Адамның екі ақылы

21 тамыз 2019 8167 0
Оқу режимі

Университетте тәлім алып жүргенімізде Мысырдан келген доктор Ато Сынбати деген ұстаз дәріс беретін. Ол кісі сабақты қызықты етіп, бізге сұрақ қойып, есте қалатындай қылып өткізетін. Кезекті бір дәрісінде адамның екі ақылы жайлы айтып берген еді:

Адамда екі ақыл болады: бірі әл-ғақлу әл-ғатифи (сезім ақылы), екіншісі әл-ғақлу әт-тахлили (анализ жасайтын ақыл).

Мысалы, біз үйге барып бала-шағамызға Құран үйретейік десек, олар бізді бәрібір «ұстаз» деп емес, «әке» деп қабылдай береді екен. Сондықтан, басқа адамға, ұстазға беруге мәжбүр боламыз. Өздері үйретуі сирек кездеседі.

Яғни, біз оларға мұғалім сияқты ұрсайын десек те, әке деп, ана деп қабылдайтын болып тұр.

Себебі олардың анализ жасайтын емес,сезім ақылдары жұмыс істейді.

Ал, мекемедегі бастық адам қол астындағы адам берілген тапсырмаларды орындамайтын болса бірінші рет ескертсе, екінші ретінде жұмыстан шығарады. Өйткені, бұл жерде сезім емес, анализ жасайтын ақылы жұмыс істейді.

Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с.) да өмірінде осындай  жағдайға кездескен.

Хижраның алтынша жылы  Расулалла (с.ғ.с.) умра жасау ниетімен жанында мыңнан аса сахабасымен Меккеге сапарға шығады.

Мекке мүшриктері Худейбия келісімін жасап, оларды Меккеге кіргізбей қояды. Сол кезде Хазреті Омардың (р.а.) «сезім ақылы» «жұмыс істеп», биылғы жылы умра жасамай қайтпаймыз деп, бұл келісімге риза еместігін білдіреді. Алла елшісін (с.ғ.с.)  ең жақсы көрген жан сезіміне беріліп: «Алла бізге Меккені алатындығымызды сүйіншіледі емес пе?» – дегенде, Алла елшісі (с.ғ.с.): «Иншалла Меккеге кіресіңдер» («Фатх», 27) деген аятты оқып, «иншалла» үкімі орындалатындығын айтып, шатырына кіріп кетеді.

Ертеңінде Расулалла (с.ғ.с.) не істерін білмей тұрғанда, жұбайы Үммү Сәлама (р.а.) анамыздың анализ жасайтын ақылы орынды болып: «Иә, Расулалла! Ешнәрсе демей, есік алдына шығып, құрбандықтарыңызды шалыңыз», – дейді.

Алла елшісі (с.ғ.с.) тура солай жасайды. Сахабалар да солай етіп, құрбандықтарын шалады. Мәселе осылайша шешіледі. Барлығы құрбан шалып, Худайбия келісіміне сәйкес Мәдинаға қайтады.

Үммү Сәлама (р.а.) анамыздың салмақты ақылын тыңдаған Алла елшісі (с.ғ.с.) және сахабалар (р.а.) осы шешім арқылы соңында жеңіске жеткеніне тарих куә.

Жаратқан Иеміз баршамызға әр уақытта салмақты да дұрыс шешім шығаруды нәсіп етсін!

Қуат Қабдолда

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру