30 күн оразаға 30 кеңес

02 мамыр 2019 14622 0
Оқу режимі

1. Көптен бері көрмеген қадірлі бір қонақты күтіп алар кезде үй іші ыбырсып жатса, бар жұмысыңды тастап, үйіңді тазартуға кірісесің ғой! Дәл солай, 11 айдан кейін қайта келгелі тұрған Рамазан айына дайындықты алдын-ала Шағбан айынан бастап кеткенің жөн. Өткен бір жыл ішінде қандай күнәлар жасадық, қандай сауаптардан құр қалдық, бәрін саралап, електен өткізіп, жаңа Рамазанға пәк күйде ене алсақ, нағыз жеңіс сол емес пе?! Сондықтан, Шағбан айынан бастап, жүрегіңді барша құштарлықтар мен нәпсі құмарлықтарынан тазартып үлгеруің керек. 11 ай бойы харамға қараған көздерің үшін, харамды естіген құлақтарың үшін, харамды ұстаған қолдарың үшін, харамға барған аяқтарың үшін Алла алдында тәубе ет. Шағбан айы – Рамазанға кірердегі дайындығың. Алдағы кешірім айына әзірліксіз еніп кету нендей өкініш!

2. Рамазанда жасаймын деген құлшылықтарыңа Шағбан айынан бастап ниеттен. Алдын-ала ниет етпей, ешбір амал қабыл болмайды. Рамазанға шынайы түрде ниет еткен соң, отыз күн оразаға қатысты үкімдерді үйрене бастағаның жөн. Сол үкімдерді қазірден бастап, яғни Шағбан айында үй ішіңе және жақын туыстарыңа айтып түсіндіре бер.

3. Қазірден, яғни Шағбан айынан бастап өз нәпсіңді тақуалыққа тәрбиеле. Өйткені, Рамазан тақуалықты одан әрі арттыруға мүмкіндік беретін ай. Құдайдан қорқа білу – мүминге міндет. «Әй, иман келтіргендер! Сендерден бұрынғыларға парыз етілгеніндей, сендерге де ораза парыз етілді» – деп басталатын аяттың «мүмкін тақуалық қыларсыңдар» деген сөздермен аяқталуында үлкен сыр бар. Бұхариде келген хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім өтірік сөз бен оған амал қылудан тыйылмаса, Аллаһ оның жеп-ішуден тыйылуына мұқтаж емес», – деп айтқан.

4. Шағбан айынан бастап туыстарыңмен арадағы байланысыңды одан әрі нығайта түс. Ағайындарыңмен байланысты үзіп алудан сақтан. Әбу Һурайрадан (р.ғ.) жеткен хадисте. Пайғамбар (с.ғ.с.) былай деген: «Алла жаратылыстарды жаратып болған кезде, туыстық байланыс тұрды. Алла оған: «Не болды?» – деді. Ол: «Бұл — (туыстық қатынасты) үзуден Өзіңнен пана сұрайтынның орны», – деді. (Алла): «Сені сақтағанмен байланысымды сақтасам, ал сені үзгенмен байланысымды үзсем разы боласың ба?» – деді. Ол: «Иә, уа, Раббым!» – деді. (Сонда Алла): «Ендеше солай болсын!», – деді».

5. Күнәдан таза, сау жүректен абзал нығмет бар ма?! Өзгелер тіршіліктен тыныштық таба алмай, өмірден түңіліп жүрген кезде, көңіліңді құлшылықтан басқа барша тауқыметтен тазартып, Рамазан айына пәк күйде енуді қалар ма едің? Ол үшін, оразаға кірерден бұрын, Шағбан айынан бастап жүрегіңді ластықтан тазала. Санаңды артық мәліметтерден босатқаның жөн.

6. Қазіргі мұсылмандар өз уақытының көп бөлігін интернет ақтарумен өткізеді. Тіпті, рамазан айында да сауап жинау мүмкіндіктерін бос жіберіп алады. Ал кезінде Имам Мәлик сынды ғалымдардың ораза айында уақытты ысырап етуді былай қойғанда, ілім иелерімен де бірге отырудан бойын аулақ салып, Құранмен ғана оңашаланатын болғанын біле ме екен? Ендеше, өзге айларда уақытыңды интернетпен өлтіріп жүрген болсаң, алдағы оразаға әзірлігіңді Шағбан айынан баста: уақытыңды барынша үнемде, Рамазан сені күтпейді, сен оны абыроймен күтіп ал.

