Алланы қаншалықты дәрежеде дәріптеп жүрміз?

29 қазан 2018 16312 0
Оқу режимі

«Жеті қабат көк пен жер, сондай-ақ ондағылардың барлығы Алла Тағаланы пәктейді. Оны ұлықтап мадақтамайтын ешнәрсе жоқ. Бірақ сендер олардың дәріптегенін түсіне алмайсыңдар»[1].

Жартушының осы бір сөзі адамды еріксіз ойға жетелейтіні рас. Алла Тағала адамзат баласын жер бетіндегі барлық мақлұқаттың ардақтысы етіп жаратты. Басқа жаратылғандарға берілмеген ақыл мен еркіндік секілді нығмет беріп, адамды жер бетіндегі Өзінің халифасы (орынбасары) етіп тағайындады.

Адамзат баласынан өзге жаратылыстардың да Алла Тағаланы мақтап-мадақтайтыны бар. Жеті қабат көк пен жердегі жаратылыстың Жаратушы Иені мадақтағанындай, біз Оны қаншалықты дәрежеде дәріптеп жүрміз? Ең болмаса дәріптеудің қысқа да нұсқа келетін «Әлхамдулилләһ» сөзін күйбең тірлікте қанша мәрте айтамыз?

Құран аяттарында «Әлхамдулилләһ» сөзі 67 жерде қайталанып келеді екен. Тіпті, Құран кітабымыздың алғашқы сүресі Фатиха да «Әлхамдулилләһмен» басталатынын білеміз. Құрандағы бірнеше мәрте қайталанып келетін осы «Әлхамдулилләһ» сөзі қандай мағына беретініне тоқталып өтсек.

Араб тіліндегі «Әлхамдулилләһның» түбірі «хамд» сөзі – мақтап-мадақтау, жақсылық, мейірімділік пен ізгілік деген мағыналарында келсе, ал терминде «хамд» адам баласы Жаратушыдан басқа ешкімге қолдана алмайтын, барлық мадақ пен дәріптеуді, сүйіспеншілік пен мойынсұнушылықты және шүкір етушілікті жалғыз Аллаға арнайтын ұғымды білдіреді.

«Хамд» сөзі тек Жаратушыға, ризық-несібе мен сансыз нығмет берушіге ғана айтылады. Алла Тағала біздерді өзге жаратылыстардан ерекше сансыз нығметке бөлеген. Айналамыздағы бізге қызмет ететін жартылысқа назар салсақ, тіпті алысқа бармай-ақ, өз-өзімізге жақсылап қарасақ, біз білетін және білмейтін қаншама нығметтерді адам баласына сыйлағанын байқаймыз. Адамзаттың әлсіздігі мен ынсапсыздығын дәлелдейтін Құрандағы «Ибраһим» сүресінің 34-аятында: «Алланың сендерге берген нығметін санасаңдар санына жете алмайсыңдар. Расында, адам баласы өте ынсапсыз, тым аз шүкір етуші», – деген. Бұл жайлы Сади Ширази былай дейді: «Сен біле білсең, әрбір дем алған тынысың үшін Алла Тағалаға екі рет шүкір ету сөзі мойныңа қарыз. Өйткені, сенің әрбір алған демің – өмір, әрбір берген тынысың – өлім екенін, соңында Алланың құзырында саған берілген нығметтің есебін беретініңді ұмытпа», – дейді.

Адам баласына мына алдамшы дүниеде қалай өмір сүрудің, Жаратушы Алланы қалай мадақтап-дәріптеудің, әрі қалай шүкіршілік етіп, құлшылық жасаудың, қала берді 24 сағат ішінде қалай Раббысымен байланысын үзбей қадам басудың жолын көрсетуші Мұхаммед (с.ғ.с) екендігінде еш күмән жоқ.

Айта кететін бір жайт, Пайғамбарымыздың есімі Мұхаммед пен Ахмет сөздері де «Хамд» түбірінен шығып, Мұхаммед – «Мақталған», ал Ахмед – «Өте көп мақтаған» деген мағыналарға келеді. Демек, мақталған пайғамбардан басқа кім Ұлы Раббысын одан көп мадақтай алсын ?! Пайғамбарлар сұлтаны Мұхаммедтің (с.ғ.с) күнделікті бір тәулік бойғы уақытында Алла Тағаланы мақтап-мадақтаудан ешқашан бос қалған емес-ті. Атап айтсақ, ұйқысынан оянған кезінде, намазда тұрғанда, дұға жасағанында, ас ішкенде, сөз сөйлер алдында, түшкірген кезде, өмірдің әрбір сәтінде Құран Кәрімдегі «Қасас» сүресінің 70-аятында: «Дүние мен ақыреттегі барлық мақтау тек Аллаға  лайық» делінгендей, мүбәрәк аузынан «Әлхамдулилләһ» сөзін тастамайтын.

