұл хадисті ойдан шығарылған деп танымаған. Осылайша, мавкуф хадис (Алла Елшісінің сахабасы айтқан хадис, онда Пайғамбардың (с.ғ.с.) өзінің сөзі болуы міндетті емес), бұл әрекеттің қандай да бір негізі бар екенін көрсетеді.

Екіншіден, Ибн Мәжа, имам әт-Табарани және т.б. жеткізген сенімді хадис бар. Онда хазіреті Әнас ибн Мәлік (р.а.) Алла Елшісінің (с.ғ.с.) былай дегенін келтіреді: «Дәмдеуіштердің ең жақсысы – тұз». Хадисте тұздың жақсы қасиетін сипаттау үшін «сайид» (мырза, басшы) сөзі қолданылған. «Басты» деген сөз тұзды тамақтың басында және аяғында жеу керектігін білдіреді. Мәуляна ас-Санауи тамақты тұзбен бастап, аяқтау ғұрпы осыдан шыққан болуы ықтимал деп, ары қарай жалғастырып жазған. Дегенмен, ол бұл ғұрыпты үзілді-кесілді діни үкім деп қабылдамай, мақтауға лайықты әрекет ретінде таныған жөн деп жазады.

Қорытындылар болсақ, тамақты тұзбен бастап, аяқтауды қатаң белгіленген Сүннет деп санаудың қажеті жоқ. Сол себепті, оған аса үлкен көңіл бөле беру де керек емес. Әйткенмен, бұл ғұрыптың Шариғатта негізі жоқ деп санау да дұрыс болмайды. Тамақтың басында және аяғында тұз жеу керек деп айтқаныңнан қайтпай тұрып алу да дұрыс емес, солай істейтін адамдарды сынап-мінеу де жөнсіздік. Дастарханда тұз бар болса, классикалық факих-ханафиттердің мұны мақтауға тұрарлық әрекет деп санайтынына сүйене отырып, тамақты тұзбен бастап, аяқтауға болады. Десе де, дастарханда тұз жоқ болса, тұз сұрап жүрудің қажеті жоқ. Бұл – орта жол. Ең абзалы орта жолды ұстану болып табылады.

Алла жақсы Білуші!

Пікірлер Кіру