АБЫРОЙЛЫ АҚСАҚАЛ

20 маусым 2024 1523 0
Оқу режимі

Түскі астан соң азырақ мызғып алуға дағдыланған Құлжан ақсақал сырттан дабырлай шыққан дауысқа елең ете қалды.

— Әә, бақытты бол, балам! Қалайсыңдар, аман-есенсіңдер ме? Атаң үйде ме? Ұйықтап жатыр ма? Өз ағам ғой, мазаладың деп ұрса қоймас, - деп, келінмен амандасып жатқан дауыстан-ақ, келушінің өзінің рулас інісі Хасан екенін білді. Хасан - уақытында біраз қызметтің басын шалған, иненің көзінен өтердей сумақайлығымен дүние, мал-мүлік, атақ-абырой жинаған, өзінің ізін қуып келе жатқан ағайын інісі. Құлжан осы Хасенді көп жақтыра қоймайды. Жүзінде, сөзінде жасандылық көп. Ақшалы болғасын ғана -

көтеріліп, кісілік айтып, төрде отырар деңгейге жеткені. Адамды ақшасы мен атағына қарай төрге оздыратын заман болғасын, осының сөзі ағайынның арасында өтімділеу. Ия, бір басына жетерлік көрген-білгені бар, қалай сайланса да, сайланып, депутат та болды, мекеме басқарып, бастық та болды, әртүрлі ұйымға мүше болды. Ақшасының арқасында алыс-жақын елдерді көрді - содан ба, білгіш әйтеуір. Кейде тойларда көсіліп кісілік айтқанда, анау-мынау жуастың жанарына жас келтіре сөйлейді.

— Ассалаумағалейкум, Құлжан аға! Күйлі-қуатты бармысың? Қалай, кәрілік жеңіп жатқан жоқ па? Асықпа, кәрілікке бой алдырма, әлі бір жас иіс алып беріп, өзіңнен "Сексенбай" көреміз бе деп жүрміз ғой - деп, ерсілеу күліп, амандасуға қолын созды. Дауыс шыққаннан малдас құрып тікейіп отырған Құлжан:

— Әә, Хасан, амансыңдар ма? Келін, бала-шаға аман ба? Жан-жақтарың қалай?

Құда құдағайларда не жаңалық? Кел, отыр. Келінің ас-су қамдап жатқан шығар. Оған дейін отыр, хабар айт,—деп қолын алды да, жанындағы көрпешені нұсқады. Ауыр күрсінгендей күй танытып отырған Хасен:

— Сол хабар жайсыздау болып тұр, аға. Біздің баланы білесің ғой, сол шаталып қалды. Біреудің" шаруасын бітіріп берем" деп, азын-аулақ тиын-тебенін алған ба - ол адамы да ит екен. "Пара сұрады" деп жазып берген, Қайта Құдай сақтап, Астанадан емес, өзіміздің облыстан келген "Комитеттің" жігіттері адамшылық жасап, қамаған жоқ. Бір күн ұстап отырды да аяқтай қоя берді. Қазіргінің балдарын білесің ғой, адамның айтқанын тыңдамайды. Шетінен іштен біліп туған, өзіңе ақыл айтып тұрады. Жастайынан құлағына құйып келем: "Биіктеген сайын құлар жеріңді де сайла. Керек адамдардың тамағын майла, кіммен дос боларыңды ойла!" деумен келем. "Керек болады ау" деген кісінің бәрімен таныстырдым. Жетелеп жүріп, атақ-абырой алып бердім, өз алдына мекеме ашып бердім. Әкімдермен достастырдым. Қазір біреуден алып, біреуге процентін беріп отырмасаң, өмір сүре алмайсың. Халықтың мәселесі бітпейді, соның бәріне тегін шапқылай берсең, өзің де сол халықтың ішінде қалып кетесің дедім, — деп, өңешін созып түсіндіріп отыр еді.

— Жә, болды. Балаңа өмір сүруді үйреткен екенсің, таза жүруді неге үйретпедің? Естідім, ол бала туралы елдің не айтып жүргенін де естідім. "Құзғын" деп жүр, жасына жетпей, бас пайдасы үшін ештеңеден тайынбайтын "жұтыр екен" десіп жүр. Өтірік мәдениетті болып көрінгісі келгенмен, ар жағынан, әсіресе, көздерінен тойымсыздық, ашкөздік көрініп тұрады деп жүр. Сенің заманауи, жаңартылған түрің екен десіп жүр. Жарайды, саған да, балаңа да Құдай - сот, менен не керек, соны айт!— деп батыра, қатты айтты. Құлжан бұлай қатты сөз айтар деп күтпеген Хасан:

— Аға, осы ауылдағы алыс-жақын ағайынның ішіндегі дуалы ауыз ағамызсың, сенің сөзіңді ешкім жерге тастамайды. Былтыр Шәмектің баласы авария жасап, адам өлтіріп алғанда да, ағайынға бас болып ақша жинап бергенсің. Ащыласып қалған ағайынға да басу айтып, татуластырасың. Жиын-тойда ағайынның мас болғаны сені көрсе, жазылып кетеді. Ағайыннан бөлек те көп адамға сөзің жүреді ғой. Осы жолы да сондай көмегің керек болып тұр. Адамгершілікке салып ағайынға хабар айтып: "Бала абайсызда біреулердің арандатуына түсіп қалған екен, жазықсыз күйіп кеткелі тұр. Соған анау-мынау шаруаларына түтін басы он мыңнан жәрдем берейік. "Адамның күні- адаммен" деген. Он мың теңгені жаназаға да апарып жүрсіңдер, оның қасында мынау - жас бала. өмірі зая болмасын. Көмектес, ағайын!" деп бір сөйлеп берсеңіз.

Авариядан адам өлтіріп алғанға да араша сұрадыңыз ғой,— деп, жалынышты түрмен қарады.

Ашуын үнсіздікке жеңдірген Құлжан:

— Адамгершілікке салып дейсің бе? Ммм.

Адамгершілік күтсең, балаңа неге үйретпедің сол адамгершілікті? Авария жасағанға араша түстің дейсің, ия түстім. Ол - шынымен де абайсызда болған жағдай. Техника деген - темір, оқыс бұзылуы да, сынып қалуы да әбден мүмкін. Оның үстіне, Шәмектің баласы күнде адам басып өлтіріп жүр ме? Сен жемқор балаңның қылығын абайсызда жасалған жағдаймен салыстырма. Сенің балаң - ағайынның ақшасына емес, халықтың несібесіне ауыз салған адам. Бюджеттен өзіне қаржы аударып, оны тек қара басына пайдаға асырудың маманы болған бала. Адамдардың ақшасын ұрлаған адамға адамгершілік сұрап келіп тұрсың ба? Балаңа кісі ақысын жемеу, ала жіптен аттамау дегенді үйретіп, солай тәрбиелегеніңде, мүмкін, бүгін өзің айтып жүрген "қырти беретін Құлжанның" алдында еңсең түсіп, құлағың салбырап отырмас па едің. Бүгін де сол баланы алып қалам деп жанталасып, ақша іздеп жүрсің, ертең ол ақшаны қайтарам, кеткен шығынды толтырам деп, тағы кіріседі ғой лас тірлікке соны неге ойламайсың сен? "Дуалы ауыз" деп отырсың ғой, халықтың ақшасын ұрласа - сол халықтың арасында ағайыны да бар емес пе? Мен бүгін барып, "Арасында сіздердің де ақшаңыз бар, ақшаны жымқырған балаға араша сұраймын" десем, ананың өзі жақсы, мынаның сөзі жақсы, тағы біреудің бабасы мықты, мынаусының шешесі күшті деп, көрінген ел тонаған қылмыскерге араша сұрай берсем, менің аузымда, сөзімде, тілімде не қасиет, не қадір, не дуа қалады?! Сол жағын ойладың ба? Көңіліңе келсе де осыдан соң араласпай кетсең де айтарым: төрімнен көрім жақын қалғанда, күмәнді, арам іске араласып, мен абыройымды төкпеймін. Ағайын болам, іні болам десең, төр - міне, жоқ, көмектеспесең, өкпелеймін десең, есік - әне. Ия, мен азды-көпті ағайынның ақсақалымын. Абыройсыз да емеспін, енді қалған бес күн өмірімде күмәнді баланың сөзін сөйлеп, халыққа масқара, құдайға күнәһар болғым келмейді,— деп отты көзімен Хасанға қарады.

Хасанның түрі бір қызарып, бір бозарып, соңғы жағында сұрланып, сыздана отырып:

— "У ішсең - руыңмен" дегенге, аға, саған сеніп келіп едім. Ішіңізге жиналғанның бәрін ақтардыңыз ғой. Менің барлығымды, байлығымды көре алмай жүрген адамның әңгімесін айттыңыз. Ағайын емес, дұшпанымның сөзін айттыңыз. Жарайды, осымен қояйық. Басқа да жолдары болар, бес жүз мың пара алған жалғыз менің балам ба? Бір жолын табармын!- деп, орнынан шалт тұрды.

Құлжанға бірдеңе деуге де мұрша берместен, есіктен шыға жөнелді. Жолдан "Шәй дайын, шәй ішіңіз" деп иілген келінді де қағып кете жаздап, асығыс аяқ киімін киіп кете барды. Қайынағасының жүрісінен тіксініп қалған келін атасының бөлмесіне кіруге де батпай қалды.

Құлжан бір жағына қарай қисайып, "Осы ісім қалай болды?" деп ойланып, біршама уақыт жатты. Бір кезде кемпірі келіп:

— Атасы, шәй дайын екен, жүр шәй ішейік. Әлгі көксоққан көзін шел басқан "зыпылдақ"қайнымды шоқ басқандай болып атып шықты дейді келін. Не болды? Аманшылық па әйтеуір? Баласы шаталғалы, жынды адам сияқты еліріп жүр дейді көргендер. Сенен не сұрайды?- деп, аяғын еппен басып, Құлжанға жақындады.

— Еее, кемпір-ай, не сұрасын? Төгілген абыройына араша сұрайды да, сен де сол істе абыройыңды ортаға сал дейді. Басқа не десін? "Көп асқанға - бір тосқан". "Ұры өз малын өзі жейді" деген бар емес пе?Әкесінде сана жоқ, өмірдің көрсеткенінен сабақ алайын демейді, баласына не үйретеді?—деп, орнынан тұрып, шәй ішуге беттеді де: "Еее, Алла!! Арам мен адалдың арасына делдал қылмай, абыроймен ала гөр!.." деп күбірлеп бара жатты...

(әңгімедегі адам аттары өзгертілген, сәйкес келіп жатса, кездейсоқтық деп есептерсіз)

 

М. Кенжебаев. Бейнеу.

 

Пікірлер Кіру