Түннің бір бөлігінде тұрып сәждеден басын көтермей, көз жасын көл қылған Алла елшісінен Айша анамыз (р.а): «Сіздің өткен және келешектегі күнәларыңызды кешіргеніңізді білсеңіз де, неге осынша өзіңізді қинап егіліп жылайсыз?» дегенде, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Уа, Айша! Мен де шүкір етуші құлдардан болайын да. Егер менің білетінімді сендер де білгендеріңде, аз күліп, көп жылар едіңдер»[2], – деген екен. Сонда біздердің мұншама нығметтің ішінде жүріп, шүкіршілік ететін, ұлықтап дәріптейтін құл болуға ықтиярымыз жоқ па?

Ата-бабамыз «айтылған сөз – атылған оқ» демекші, «Әлхамдулилләһ» сөзін тек қызыл тілімізбен емес, ішкі жан дүниемізбен, яғни жүрекпен айтуымыз ләзім. Бұл қасиетті сөзді тиісінше айтып, айтпағаныңызды білуіңіз үшін, өзіңіздің намаз оқып, оқымайтындығыңызға қарап аңғарасыз. Намаз оқығаныңыз – Аллаға шүкіршілік жасағаныңыздың бір нышаны. Алайда, бұл да жеткіліксіз. Оқыған намазыңыз сізді күнәдан, арсыздық пен жамандықтан тыйса, сонда ғана сіз «Әлхамдулилләһ» – «Барлық мақтау мен мадақтау тек Аллаға ғана лайық» деп, Оны өз дәрежесінде дәріптегеніңізді білесіз.

Қазіргі таңда пенденің Алла Тағаланы ұлықтап-дәріптеуге және шүкір етуге тосқауыл болып, жүректі алдайтын дүние-мүлік, мансап, атақ-абырой сынды «өткінші бақыт» өте көп. Бұлардың ішіндегі ең қауіптісі – надандық пен ғапылдық. Надандық – сенім-нанымның не екенін, мұсылман кісінің кім екенін білмегендіктің салдары.  Ал, ғапылдық – өз нәпсі құмарлығының құлақ кесті құлы болғандығының кесірі. Мұндай надандық пен ғапылдықтың нәтижесінен адам баласы Жаратушы Раббысынан ұзақ уақыт бейхабар өмір кешеді. Сондықтан да Алла Тағала Құранның «Сәбә» сүресінің  13-аятында: «Құлдарымнан шүкір етушілер өте аз», – деп, иман келтірген мұсылмандардың басым көпшілігін тым аз шүкір ететінін жеткізеді.

Ислам ғалымдары Алланы өз дәрежесінде мадақтаудың үш сатысы бар дейді. Біріншісі: Берілген барлық ризық-несібенің Алла Тағаладан келгенін біліп, оған иман келтіру. Екінші: Оның берген немесе бермеген нәселеріне ризашылық білдіру. Үшінші: Жаратушы Аллаға қарсы келетін іс-әрекет жасамай, үнемі итағатта болу. Сонымен қоса, адам баласы, берілген нығметке қарсы үш салихалы іс-әрекет жасауы міндетті. Олар – зікір, пікір және шүкір. Зікір дегеніміз – әрбір істі бастамас алдын, Алланың атымен бастау болса, пікір дегеніміз – Алланың берген ризық-несібесіне ризашылықты білдіріп, Оған мойынсұну болып табылады. Ал, шүкір – басталған істің соңына келгенде шүкіршіліктің нышаны «Әлхамдулилләһ» көркем сөзін айтуды білдіреді.    

Сөзімізді түйіндей келе айтарымыз, «Тілде бар да, ділде жоқ» деп Абай атамыз айтқандай, мына жарық дүниеде есепсіз нығметке бөлеген Ұлы Жаратушы Раббымызға мақтау мен дәріптеуді, әуелі, тілімізбен айтып, Аллаға деген  құлшылығымызды  іс-әрекетімізбен көрсетуге тиіспіз. 

Қуат Ерғалиұлы


[1] «Исра сүресі», 44-аят.
[2] Бухари, Қусуф-2

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру