АЛЛАНЫҢ НЫҒМЕТТЕРІНЕ БАҒЫТТАЙТЫН ТУРА ЖОЛ – ИСЛАМ ДІНІ

20 ақпан 2024 1824 0
Оқу режимі

Ислам діні – Алланың нығметтеріне апарар хақ жол. Құран Кәрім арқылы баяндалатын діннің ең маңызды қағидалары осы ұлы кітаптың кілті болып табылатын «Фатиха» сүресінде ғылыми кіріспе түрінде баяндалған: Мына біздің айналамыздағы әр бір нәрсесі белгілі бір уақыт аралығында, мінсіз жүйемен жаратылып, ақырында жойылып, жоқ болып кететін әлемнің және адамдардың бір ғана жаратушысы бар. Бұл дүние өздігінен пайда болмады. Алланың жаратуымен, оның тәрбиесімен кемелдікке жетті, оның басқаруымен жоқ болады. Ешбір нәрсе Оның мүлкінен тысқары шыға алмайды.

Әлемдердің Раббысы Алла тағаланың көркем есімдері мен сипаттары бар. Алла – «Рахман». Ол өзінің барлық жаратылысын нығметімен алдын ала жарылқайды. Ешбіреуін бөліп-жармайды. Алла тағала - «Рахим». Адамдарға ақыл, ой, ерік беріп, оларды ерікті қылып жаратты. Адамдарға беретін нығметтерін олардың еңбек ету қабілетіне және табыс табуына байланыстырады. Соңында адамдарға өз қалауы мен таңдаулары арқылы жеткен кәміл имандары мен ізгі амалдарына қарай сауап та береді.

Алла тағала - «Мәлики йауми-ддин». Дүние тіршілігінен кейін әжір-сауап пен жаза күні де бар. Ол ақыреттің жалғыз иесі. Ол адамдарды өз істері үшін жауапқа тартады. Амалдары мен игі істері сауапқа лайық пендеге жақсылық бергеніндей, лайықты еместерді де жазаға тартады. Мақтау, мадақ, шүкіршілік тек осы сипаттардың иесі Аллаға тән.

Адамдар бар құрмет пен мадақты тек Аллаға арнауы керек. «Уа, Алла! Біз тек Саған ғана құлшылық етіп, Сенен ғана жәрдем тілейміз» деп, мұны сөзбен де, іспен де әрдайым көрсету керек. Осы асқақ рухтың дәнегі кісінің ар-ұжданына егілген соң, оны үнемі өсіріп, суарып отыру керек. Сосын Алладан мейірімі мен шексіз нығметіне жеткізетін тура жолға салуын сұрау керек.

«Уа, Раббым! Бізді тура жолға сала көр, сенің қаһарыңа ұшырағандардың немесе адасушылардың жолына емес, сенің жарылқауыңа ие болғандардың жолына сала көр», - деген дұғаны үнемі қайталап отыру керек.

 

Пікірлер Кіру