Алланы ұлықтаудың бір түрі

25 қыркүйек 2019 9860 0
Оқу режимі

Ислам діні әрдайым қарттарымызға құрмет көрсетуге шақырады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір сөзінде: «Үлкенге не көрсетсең алдыңнан сол шығады», – деген. Бұл сөз қазақ халқының санасына да осылай сіңген.

Біріккен ұлттар ұйымының шешімі бойынша 1991 жылдан бастап 1-қазан Қазақстанда Халықаралық қарттар күні мерекесі деп аталады.  Халықаралық қарттар күні – әлемдегі барлық қарттарға өте маңызды күн. Бұл күн барлық көркем жастағы ардагерлерге және зейнеткерлерге арналған күн және де бұл күн құрметтеу және мирасқорлықтың символы болып саналады. Қазақстанның өсіп-өркендеуі, Еліміздің бейбіт тыныш өмір кешуі – өз үлестерін қосқан ардақты да аяулы қарттарымыздың арқасы. Қарттар – біздің асыл қазынамыз.

Дінімізде үлкенді құрметтеу – Алланы ұлықтаудың бір түрі есебінде қаралады. Сонымен қатар  қарттарды  қадірлеуі уахимен бекітілген. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Жебірейіл періште маған үлкендерді алға шығар деп бұйырды», – деген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Ақ шашты, ақ сақалды мұсылман қарияны ізет тұту – Алланы ұлықтаудың бір түрі», – деген. Ибн Аббастан (р.а.) жеткен тағы бір хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Береке сендердің үлкендеріңмен бірге», − деген.

Дәстүрлі қазақ қоғамында жасы үлкен адамдарды құрметтеу рәсімі ежелден қалыпты құбылыс. Шетелдік ғалым-саяхатшылары: «Қырғыз-қайсақтарда сұлтан, батырлармен қатар барлық жасы үлкен, қартайған ер азаматтардың бәрі де кім екеніне, қандай тектен шыққанына қарамай, ерекше сый-құрметке бөленеді» деп жазады. Әйгілі Қашаған ақын:

Жетпістен жасы асқанда,
Сексенге аяқ басқанда,
Жастар елеп келмесе,
Келіп сәлем бермесе,
Күнде асыл кисе де,
Қартайғанда ер жетім, – деп қандай керемет айтқан десеңші!

Қазіргі қоғамда қазыналы қарттарымызды сыйламақ былай тұрсын, оларды өз балалары үйге сыйдырмай қарттар үйіне апарып тастауда. Елімізде бұрын қарттар үйі, жетімдер үйі деген ешқашан болмаған. Қазақстанда 50-60 жылдарға дейін қарттар үйі деген мекеме ашылмаған. Алғашқы қарттар үйі қарт кісілерді емдеу орталықтары ретінде ашылды. Міне, бүгінде оларлдың саны 80 жуық, ресми мәлімет бойынша онда 7000 мыңға жуық қарттар өмір сүруде өкінішке орай.

Сондықтан да қарттарымызға құрмет көрсетуіміз керек. Біз ел боламыз десек, Алланың да ризалығын алғымыз келсе үлкендерімізге қамқорлық жасауымыз қажет. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисі шәрифінде: «Алланың разылығы ата-ананың разылығында. Алланың ашуы да ата-ананың ашуында», – деген.

Бізге қартайғанда қандай мәміле жасағанын қаласақ, бізде ата-анамызға сондай мәміле жасауыз ләзім.

Бақытжан Өткелбаев

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру