Жиһад сөзі соғыс дегенді білдіреді ма?

30 қазан 2019 7483 0
Оқу режимі

Ассалаумағалейкум! Жақында бір отырыста жиһад жайлы әңгіме естідім. Терең білімім болмағандықтан, тек тыңдаумен отырдым. Түсінгенім, жиһад дегеніміз қолға қару алып, соғысу ғана емес, басқа да мағыналары бар екен. Соларды анықтап берсеңіздер. Әйтпесе, қазіргі кезде мен сияқты бір жақты түсініп жүргендер көп деп ойлаймын, соларға сабақ болсын.


Жауап

Уағалейкумассалам!

Қасиетт Құран Кәрімде жиһадқа байланысты аяттар 35 жерде келгенімен, оның барлығы қолға қару алып соғысқа аттану деген мағына емес. Тек төрт жерде ғана тікелей соғыс мағынасында келген. Оның өзі бүкіл кәпірлерді қырып жойыңдар немесе бейбіт халыққа бас салып мал-мүлкін талан-таражға салу, абыройын аяқ-асты ету, жерлерін отарлап еріктерінен айыру т.б. осы сияқты зұлымдық мақсатында соғысыңдар деген ұғымды білдірмейді.

Бүгінде «жиһад» сөзін өз пиғылдарына қарай бұрмалап, қара ниеттерін жүзеге асыруды мақсат тұтқан небір дін атын жамылған топтар бар.

ЖИҺАДТЫҢ ТҮРЛЕРІ:

Исламда жиһад екі түрлі болады:
– Рухани жиһад
– Мадди (материалдық) жиһад

Рухани жиһад дегеніміз – мұсылманның өз нәпсісімен күресуі. Жиһадтың бұл түрін пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үлкен жиһад деп баға берген. Оның негізгі мақсаты – шайтанның азғыруына және нәпсінің етегіне ермей, күнә  істерге жол бермеу. Бұл жиһад жайлы хадисте былай баяндалады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бірде соғыстан шаршап, шалдығып келе жатқан сахабаларына: «Біз қазір кіші жиһадтан үлкен жиһадқа қайттық», - деген кезде, сахабалары: «Уа, Расулулла! Үлкен жиһад деген не?» - деп таңғала сауал қояды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ол - өз нәпсіңмен күрес»,- деп жауап қайырды[1].

Алла Тағала:

فَلا تُطِعِ الْكَافِرِينَ وَجَاهِدْهُم بِهِ جِهَاداً كَبِيراً

«(Уа, Мұхаммед с.ғ.с.) кәпірлерге (олардың пұттарына табыну туралы бұйрықтарына) бағынба және олармен (Құран аяттарын насихаттау) арқылы оларға қарсы үлкен (ұлық) Жихад  (уағыз-насихат жұмыстарын) жүргіз!»[2] –деп бұйырған.

Міне, Жаратқан Иеміз Құран насихатын «үлкен жиһад» деп атаған. Нәпсімен арпалысқан жиһадтың бұл түрі «үлкен жиһад» деп аталуының сыры – нәпсімен болған күресте нәпсісі көзіне көрінбейді және оны пенде қалап құмартып тұрады. Сондықтан да онымен күресу оңайға соқпайтыны анық. Ал, адам қолға қаруын алып жауымен соғысқан кезде дұшпаны оның көзінің алдында болып және ол дұшпанын іштей жек көріп тұрады. Осы орайда, көзге көрінетін дұшпаннан қарағанда көрінбейтін дұшпанмен арпалысу анағұрлым қиын екені мәлім.

Ал, мадди (материалдық) жиһад дегеніміз – мұсылманның әлсізге қорған және дұшпанның зұлымдығын тоқтату мақсатында жан-тәнімен, мал-дүниесімен Алланың дінін, отанын, отбасын дұшпандардан қорғап қарсы соғысу. 

ҚАРУЛЫ ЖИҺАДТЫҢ ДҰРЫС БОЛУ ШАРТТАРЫ:

1Мемлекет  басшының  рұқсаты болы тиіс. Шариғатымызда мемлекет басшысының рұқсатынсыз соғысқа шығуға тыйым салынған. Жиһад (соғыс) істері мемлекет басшысына жүктелгеніне ешқандай күмән жоқ. Оған бой ұсыну міндет, тек күнә істерге бұйырмаса болды.

Құранда Алла Тағала басшыға бойұсыну жайлы былай дейді:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا أَطِيعُوا اللَّهَ وَأَطِيعُوا الرَّسُولَ وَأُولِي الأمْرِ مِنْكُمْ 

«Әй, мүміндер. Аллаға бойұсынып, Пайғамбарға әрі өздеріңнен болған әмір иелеріне бойұсыныңдар»[3].    

Басшы жақсы бола ма, жаман бола ма бойұсыну тиіс. Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейді:

اَلْجِهَادُ وَاجِبٌ عَلَيْكُمْ مَعَ كُلِّ أَمِيرٍ بَرًّا كَانَ أَوْ فَاجِرًا

«Жиһад әрбір жақсы болсын немесе жаман болсын басшымен бірге болу тиіс»[4].

Осыған орай, жиһад елді басқарып отырған басшының рұқсаты және дін істерін басқарып отырған діни басшылар мен ғалымдардың пәтуаларымен іске асады.

2Қорғану мақсатында болуы. Егер дұшпан отанға шабуыл жасаса, оған қарсы соғысу. Алла Тағала:

وَقَاتِلُواْ فِي سَبِيلِ اللّهِ الَّذِينَ يُقَاتِلُونَكُمْ وَلاَ تَعْتَدُواْ إِنَّ اللّهَ لاَ يُحِبِّ الْمُعْتَدِينَ

«Сендермен соғысқандарға қарсы сендер де Алла жолында соғысыңдар. Бірақ шектен шықпаңдар. Алла Тағала шектен шыққандарды жақсы көрмейді»[5], - деді.

3Мақсаты айқын болу. Яғни, дұшпанның қастығын тоқтату, әлсіздерге қорған болу және Алланың дінін қорғау мақсатында болуы тиіс. Әйтпесе, шектен шығушылардан болады.

4Дұшпаннан төніп тұрған қауіп нақты болу. Өзіңе шабуыл жасайтыны нақты анықталған дұшпанға соғыс тактикасы бойынша бірінші болып шабуыл жасауға рұқсат етіледі.           

Егер бұл шарттар орындалмаса, онда оның іс-әрекеті шариғаттағы жиһад атауына кірмей, бәлкім ол адам бұзақы немесе қиянатшыл болады.

Ислам діні – бейбітшілік, амандық деген ұғымдарды білдіреді. Исламды терроризммен байланыстыру – асыл дінімізге жасалған үлкен қиянат. «Жиһад» ұғымын желеу еткендерді шейіттер емес – шектен шыққандар деп атауға мәжбүрміз. Алла Тағала «Ағраф» сүресінде:

وَلاَ تُفْسِدُواْ فِي الأَرْضِ بَعْدَ إِصْلاَحِهَا

«Жер бетінде тыныштық орнағаннан кейін бүлік жасамаңдар»[6] деп қатаң ескертеді.

Сондықтан Қазақстан азаматтары Елбасының және діни басқарманың, сонымен қоса ата-ананың рұқсатынсыз сыртқа, басқа жерге жиһадқа аттануға болмайды. Әркім өз еліне, өз жеріне, өз халқына еңбек ету керек. Біреудің алдауына түсіп, алжасып, басқа бір елдің қанын төгіп, күнәһар болған адам оңбайды. Адам баласы бақытты олай іздемейді. Бақытты отанына, халқына, жанындағыларға жақсылық істеу арқылы ғана табады.

 

Нұрлан Рамазанов
Республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің найб имамы

 

 


[1] Имам Байһақи риуаят етті.
[2] «Фұрқан» сүресі, 52- аят.
[3] «Ниса» сүресі,  59-аят.
[4] Әбу Дәуіт риуаят етті.
[5] «Бақара» сүресі, 190-аят.
[6] «Ағраф»  сүресі, 56-аят

Пікірлер Кіру