Алла елшісі (с.ғ.с.) науқастарды зиярат еткенде неге мән берген?

05 қаңтар 2020 1970 0
Оқу режимі

Ассалаумағалейкум! Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) науқастарды зиярат еткенде нендей нәрселерге мән берген? Қандай сауабы бар?


Жауап

Алла елшісі (с.ғ.с.) науқастардың көңілін сұрауды мұсылманның мұсылман алдындағы парыздарының бірі деп білген. Дертке шалдыққан дімкәс жандардың хал-жағдайын сұрамағандардың Алла Тағаланың мейірімінен мақұрым қалатынын жеткізген. Үйіне қайта оралғанға дейін науқасты зиярат еткен адам үшін періштелер кешірім тілейтінін айтқан. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ересектердің ғана емес, жас балалардың да хал-жағдайын білуді естен шығармаған. Көңілін сұрай барған науқасты оң қолымен сипап отырып: «Күллі дүниенің Раббы – Алла Тағалам, құлыңның дертін сейілтіп, оған шипа бер. Шипаны беруші бір ғана Өзіңсің. Сенің шипаңнан басқа шипа жоқ. Бұған ешбір аурудың ізін қалдырмайтын шипа бер», – деп дұға ететін.

Жиені ауырып әл үстінде жатқанда, қызы Зейнеп (р.а.) Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) кісі жібертіп, баласының өлім аузында жатқанын айтады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) табалдырықтан аттағанда, жас бала алып-ұшып атасының құшағына кіріп кетеді. Мейірім елшісі көз жасына ерік беріп егіле жылайды. Оның жылағанын Сағд ибн Ұбада ерсі көргендей сыңай танытады. Мұны байқап қалған Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Бұл – мейірімнен туындаған көз жасы. Алла оны қалаған құлына нәсіп етеді. Алла тек мейірімді құлдарына ғана рақым етеді», – деп түсіндірген болатын.

Науқастарға барғанда, олардың көңілін аулауға тырысатын. Сахабалардың бірі ауырып қалғанда: «Уайымдама, иншалла, осы ауруың арқылы күнәларыңнан тазарасың», – деп жұбататын. Өзге дін өкілдерінің де барып көңілін сұрайтын. Кейде бір науқасқа бірнеше рет кіріп-шығатын. Сағд ибн Муаздың (р.а.) соғыста қолы жараланғанда, жақын жерде тұрып жәрдем беру үшін мешіт ішінен науқасқа арнайы шатыр тіктірген.

Пікірлер Кіру