7. Рамазанға аяқ баспастан бұрын, Шағбан айында тұрып кішкене ой жүгірт. Өткен оразаны түгел тұтып па едің? Есіңе түсір. Мүмкін бір-екі күнін үзірлі себептермен тұта алмай қалған шығарсың? Ұмытып, қазасын өтемей жүрген боларсың? Осы Рамазанға қарыз болмай кіргенің жөн. Ол үшін, өткен жылдан қалған оразаларыңның күнін толықтыр.

8. Рамазан – Құран айы. Ол айда мұсылмандар Құран оқуға ерекше мән береді. Басынан аяғына дейін оқып, хатым қылады. Рамазандағы Құраның өзіңе жеңіл тиюі үшін, Шағбан айы кіргеннен оны көп оқи баста. Шағбанда Құранға арнайы уақыт бөл. Егер жай күндері Құраннан бір-екі бет қана оқып жүрген болсаң, Шағбан айында әр күні одан екі-үш есе көбірек оқығаның жөн. Қазірден осылай етер болсаң, Рамазандағы Құраның жеңіл болады.

9. Рамазанда жасалатын арнайы құлшылықтар бар. Солардың бірі тарауих намазы. Осындай ұзақ оқылатын намаздарға тік тұрып шыдас беруге ағзаңыз үйренбеген болуы мүмкін. Сондықтан, Шағбан айынан бастап, нәпіл намаздарды ұзағырақ тік тұрып оқуға дағдыланғаның жөн. Ендеше, рукуғта ұзақ иілуге, сәждеде көбірек жатуға Шағбан айынан бастап денеңді үйрет.

10. Шағбан айынан бастап өзіңді Аллаға ұзақ жалбарынуға тәрбиеле. Пайғамбардан (с.ғ.с.) жеткен арнайы дұғаларды жатта. Қарапайым дұғалардан гөрі Алла елшісінің (с.ғ.с.) аузымен айтылған дұғалардың қабыл болу ықтималдығы басым, осыны ұмытпа.

11. Өзіңді мешітте көп отыруға үйрет. Шағбан айы бұл үшін таптырмайтын мүмкіндік. Әр намаздан кейін мешітте көбірек қалуға тырыс. Бұл сенің Рамазанда иғтикәфқа кіруіңді жеңілдетеді. Бірнеше сағатқа болса да, намаздан бөлек уақытта Алланың үйіне арнайы соғып өт. Өз нәпсіңді мешітте ұзақ отыруға тәрбиеле. Рамазандағы иғтикәфқа осылай әзірлік қыл.

12. Рамазанның алғашқы күндеріндегі ораза ағзаңызға ауыр тиюі мүмкін. Сондықтан, Шағбан айынан бастап оразаны көбірек тұт. Мәселен, бір күн тұтсаң, екінші күні аузың ашық болсын. Тіпті, Шағбан күндерінің көпшілігін оразамен өткізсең де болады. Өйткені, Айша анамыздан (р.а.) жеткен бір хадисте: «...Алла елшісінің Шағбандағыдай көп ораза тұтқанын көрген емеспін» – деп айтылған.

13. Шағбан айынан бастап міскіндерді тамақтандыруға, ораза тұтушылардың аузын аштыруға бойыңды үйрет. Мәселен, түскі асты молырақ әзірлеп, артығын апарып пақырлар мен міскіндерге таратып жібер. Өмір сен ойлағандай емес. Қазір тоқ болса, ертең аш отыратын отбасылар бар. Шағбан айында төңірегіңдегі кедей-кепшікке бір назар сал. Сонда Рамазан айында мұқтаждарға деген мейірімің артады.

14. Шағбан айында күн сайын садақа бер. Қалтаңа қолыңды күштеп сал. Бұлай ету нәпсіңе ауыр тиюі мүмкін. Бірақ алдағы Рамазан айында көп садақа беретін мұсылмандардың қатарына қосылу үшін, осы бастан қолыңды ашық ұстауға үйреткенің жөн. Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте Алла елшісі (с.ғ.с.) былай деп айтқан: «Әр күні пенде оянған кезінде көктен екі періште түседі. Олардың біреуі: «Уа, Алла! Берушінің дүниесін арттыр!» – десе, екіншісі: «Уа, Алла! Сараңның дүниесін жой!» деп жалбарынады». Мінекей, алдағы Рамазанда садақамен сауап жиғың келсе, оның әзірлігін Шағбан айынан бастап кет.

15. Алла қаласа, осы Рамазанда Меккедегі әл-Харам мешітіне барып умра жасауға ниеттенген болсаң, онда Шағбан айынан бастап дене шынықтырумен айналыс. Әр күні шамамен бір сағаттай өзіңді қинап жаяу жүріп үйрен. Бұдан кейін умра жасау тағдырыңа жазылмаған болуы мүмкін. Сондықтан, Рамазан айында умра жасауға Шағбаннан бастап жан-жақты әзірлік жаса.

16. Шағбан айында тамақты аз же. Рамазанға қадам басқан кезіңде араның ашылып тұрмасын. Ораза айына тойынып кіру сенің отыз күнгі құлшылығыңа кері әсерін тигізуі мүмкін. Қазірден бастап тамақтану уақытын азайта бер. Олай ету саған ауыр тисе, онда тамақтың мөлшерін ғана азайт. Нәпсіңді осылай алдап қой. Немесе, ауыр тамақтарды мүлдем тоқтатып, көкөніс пен жеміс-жидекті көбірек қолдан. Сонда Рамазанға жеңіл кіресің, ұйқың да азаяды, санаң сергиді.

17. Түнгі ұйқысыздыққа жол берме. Шағбан айында өзіңді қатал ұста. Қазірден бастап құптаннан соң ерте ұйықтап, таң намазынан бұрын оянуға дағдылан. Сонда Рамазанда сәресіге ұйықтап қалмайтын боласың, әрі түнгі құлшылықтарға сергек оянасың. Ал Шағбанда босаңси бастасаң, оразада опық жейсің.

18. Шағбан айынан бастап аз ұйықтап үйрен. Өзге айларда сегіз сағат ұйықтап жүрген болсаң, Шағбан кезінде ұйқыға бес-алты сағатыңды ғана бөл. Өйткені, алда ораза айы келе жатыр. Ұйқыңды қазірден бастап тәрбиелемесең, кешірім айын ұйқымен өткізіп аласың. Бұдан асқан қасірет бар ма!

19. Қандай да бір себеппен, осы жылғы Рамазанда умра жасай алмаймын-ау деп ойласаң, онда Шағбан айынан бастап таң намазынан кейін күн шыққанша мешітте отырып, Алланы зікір ет және екі ракағат нәпіл намаз оқы. Сонда оның сауабы қажылық еткен әрі онымен қоса умра жасаған кісіге тең келеді. Мұндай құлшылықты қазірден, яғни Шағбан айынан бастап кеткенің жөн. Себебі, Әнәстан (р.а.) жеткен бір хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім таң намазын жамағатпен оқыса, сосын күн шыққанға дейін Алланы зікір етіп отырса, сосын екі ракағат намаз оқыса, бұл оған қажылық пен умраның толық сауабындай болады», - деп айтқан.

20. Өзге айларда қыла алмай жүрген құлшылықтарыңды жолға қою үшін Рамазан айы қашан келер екен деп күтпе, керісінше оны Шағбан айынан бастап кет. Мәселен, бір отырғанда көп аят оқып таста немесе өмірі беріп көрмеген мөлшерде садақа бер. Мұның бәрі саған алдағы Рамазан айында үлкен-үлкен құлшылықтарды орындауыңа септігін тигізеді.

21. Шағбанда жаназа намазына қатысуға тырыс, мәйітпен бірге мазаратқа дейін еріп бар, тіпті оны жерлеуге қатыс. Мұның бәрі алдағы Рамазан айындағы тақуалығыңды нығайта түседі. Өлім – ең үлкен уағызшы. Өлік шыққан үйге өзіңді күштеп алып бар. Өзіңді сол мәйіттің орнына қойып көр. Қайғыға душар болған мәйіт жақындарының орнына өзіңді қойып көр. Демек, Шағбан айы – оразаға дейін иманыңды қуаттап алу үшін ең жақсы мүмкіндік.

22. Қазірден бастап уақытыңды жүйелі пайдалан. Оразада орындайтын құлшылықтарыңды сараптап, кесте етіп түзіп ал. Қолыңа қалам алып жаза баста. Шағбан айынан бастап, құлшылықтарыңды көзіңнің қарашығындай сақта. Оразадағы тыныс-тіршілігің жүйелі өтсін десең, ол үшін Шағбан айы таптырмайтын мүмкіндік екенін біл.

23. Пайда бермейтін кешкі отырыстардан бойыңды аулақ сал. Уақытыңды ұрлап жүрген теледидар, компьютер және өзге де құмарлықтарыңды жиыстырып қой. Ал егер харам істермен айналысып жүрген болсаң, олардан дәл осы Шағбан айында толығымен арылуың керек. Рамазанға пәк күйде кір. Қазірден күнәларыңа тәубе ет. Енді қайталамаймын деп өзіңе-өзің серт бер.

24. Темекіні тастай алмай жүргендерге айтарымыз: Рамазан мұндай жағымсыз қылықтарыңды тастау үшін таптырмайтын мүмкіндік. Алайда, Рамазан айын күтпе! Шылымды тастауға Шағбан жақсы. Сондықтан, қазірден бастап «темекіні қалайда тастауым керек!» деп ниеттен. «Алланың разылығы үшін отыз күн бойы шекпейінші» деп ниеттен. Әрине оны тастау нәпсіңе оңай тимейді. Осы істе жәрдем етуін сұрап, Аллаға жалбарын. Денсаулығың – аманат. Саған тапсырылған әрбір аманат үшін Алла алдында жауап беретініңді ұмытпа.

25. Қазірден бастап тіліңді сақта. Өзіңді-өзің тек қана шын сөйлеуге тәрбиеле. Тілің Алланы пәктеп зікір айтудан шаршамасын. Тіліңді Шағбан айында сақтай алмасаң, ғайбат айтудан және өтірік сөйлеуден арыламын деп ойлама. Хадисте айтылғанындай, не жақсы сөз сөйле немесе үндеме. Ең тиімді әзірлік – осы. Ал «жақсы сөзге» тасбих, таһлил, истиғфар сынды зікірлер жататынын сен жақсы білесің.

26. Шағбан айынан бастап, күнделікті шаруаларыңды жүйеле. Тіршілігің құлшылығыңнан асып түспесін. Өйткені, Рамазанда реттілік жақсы. Ол үшін Шағбанда шашыраңқы болмауың керек. Жұмысыңды жинақы ұста. Отыз күн оразаға енеріңде басыңда проблемалар аз болсын.

27. Құраннан жатқа айтатын аяттарыңды тағы бір қайталап шық. Дәл осы Шағбан айында бұрынғы жатқа білетін сүрелеріңнің қатарына тағы да бір-екі сүре қос. Рамазанда тарауихты үйде оқи қалсаң, Фатихаға қосып айтатын сүрелерің көп болсын. Әр күнгі намазда әртүрлі сүре оқудың иман ахуалыңды күшейте түсетінін сен жақсы білесің.

28. Өкінішке қарай, Рамазанда базарлар мен дүкендерде сауда сапырылысып кетеді. Оразаның келіп қалғанын мұрынға тірелгенде бір-ақ білетін бейқамдығымыз тағы бар. Сондықтан, дүкеннен алынатын азық-түлік пен киім-кешекке Шағбан айынан бастап қамдан.

29. Төңірегіңдегі адамдарға мән бер. Рамазанға өзің ғана дайындала бермей, туыстарыңды әзірлікке шақыр. Білмегеніңді алдымен өзің пысықта. Ал білгеніңді өзгелерге жеткіз. Үйіңде, жұмыс орныңда, ағайындар арасында оразаға дайындықсыз кіруге болмайтынын айтудан жалықпа. Сонда ғана сенің айналаңдағылар Шағбан айының зор әзірлік айы екенін ұғынады. Телесериалға телмірген туысыңды Рамазан әзірлігіне сабырмен шақыр. Отыз күн оразаның кешірім күндері екенін отбасыңа дұрыстап түсіндір.

30. Шағбан айынан бастап отбасы мүшелерінің арасынан балиғат жасына толғалы тұрғандарын бос қойма. Өзіңмен бірге сәресіге тұрғыз. Жарты күн тұтса да ораза ұстап үйрене берсін. Кішкентайларын мәжбүрлеме, екі-үш сағаттан соң аузын ашып жіберсе де, олардың бұл әрекеті сен үшін үлкен жеңіс. Қазірден ораза тұтып дағдыланса, келесі және одан кейінгі Рамазанда бұл құлшылық олар үшін жеңілдей түсері анық.

Жомарт Батырбеков

Тегтер: Рамазан ораза

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру