АЛЛА ҚҰЛДАРЫНА ӘДІЛЕТТІ

11 мамыр 2023 4453 0
Оқу режимі

(болған оқиға желісімен әңгіме)

Бір тақуа кісіден өзі жақсы танымайтын, бірақ бір жағдайлармен кездесіп, жүзтаныс болған кісі қарыз сұрай берсе керек. Әрбір қарыз сұраған сайын «бүгін кешке қайтарамын» деп алады екен. Алайда, ол кісі уәдесін орындамайды. Тіпті, кешіктіріп қайтаратынын да ескертпейді. Бірақ әрбір апта сайын «сіздің қарызыңызды бүгін кешке қайтарамын, сол қарызбен қосып қайтарайын» деп тағы да қарызға ақша сұрайды екен. Тақуа кісі өзінде соңғы ақшасы қалса да, мұсылман бауырының қолын бос қайтармайды, тіпті, қанша қарыз бергенін де есептемейді екен.

Бұл оқиға жиі қайталана бергесін, оны айналасындағы достары байқап, «оның алаяқ екенін түсінетін кезің болды ғой, қарыз беруіңді тоқтатсаңшы» дейді. Ал ол болса: «Менің және мына бүкіл әлемнің Жаратушысы әділетті екенін білемін. Сондықтан, менің уайымдауыма еш себеп жоқ.  Ешнәрсе кездейсоқ болмайды. Оны менің алдыма Алла жіберді, оның қарыз сұрауын да Алла қалады. Осылайша менің қандай әрекет жасап, қалай қабылдайтынымды сынауда.  Сондықтан оның сұрағанын бермеуге ұяламын. Сондай-ақ, мұсылман бауырым туралы жаман ойлауға да ұяламын. Мүмкін шынымен оның өмірінде үлкен қиындықтар болып, бүгін кешке беремін деп ниеттенген ақшасын Алла басқа да қайырлы орындарға жұмсап жатқан шығар. Мен оның маған қарызымды қайтаруын күтпеймін. Қарызды кешірмесем де, Алла – әделетті. Бәлкім, мен өзім біліп әрі білмей, басқалардың ақысын жеп қойған болармын. Соның өтеуін ақыретке қалдырмай, осы өмірде қайтарып жатқанына разымын» деп жауап береді.

Күндердің күнінде қарыз сұраушы кісіден хабар болмай кетеді. Тақуа кісі оған алаңдап хабарын білу үшін адамдар жібереді. Аман екенінен хабар алғаннан кейін көңілі жайланып, өз тіршілігін жалғастыра береді.

Арада бірнеше жыл өткеннен кейін оның баласы ауырып, емі үшін қомақты қаржы қажет болады.  Осы уақытта көрші елден бұны арнайы іздеп келген екі жігіт баласының еміне қажет болған мөлшерде ақшаны ұсынып «Бұл сенің алашағың. Осыдан бірер апта бұрын әкеміз қайтыс болды. Сізге қарыз екенін айтып, осыны табыстауымызды өсиет етті. Ұзақ уақытқа кешіктіргенім үшін кешірсін, қарызды қайтармауыма үлкен себептер болды  деп қысқа қайырды» дейді екі жігіт.

Осылайша, Алланың әділдігіне шек келтірмеген тақуа кісі өзі мұқтаж шағында байлыққа қол жеткізді.

Көпшілігімізге тағдырды қабылдап, сабарлық таныту, Алланың шексіз құдірет Иесі әрі Әділ екеніне сену жетіспей жатады. Әдетте, Алланың 99 көркем есімін жаттауға талпынып жатамыз. Алайда, сол қасиетті есімдерді білгеннен кейін амал етуді естен шығарып қоямыз. Алланың «Әділ» деген сипатын танып, оны бойымызға сіңіргенімізде біз «қиындық» деп ауырсынып жүрген сынақтардан жеңіл өтуімізге себеп болар еді. 

Ол (Алла) істеген ісінің ақырынан, әлбетте, қорықпайды. (Өйткені Оның істерінде зәредей де әділетсіздік болмайды, әрі Ол бірде-бір ісі үшін жауапқа тартылмайды). («Шәмс», 15)

Алла – үкім етушілердің ең әділі, ең абзалы емес пе? («Тин», 8)

Жанар Ғарифоллақызы

Дереккөз: Muslim.kz порталы

Пікірлер Кіру